Бұдан басқа қолөнер жәрмеңкесі, карнавалды шеру, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бал қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, қысырақ қымыз секілді ұлттық сусынның түрлерін сатып алушылар көп болды.
Фестивальді ұйымдастырушылардың бірі Ерлік Мұхамеджановтың айтуынша, игі шара қазақ үшін ерекше қасиетті түлік саналатын, ішсе-сусын, мінсе-көлік, жесе-тағам жылқының пайдасын насихаттауды діттейді . Қамбар атаның осыдан бес мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстанда орналасқан Ботай қонысында алғаш қолға үйретілгендігі ғылыми түрде дәлелденген.
Тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысқан сәйгүліктер шеру көшін бастап,олардың артынан велоошабандоздар мен «Құлагер» хоккей клубының ойыншылары еріп жүрді. Мерекеге жиналған жұртшылық спорттық ойындарға қатысып, күштерін, ептіліктерін сынай алды.
«Жастардың белсене қатысуымен өтен фестиваль маған өте ұнады. Көңіл күйім керемет. Өз әдет-ғұрыптарыңыз пен ұлттық құндылықтарыңызды дәріптеп жатқандарыңыз қуантады. Ұсынылған ұлттық тағамдар мен қымыздың дәмі тіл үйіреді», дейді Саха елінен арнайы келген мейман Константин Степанов.
Фестиваль соңында лототронның көмегімен лотерея ойнатылды. Басты ұтысқа тігілген жылқы Петропавл қаласының тұрғыны Қаратай Біржанұлына бұйырды.
Қолөнершілер, аспаздар сайысының жеңімпаздары да марапаттарға ие болды.
Солтүстік Қазақстан облысы