Қазақстан бастамасы – ядролық қарусыз әлем құру
Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:05
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті «Қазақстан көшбасшысы – ядролық қарусыз әлем жаһандық саясатының көшбасшысы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқыды.
Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:05
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті «Қазақстан көшбасшысы – ядролық қарусыз әлем жаһандық саясатының көшбасшысы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқыды.
– Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтымыздың болашағын жан-жақты ойластыра келіп, өз Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонын жапты, – деді өз сөзінде Айтқазы Шерубаев, – Сөйтіп, дүние жүзі халықтарының бейбіт өмір сүруін көздейтін «Ядролық қарусыз әлем» ісіне теңдесі жоқ үлес қосылды. Вашингтонда 2010 жылдың сәуіріндегі Жаһандық саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі бастамамен шығып, оның Таяу Шығыста да қажеттілігін мәселе етіп көтерді.
Осының барлығынан ядролық саясатқа қатысты еліміздің ұстанымы айқын көрінеді. Дегенмен, ядролық сынақ полигоны Семей өңірінің экологиясы мен экономикасына, тұрғындарының денсаулығына зардабы ұзаққа созылатын орасан зор зиян келтірді. Оны қалпына келтіру – салиқалы шешімдер мен қаржыны талап ететін үлкен іс. Сондықтан экология мен тұрғындардың денсаулығын оңалту проблемасын шешуде мемлекеттік мекемелермен қоса, қоғамдық ұйымдардың да рөлі зор. Бұған «Қазақстан көшбасшысы – ядролық қарусыз әлем жаһандық саясатының көшбасшысы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы дәлел бола алады.
Қазақстан халқының жанына жара салған атомды өшіруде Елбасының еңбегі өлшеусіз. Мұндай тарихи теңдесі жоқ қадамға бару әлем алдында ел абыройын асқақтатып, өнеге болғандығы сөзсіз. Әсіресе, сынақтың тікелей зардабын көрген Семей жұртшылығы ел Президентінің бұл қадамын ерекше құрмет тұтады. Конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев былай деп өз ойын салмақтады:
–Бүгінде еліміздің ядролық саясатқа қатысты ұстанған бағыты айқын. Оны осы конференция барысынан да байқап отырмыз. Семей жерінде жылдар бойы сыналған атом үні біртіндеп алыстап барады. Енді ядролық қарусыз ел атанған Қазақстан Елбасының бастамасымен барша әлемді осыған үндейді. Біздің Президентіміз елін, болашақты, бейбітшіл халық екендігімізді ойлап, бүкіл әлемге біздің ядролық қарудан құтылғанымызды жария етті, – деді.
Сонымен қатар, осы конференция барысында халықаралық «АТОМ» жобасының маңыздылығы талқыланып, келген қонақтар осы бағытта да өз пікірлерін білдіріп, қолдау көрсетіп жатты. Солардың бірі медицина ғылымдарының кандидаты Советқазы Ибраев сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі өңірде жүргізіліп жатқан оңалту жұмыстары орасан екендігін және экономикалық, экологиялық халық денсаулығына қатысты жан-жақты жобалардың игілігін халық көруде деп атап айтты. Соғыстан ешкім де ұтпайды. Ал атомның күш-қуатын экономикаға әрі бейбіт өмірге бағыттасақ, одан адамзат баласының ұтары көп, деді ол өз сөзінде.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға шетелдік ғалымдар да онлайн режімде қатысып отырды. Жиында халықаралық «АТОМ» жобасының маңыздылығы талқыланып, студент жастар мен оқытушылар ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «АТОМ» жобасын қолдап, онлайн-петицияға қол қойды. Петицияға қол қойғандардың бірі – Мақсат Кәріпбаев:
– Әр адам өзі ниетін білдіріп, еркін түрде келіп петицияға қол қойып жатыр. Яғни бұл әр адамның бұл петицияға қатысуы елінің болашағы үшін маңызды, – деп өз пікірін ортаға салды.
Ядролық сынаққа әлем бойынша толық тыйым салуға қол жеткізуді көздеген «АТОМ» жобасы былтырғы жылдың 29 тамызында бастау алған болатын. Семейліктер оған осы күнге дейін 11 183 қол жинаған. Жобаның мақсаты ядролық қаруды сынауға толық тыйым салуға қол жеткізу үшін жаһандық қоғамдық күштерді біріктіру болып табылады. Бұл жоба негізінен ядролық сынақтарға үзілді-кесілді тыйым салуды, кейін келе толықтай жоюды қарастыратын жаһандық тетік ретінде бағалануда. «АТОМ» жобасы жаһандық ядролық қарусыздану мақсатына қол жеткізуді көздеу дәстүрін жалғастырып келе жатқан Президент Н.Ә.Назарбаевтың жаңа бастамасы болып табылатындығы және оның қазіргі уақытта маңыздылығы кеңінен айтылды.
Конференцияда сондай-ақ университет тарихына арналған мәдени-рухани мұражай ашылды. Мұражайдың лентасын Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев қиды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.