Руханият • 20 Тамыз, 2019

Рухани жаңғыру: «Жібек Жолы – диалог жолы» халықаралық экспедициясы басталды

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Жібек Жолы – диалог жолы» атты халықаралық экспедиция басталды. Экспедицияны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастыруда. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.  

Рухани жаңғыру: «Жібек Жолы – диалог жолы» халықаралық экспедициясы басталды

Экспедицияның басталуына орай, бүгін Visit Almaty туристік ақпараттық орталығының баспасөз орталығында баспасөз конференциясы өтті. Жиында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маркетинг, цифрландыру және байланыс бөлімінің менеджері Д. Тегенбаев, экспедиция жетекшісі Ә. Ахмеджанов, жолнұсқаушы  Б. Ізмағамбетов және «QazaqGeography» РҚБ баспасөз қызметінің қызметкері А. Жұматаева спикер болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — экспедиция кезінде туристік нысандарды тізбектеу, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу және жаңа трансшекаралық бағыттарды құру арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін дамыту. Шетелдік қонақтар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тарихымен танысуға және осы аумақта өмір сүрген байырғы халықтар мәдениетін тамашалауға қызығушылық танытады.

Аталмыш экспедиция ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның мәдени-географиялық объектілерінің туристік әлеуетін пайдалану міндетін толық жүзеге асырылуына едәуір үлес қосатындығын атап өткен жөн.

Баспасөз конференциясынан кейін кәсіпқойлар тобы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бағытынан тұратын он үш күндік экспедицияға аттанды. Экспедиция құрамында білікті журналисттер, фотографтар, телеарналардың түсірілім тобы, туристік блогерлер мен туроператорлар бар. Сапардың нәтижесі бойынша еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Болашақта бұл ақпарат көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің және отандық туркомпанияларға берілетін болады.

Экспедиция құрамы келесі бағыт бойынша жүріп өтпек: Алматы қ. – ҮАК – Есік аңғары – Шарын шатқалы – Көлсай – Қаракөл – Каджи-Сай – Токмок – Суусамыр – Талас – Тараз – Ақмешіт үңгірі – Сауран – Түркістан – Арыстан-баб – Отырар – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Қазығұрт – Мерке – Таңбалы – Алматы қ.

Қатысушылардың ерекше саяхаты Алматы облысының көрнекі жерлерінен басталады: Үлкен Алматы көлі (БАО), «Медеу», «Шымбұлақ», Шарын шатқалдары. Одан әрі «Тянь-Шаньның көк маржаны» аталып кеткен Көлсай көлдеріне қарай жол тартады. Үшінші күні Қырғызстан шекарасынан асу жоспарланған. Үш күн бойы қатысушылар Ыстықкөлдің әкімшілік орталығын және Қаракөл қаласын, Жеті-Оғыз шатқалын, Теріскей Ала-Тоо жотасының солтүстік баурайында орналасқан Барскоон шатқалын аралайды.

Әрі қарай қатысушылар Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын біріктірген Ежелгі Таразға табан тірейді. Мұнда олар көптеген тарихи ескерткіштермен танысады: Қарахан кесенесі, ежелгі сәулеттің нағыз жауһарлары — Бабажи-хатун мен Айша бибі кесенелері, Ақыртас және ежелгі Тараз археологиялық кешені, т.б. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы археологиялық ескерткіш, ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Отырар қалашығына барады. Одан әрі қатысушылар көршілес Өзбекстанның ерекше жерлерін аралап өтпекші. Жоспар бойынша, жоба 1-қыркүйекте Алматы қаласында аяқталады.