15 Қаңтар, 2013

Қызмет этикасы да ар өлшемімен өлшенеді

455 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қызмет этикасы да ар өлшемімен өлшенеді

Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:25

Ежелгі үнді даналығынан: «Е, Жаратқан Ием, өзім атқара алатын, қолымнан келетін іс бер, қолымнан келетін іс пен қо­лым­­­нан келмейтін істі ажырата алатын ақыл бер, қолымнан келмей­­­­тін істен бас тарта алатын ерік-жігер, қуат бер» деп жазылған. Көңілге түйіп ұстайтын қанатты сөзді оқып терең ойға қалдым. Дәл біздерге, мемлекеттік қыз­­­меткерлерге арнап айтылғандай.

 

Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:25

Ежелгі үнді даналығынан: «Е, Жаратқан Ием, өзім атқара алатын, қолымнан келетін іс бер, қолымнан келетін іс пен қо­лым­­­нан келмейтін істі ажырата алатын ақыл бер, қолымнан келмей­­­­тін істен бас тарта алатын ерік-жігер, қуат бер» деп жазылған. Көңілге түйіп ұстайтын қанатты сөзді оқып терең ойға қалдым. Дәл біздерге, мемлекеттік қыз­­­меткерлерге арнап айтылғандай.

Мемлекеттік қызмет істеу – бұл күнде үлкен мәртебе. Ха­­­лық­пен қоян-қолтық араласып, өмір­ді, оның мәнін көпшіліктің өзде­рінен ұғынасың. Жаман мен жақ­сыны, адалдықты, оның қадір-қасиетін жан-жүрегіңмен сезіне­­­сің. Көкірегіңе тоқи білсең, үлкен мектеп!

Мемлекеттік қызмет, оның этикасы туралы «Ар-Намыс» ко­дексінде жақсы айтылған. Бірақ өмірдің өзі еш бір заңға «сыймайтыны» тәрізді мемлекет қыз­мет этикасында да қағазға қон­дыруға көнбейтін, әрбір адам өзінің ар-ұятына қарай жеке-дара шешім қабылдайтын тұстары бар. Білім деңгейі сияқты сана биіктігі, ар-ождан өлшемі ғана жауап бере алады оған. Тектілік пен кісіліктің ауылына жақын қонатын, мемлекеттік қызмет этикасының өлшемі бола алатын, адамның кесек ісі арқылы бай­қалатын осындай асыл қасиеттер көп мемлекеттік қызметкерлердің бойынан жиі байқала бермейді.

Мемлекеттік қызмет неғұр­лым жоғары болған сайын патша тағы сияқты соғұрлым тәтті бола тү­­се­тіні күмәнсіз. Ондай жаныңа қуат, өзіңе абырой әкелетін ләз­зат­тан өз еркіңмен бас тарту үшін бойыңда жоғарыдағы үнді нақылында айтылғандай Жарат­қан Иеміз берген ерекше ерік-жі­гер, қуат болу керек. Ол, әрине, әр­­кімнің бойынан табыла бермейді.

Балатопар ауылында Бидайбек Үсенов деген кісі ауылдық округ әкімі болып қызмет істеді. Бірде, зейнет жасына келген ау­дандық әлеуметтік қамсыз­дан­ды­ру бөлімінің бастығы аудан әкі­міне және бір-екі жыл қызмет ете тұрайын деп өтінішпен кіріп шыққандығын айтқанда:

– Жан-жағыңызға қарамайсыз ба? Өзіңіз қатарлы талай адам алпысқа толмай жатып о дүние­­лік болып кетті. Құдай сізге ден­­саулық берген екен. Тоба деңіз. Қызметті жастарға босатып бері­ңіз де, өзіңіз басқа шаруамен айналысыңыз, – деді. Бәріміз не айтарымызды білмей абдырап қалдық. Әлгі кісі: «Өзің де зейнет жасына тақап қалдың. Көрерміз сонда», – деп күмілжіген еді.

– Мен зейнет жасына толсам, кресломда бір күн тұрмақ бір сағат та отырмаймын. Және кей­бір бұрындары қызмет істеген қариялар тәрізді әр нәрсе сұрап, кеңселерге кіре бермеймін, – деді тағы да Б.Үсенов.

Кейін Бидайбек аға осы уәде­­сінде тұрды. Зейнетақысын алуға келгенде ғана әкімдікке кіріп, аман­дасып шығады. Осындай мі­незі үшін Б.Үсеновті бүкіл мем­лекеттік қызметкерлер құр­мет тұтты.

Қызмет этикасы адамның бо­­йына алған терең білім және жылдар бойы өзін өзі тәрбиелеу арқылы қалыптасады. Алдыңа келген адамдарды кішіпейілді­лік­пен қабылдап қана қоймай, оларды сабырлылықпен тыңдап, қо­лыңнан келгенше жәрдемдесу, тіпті, келген шаруасы шешілме­ген жағдайдың өзінде сөзбен болса да қолдау көрсетіп, еңсесін көтеріп жіберу әрбір мемлекеттік қызметкер үшін парыз болуы шарт.

Қызметке келу бар да, уақы­ты, жасы келгенде абыроймен кету бар. Міне, осы жағынан келгенде аздап мүдіріп қалатыны­мыз бар.

Қарға тамырлы қазақпыз. Қызмет барысында талай адамдармен дастарқандас боламыз. Аттың үстінде отырған адамдармен тіл табысуға ұмтылаты­­ны­­мыз да заңдылық. Көбінесе көңі­лін тауып, бәйгелі болып қала­тынымыз да рас. Жалпы алғанда, ақкөңіл, ақжарқын әрі дархан халықпыз. Мұны жекжат-жұрат, туған-туыс болмасақ та жақын араласып кететін кездеріміз де аз болмайтындығын айту үшін жазып отырмын.

Қызметтің де адамдарды бір-бірімен жақындастыратын, бірге туған бауырлардай араластыратын жақсы жақтары бар. Мұны тамыр-таныстық десек те, сыбай­лас­тыққа жатқызуға болмайды. Міне, осындай қазақы мінезіміз, көңілжықпастығымыз мемлекет­тік қызметте де анық байқалады.

Бірде республикалық «Время» газетінде Алматы облысы бойынша зейнетке шықса да қызмет істеп жүрген бірнеше адамның есімдері аталды. Оны біреулер құп­тады, енді біреулері мүлде жақ­­тырған жоқ. Ал зейнетке шық­­­­са да қызмет істеп жүрген бір-екі адам авторға қатты рен­жіді. «Осылардың шаруасы не екен? Денсаулығымыз жарап тұр, мол тәжірибеміз бар. Жұмысты білеміз. Дәл біз сияқты осы жұ­мысты алып жүре алатын жастар бар ма екен?» деп күңкілдесті. Биік лауазымдарынан айырыл­ғы­сы келмеген сыңай танытты. Осылай пікір айтқан бір ағамыз екі ай өтпей жатып-ақ жүрегінен инфаркт алып құлады. Ота жасатып, аман қалды.

Дегенмен, алпыс үш жас оңай емес. Ақырын талдау жасап қара­саң, Бидайбек ағам айтқандай, пайғамбар жасына жетер-жетпес­тен біраз адамдар о дүниеге сапар шегіп кетеді екен.

Денсаулық болса 60-65 жас дегенің де түк емес тәрізді. Жалпы, ұзақ жасауға бейім адамдар бұл күнде қоғамымыздың әр түрлі саласынан да кездеседі. Әлі денсаулығым көтереді деп, зейнетке шықса да бірінші басшы­лықтан айырылғысы келмеу біреу­лер үшін дұрыс та шығар. Бірақ, мемлекеттік қызмет этикасына қаншалықты сыяды?.. Оны ешкім де дәл кесіп айта алмайды. Бұл да моральдік кодекспен бел­гі­ленбейтін, әрбір адамның жеке ұстаным, көзқарасымен өлшене­тін нәрсе.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зарбаев жастарға қолдау көр­се­ту туралы жиі айтады. Мемле­кетіміздің болашағы бүгінгі жас­тардың қолында екендігін, оларға сенім арту қажеттігін алқалы жиындарда да қадап-қадап айтып жүр. Жастар туралы заңның іс жүзіне асырылмай жатқандығына ренжігенін де естідік.

Жастар саясаты туралы сөз қозғағанда кадр мәселесін айтпай және өте алмаймыз. Бұл екеуі – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Бұдан зейнет жасына жет­тің болды, одан әрі қызмет істеме деген ой тумауы керек. Ол – әркімнің құқы. Бірақ, мемлекеті­міздің дамуына әр буын өз үлесін қосуына барынша жағдай жасау да мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі. Осылай қолайлы ахуал қалыптастыра алғанымыз­да ғана қоғамымыз қарышты қадаммен ілгері дами алады.

Марқұм Омар Әпекұлы бірде: «Ойпыр-ай, біз қызметтен кетсек, кейінгі жастар қалай жұмыс істер екен? Оларда мүлде жауапкер­шілік жоқ тәрізді», деп ренжіп отыр екен. Іздеген мамандары орындарында болмағанына қын­жылған секілді. «Омеке, ренжіме, олар бізден де жақсы жұмыс істейтін болады. Біз сияқты орнында тапжылмай отыра бергеннен жұмыс ілгері басып кетпейді. Олар біздің бір апта істейтін жұмысымызды бірер сағатта-ақ жасап тастайды. Жұмысты ұтым­ды ұйымдастырудың басқа жолдарын қарастырады. Олар өте жаңашыл ғой», – деген едім, «Шынында да солай шығар», – деп ойланып қалған.

Бір ағам ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Мамандығы – зоотехник. Совхоз директоры да болды. Шаруа­шы­­лықтар тарағанда аудандық орман шаруашылығының бастығы болып орналасты. Облысқа дейін көтерілді. Әрине, іскер адам. Об­­­лыстың бірінші басшысына да сөзін өткізе алады. Істің жөнін де біледі. Бірақ облыста орман ша­руашылы­ғын басқара­тын жасы­рақ мамандар жоқ деп, әрине, ешкім де айта алмайды.

Ұзақ жылдар партия, сонан кейін мемлекеттік қызметте істе­ген, зейнетке шығар алдында об­лыстық білім басқармасын бас­қарған бір ағамыз педагогикалық колледждің директоры болды. Өмір-бақи педагог болса бір сәрі. Шашын мемлекеттік қызметпен ағартқан адам, бәлкім, жақсы педагог та шығар. Бірақ бір жолы колледжге барғанда кейбір мұға­лім­дердің: «Егер шын осы сала­ның дара тұлғасы болса неге ол қарапайым мұғалім болып қыз­мет істемейді?» деп сыртынан күң­кілдеп отырғандарын өз құла­ғыммен естігенім бар. Қарапа­йым­сыз ұлылық болмайды…

Бұл жерде айтпағым, осы тақылеттес мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни, өңірде зейнетке шықса да қызмет істеп жүрген басқа да адамдар жоқ емес. Осындай үрдіс қоғамы­мыз­дың жетістігі ме, жоқ әлде кем­шілігі ме, кесіп айту қиын. Менің ойымша, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен басқа мемле­кеттік қызметкерлер зейнет жасына жеткеннен кейін бірінші басшылық қызметті өздерінен кейінгі толқынға өткізіп берулері керек. Сайланбалы орган болса бір сәрі. Тағайындалатын қыз­мет­керлердің мәдени этикасы әр­кімнен осыны талап етуге тиісті.

Тек астыңдағы тағыңмен емес, кесек мінезіңмен де басқа­ларға сүйкімді бола біл­генге не жетсін.

Мойындауымыз керек, мемле­кеттік қызмет этикасы қоғамы­мызда әлі толық қалыптасып үл­герген жоқ. Жасына қарай өз орнын ажырата білуге де білім, санамен қоса айырықша ерік-жігер керек. Мәселен, дарынды хирург бас дәрігер болғаннан да өз ма­мандығы бойынша халыққа көбі­рек пайда келтіреді. Шебер сәу­лет­ші өз саласы бойынша шығар­машылық ізденіс арқылы керемет туындылар жасай алады. Сол сияқты талантты педагог та қа­ра­пайым ұстаз ретінде шәкірт­те­­рі­нің есінде мәңгі қалады. Оны мың жылда бір туар атақты бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби өмірі мен шығармаларын оқығаннан ке­­йін айтып отырмыз. Адамзат­тың екін­­ші Аристотелі атанған да­на тұлға ұлы шығармаларын бақ күтушісі болып жүріп жазған екен.

Ұлы орыс ақыны Н.Некрасов «Ақын болу міндетті емес, Аза­мат болу – парызың!» деп айт­қандай, қандай қызметте, қан­дай ортада болсын адамдық, кісі­лік келбетімізден ешқашан айны­масақ екен!.. Адамның абыр­ойы­ның алдында, біле білсек, биік лауазым ғана емес, патша тағы­ның өзі түкке тұрмайды.

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.

Алматы облысы.