Іс-шараға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов Назарбаев Университет студенттері мен ұжымын айтулы шараны ұйымдастырып отырғанымен құттықтай келіп, Қазақстанда жас көшбасшылар үшін үлкен мүмкіндіктердің туып отырғанын жеткізді.
«Нұр-Сұлтан – жаңадан салынған жас қала. 90-жылдары елдегі дағдарысқа қарамастан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірді. Бұл қиын әрі күрделі өзгеріс болатын. Алайда арада 20 жыл өткенде қаламыз күн санап өсіп келе жатқан ірі мегаполиске айналды. Қазір қалаға шетелден миллиардтаған инвестиция ағылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар күн санап салынып жатыр. Өзгерістің үлкені осы емес пе?!», деген қала әкімі мыңжылдықтардағы көшпенді тарихымыздың елордада көрініс тапқанын тілге тиек етіп, шетелдік қонақтарды қаланы тамашалауға шақырды.
Қаланың ғана емес, жалпы Қазақстанның үлкен өзгерістерге ұмтылған жасампаз ел екенін айтқан қала әкімі елде әлеуметтік өсу мен меритократияға теңдессіз жол ашылғанын жеткізді. «Мысалы, Тұңғыш Президент ашқан «Болашақ» білім беру стипендиясы Қазақстандағы кез келген білімді және еңбекқұмар жастың әлемдегі ең үздік университеттерде білім алуына мүмкіндік береді. Стипендияның әсіресе, ауыл жастарына бағытталғанын ескерсек, бұл өзгеріске ұмтылу емей немене?», деген А.Көлгінов Назарбаев Университеттің де қазақ жастарына әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибе ұсынып отырғанын жеткізді.
А.Көлгінов кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге арнайы ашылған түрлі бағдарлама мен гранттың да Қазақстанда талапты жасқа жағдай жасалғанының белгісі екенін айтты.
Сонымен қатар ЭКСПО-2017, Астана экономикалық форумы секілді ірі халықаралық шаралардың да жастарды қанаттандыратынын мәлімдеді. Ал Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен ашылғалы жатқан 300 адамдық президенттік кадрлық резервтің де елді үлкен өзгерістерге жетелейтінін жеткізді.
Қала әкімінің айтуынша, Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы да жаңа буынның болашаққа деген сенімін арттыра түсетіні сөзсіз.
Жыл сайын Азия мен Тынық мұхиты елдерінің әр қаласында өткізілетін шараға биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ден астам делегат жиналды. Олардың арасында халықаралық компания басшылары, қоғам қайраткерлері, соның ішінде UNICEF Корея докторы Сонг Сан Хён, Үндістанның бұрынғы сыртқы істер министрі Нирупама Рао, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка нарықтары бойынша Standard Chartered Bank бұрынғы басшысы Дэниэл Ацци, бейбітшілік үшін Нобель сыйлығы иегері Рае Квон Чунг, дүниежүзілік McKinsey институтының директоры Джонатан Вотцель, World Bank Group техникалық директоры Лесли Го секілді танымал тұлғалар бар.