Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Дәлме-дәл егіншілік тәжірибесі Қызылжар өңірінде кең қанат жая бастады

584 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Озық елдердің тәжі­ри­бе­сіне сүйене отырып дәл­ме-дәл егіншіліктің артық­шы­лықтарын кеңінен пайдалану Қазақстан үшін де өте маңызды. Бүгінгідей цифрлы технология­лар дәуірінде бұл саланы жандандыру, тың индустрия ретінде қалыптастыру, сөйтіп агроөнеркәсіп кешенін экономиканың басты локомотивіне, жаңа драйверіне айналдыру мүмкіндіктерін тудыру есебінен әлемдік экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерін өндіру секілді міндеттер тұр. Оның бірден-бір жолы ауылшаруашылық жерлерін талапқа сай игеру болмақ.

Дәлме-дәл егіншілік тәжірибесі Қызылжар өңірінде кең қанат жая бастады

Дәлме-дәл егіншілік техноло­гияларының берері мол екенін солтүстікқазақстандық диқандар да жақсы түсініп, басымдық бере бастады. Бұл орайда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қолдауымен цифрландыру бағдарламасы аясында бірқатар қанатқақты жобалар өндіріске енгізіліп, алғашқы нәтиже күткендегідей болды. Мәселен, былтыр Қызылжар
ауданында орналасқан «Шағала-Агро» ЖШС-нің 153 гектар алқа­бына өміршең тәсілдің элемент­тері қолданылып, гектар сайын 44 центнерден өнім алынды. Та­наптардың шығымдылығы 25 пайызға жоғарылап, әр гектар 15 мың теңге табыс әкелді. Уни­верситет мамандары осы тәжі­рибені «Петерфельд-Агро» шаруашылығында да жүргізіп, әжептәуір пайда алыпты. Осы жоба аясында өткен жылы тәжі­рибе полигоны ретінде «Сол­түс­тік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС таңдап алынған болатын. Аққайың ауданы Шағалалы ауылында жүзеге асырылған бағдарлама алдына 10 мың гектар алқапқа дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданып, шығымдылықты 30 центнерге дейін жеткізу межесі белгіленген-ді. Жуырда осы елді мекенде «Дала күні» өтіп, оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев, аудан әкімдері, ірі агроқұрылым жетекшілері, ведомство басшылары қатысты. Келелі кеңесте ғылыми баяндама­лар жасалып, жиналғандар 2700 гектар жерге жаздық бидай, арпа, соя, жүгері да­қыл­дарының дәні сіңіріліп, жай­қала өсіп тұрған ел ризығының өсі­рі­лу ерекшеліктерімен таныс­ты.

«Қазақстанның баға жетпес байлығы – жерді тиімді игеруге байланысты Үкімет арнайы тапсырыс беріп, цифрландыруға ерекше екпін түсіріп отыр. Оның мәні мынада. АҚШ, Германия, Франция сияқты іргелі мемлекеттер осы әдіс арқылы астық шы­ғым­дылығын 30 пайызға ұлғай­тып, тыңайтқыштар шығынын да осы шамада кеміте алды. Қазақ­станның да әлеуеті зор. Мәселен, ғарыш саласы жақсы дамыған. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібермеуміз керек. Бұл орайда ауыл шаруашылығы саласындағы толғақты проблемаларды шешу мақсатымен біздің университеттің базасында геоақпараттық жүйе технологиясы орталығы құрылып, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың негізгі ғылыми-әдістемелік орталығына айналғанын атап өткім келеді, дей келіп, Ақылбек Қажығұлұлы IT-технология жайлы жан-жақты әңгімеледі. Еңселі оқу орны екі жылдан бері астықты аймақтарда егін жинаудың ғарыштық мониторингі бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаушы ретінде белсене қатысып келеді. Бірнеше аудандардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарын цифрлы форматқа көшіріп, ғарыш арқылы жерді пайдалану үдерісін бақылау мүмкіндігіне қол жеткізген. Бірқатар шаруашылықта электронды топырақ карталары, агрохимиялық картограммалар жасалған. Дрон арқылы бақылау жүйесі, тыңайтқыштарды қолдану желісі енгізіліп, мамандар арнайы даярлық курстарынан өткен. Технология дұрыс қолданылған жағдайда жанармай шығынын – 9, минералдық тыңайтқыштар шығынын 27 пайызға азайтуға болатын көрінеді. Астаналық ғалымдардың көмегімен өңірдегі 118 шаруашылықтың 2 млн гектар егістігі жаңа жүйеге көшірілген. Әуеге көтерілетін дрон – диқандардың таптырмас көмекші құралы. Оның көмегімен қай танапқа қандай дақыл егілетінін, қай учаскеде арамшөп шыққанын, қай жерде өсімдік ауруларына шалдыққанын айна-қатесіз білуге болады. Болашақ өнім мөлшерін де болжай алады. Метеостансалардың да рөлі зор. Мамандар мен сарапшылар агрохимиялық және топырақ карталарын жасау туралы құнды мәліметтер берді. Бәрінің ой-пікірлері егістік алқаптарының әр гектарын зерттеп, топырақ жайын білмейінше өнім көлемін арттыру қиын деген арнада тоғысты. Кей шаруашылық жетекшілері топырақ тыңайтуда, зиянкестермен күресте әлі де тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті қажетсіз қолдана береді екен. Ненің жетіспейтіні есепке алына бермейді. Дәлме-дәл егіншілікке жер ерекшеліктері мен аумағымен қоса ғылыми көзқарас, білімділік, біліктік, кәсіби мамандар әзірлеу секілді факторлар айтарлықтай ықпал етеді. Кейбіреулер бірден мол өнім жинау мақсатымен асы­ғыстыққа бой алдырып жатады.

– 2022 жылға таман еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге дейін арттыру міндеті тұр. Алдағы үш жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 100 млрд теңге қарастырылады. Еліміз бойынша агроөнеркәсіп саласына құйылған жалпы инвестицияның төрттен бір бөлігі біздің облысқа тиесілі. Былтыр бұл салаға 82,9 млрд қаражат тартылды. Биыл 4,2 млн гектар алқапқа ырыс дәні сіңірілді. Оның 2,8 млн гектары – бидай, 970 мың гектары – майлы дақылдар. 20 мың гектар алқапқа алғаш рет соя себілді. Инвестиция мөлшері 50 млрд теңгеге жетті. 843 жаңа техника сатып алынды. Дәлме-дәл егіншілік бағытында әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Теріскейдің топырағы құнарлы, бонитеті жоғары болғанымен, өнімділікті 15-16 центнерден асыра алмайтын серіктестіктер жоқ емес. 120 шаруашылық цифрлы технологияны пайдаланады. Бұл аздық етеді. Келесі жылдан бас­тап аудандар көшу керек, – деді қорытынды сөзінде Қ.Ақсақалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы