Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Қостанай мен шекаралас Челябі облыстарының жастары кездесті

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайға көрші Ресейдің Челябі облысынан келген қонақтармен Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Мәдениет жарастығы» атты кездесу өтті. Ол орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің туғанына 220 жыл толуына арналды.

Қостанай мен шекаралас Челябі облыстарының жастары кездесті

Бұл шараға екі елдің шекаралас облыстары ынтымақтастығы аясында Қостанай және Челябі жастарының көшбасшылары мен ұлттық-мәдени бірлестіктер жетекшілері және үкіметтік емес ұйымдар белсенділері қатысты. Челябі облыстық Достық үйі директоры Юлия Лапидус өткізіліп отырған шараның басты міндеті жастар ұйымдары белсенділерінің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсету екенін айтты.

«Екі шекаралас облыстардың «Достық үйлері» 2013 жылдан бастап тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Басты тақырыбымыз, әрине достық, жастар арасындағы ынтымақты насихаттау, жастардың арасындағы байланыстарды нығайту болып табылады. Бұрынырақ екі облыс филармонияларындағы оркестерлерді, шығармашылық жастарды кездестірдік. Бұл жолы әлемдік мұра Пушикиннің туғанына 220 жыл толуын шекаралас жастар кездесуінің басты тақырыбына айналдырдық. «Вымысел» театрының әртістері келіп, Пушкин шығармаларын оқыды. Осы арқылы шығармашылық жастар бір-бірімен араласады, тәжірибелерін үйренеді. Ал біз Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған челленджге қатысып жатырмыз», деді Юлия Александровна.

«Біздің байланысымыз жыл сайын, ай сайын жақсы істермен нығайып келеді. Екі жақтағы жақсы істерді алмасамыз. Жақында ғана Челябі облысында өткен «Туған жер» фестиваліне қатысып қайттық. Біздегі шараларға олар келіп қатысады. «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» деген ғой», дейді Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшысы Бибігүл Аққожина.

 

ҚОСТАНАЙ