Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

«Ботай» музей-қорығының құрылғанына бір жыл толды

1320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының құрылғанына бір жыл толуына орай «Ботай – солтүстік даланың қазынасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Ботай» музей-қорығының құрылғанына бір жыл толды

Осыдан бір жыл бұрын  Үкіметтің қаулысымен  «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Адамдардың ежелгі тұрағы отырықшылық тұрмыс салтымен ерекшеленеді. Жартылай жер үстіне тұрғызылған үйлер ағаштан, саз балшықтан, жылқы сүйегінен, қайыңның қабығынан және шымнан салынған. Олардың пішіні көпбұрышты, ал төбелері күмбез тәрізді болған. Ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыстан жасалған құрал-саймандар мен әртүрлі заттарды пайдаланған.  Алғаш рет жылқы түлегін қолға үйретіп, қымыз ашытқан. 15 гектар жерді алып жатқан «Ботай» қонысынан 158 баспананың орнын  белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы  Виктор Зайберт жетекшілік еткен экспедиция тауып, төрткүл дүниеге танытқан.

«Ботай» музей-қорығының алдағы жоспарлары мен туристік саланың дамуына қосатын үлесін талқылауға арналған жиынды Айыртау ауданының  әкімі Бейбіт Исманов кіріспе сөзбен ашты. Виктор Зайберт, Мәдениет және өнер істері департаменті тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысы Азамат Жолаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышев, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов, тағы басқалары  ежелгі Ботай мәдениетінің маңыздылығын, қазақ халқының тарихы тереңде жатқанын айрықша атап өтті.  Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанына нақты мысалдар келтірді.

В. Зайберттің «Ботай мәдениетінің сакралды контекстері» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Уәлихан Құлбаев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы есеп берді.

Мұражай-қорығының мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін  ғылыми-қор жұмысы және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Сабина Әмірова, ғылыми-қор жұмысы және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің экскурсия жүргізушісі Өмірсерік Ерғалиев, нысандарды қорғау және пайдалану бөлімінің қыз еткері Владимир Матюшина Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Пленарлық мәжілістен кейін дөңгелек үстелге қатысушылар  Никольское ауылы жанындағы «Ботай» археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысып, көрмені тамашалады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы