Қоғам • 21 Тамыз, 2019

Бас басылым. Мемлекеттік тілдің мерейін асырған мақалалар

1127 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Редакциядан: Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасы аймақтар арасында алғашқы болып «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай «Тіл тарихы: 100 жылдық жылнама» деген атаумен публицистикалық шығармаларға байқау жариялаған болатын. Байқауда 6 қатысушының шығармасы топ жарып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осы байқауда жүлделі 1-орын алған журналист Болат Мәжиттің мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бас басылым. Мемлекеттік тілдің мерейін асырған мақалалар

Баспасөздің міндеті көп. Қоғамдық танымды қалып­тастырады, талғамды өсіреді. Сондықтан газетті өмір айна­сына теңейміз. Десек те, осылардың ішінен абыздай дараланған, салмағымен сараланған бірегейі бар. Ол – «Egemen Qazaqstan»!

Көне басылым жүз жасаған ғұ­мырын­да не көрмеді?! Басы­нан не өткізбеді?! Алма­ға­йып кезеңдердің өтінде тұрды. Алайда қайыспады. Өмір талқысында шар­болаттай шың­дал­ды. Ойының кең­­дігімен, сөзі­нің өткірлігімен елдік мін­­­­­­берге айналды. Өйткені «Егемен Қа­зақстан» өзінен бұ­рын туып, Алашты оятқан ата басы­лым­дардың жалғасы. Ке­зінде қимыл-әрекетін қызыл саясат бақыласа да, өзегін таза ұстауға тырысты. Ішін бермеуге күш салды. Ашық сөйлеуге шамасы жетпеген кездерде түпкі мақсаттарын ыммен ұқтырды. Халық жазушысы, 90-жылдары бас редактор болған, газет атауын «Егеменді» деп өзгерткен Шерхан Мұртазаның айтқан пікірі бар. «Бұл газетті сыйлап, құрметтеу – намыстың ісі», – дейді қаламгер.

Бас газеттің еңбегі ерен. Тәуел­сіз­дікке қосқан үлесі зор. Оны то­лық сараптау үшін үлкен бір ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты­ның құзыры керек. Ал біз «Егемен Қазақстанның» тілді дамыту мәселесіне қатысты қырларын қаузап көруді мақсат еттік. Оны өз деңгейімізбен таразылап, оқырман ретіндегі бағамызды ортаға салсақ дейміз.

Әңгімені 2017 жылы 12 сәуір­де «Егемен Қазақстанда» жария­ланған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастайық. Онда Мемлекет басшысы қазақ қоға­мындағы эволюциялық өзге­ріс­тердің құнды­лық­тарын баяндайды. «Жаңа тұр­пат­ты жаң­ғы­рудың ең басты шарты – сол, ұлттық кодыңды сақтай білу» – дейді. Кодтың кілті қайда? Код­тың кілті – өзімізде, ділі­мізде және тілі­мізде. Біз тұр­мақ Жер шарындағы мил­лион­даған, миллиардтаған халқы бар мемлекеттердің өзі ана тілін қорғауға барын салып әрекет етеді. Қазақ олармен тең болып жаралмаса, кем болып жаралған жоқ.

Тіл – қасиетті тақырып, нәзік және күрделі. «Егемен Қазақстан» осы ерекшеліктерді үнемі ескереді. Мәсе­лен, қазақ тілі – ана тілі ретіндегі қатар­да­ғы этностық тілдің бірі емес. Оның мәртебесі бөлек. Ата Заңымызда айшықталғандай, ол – мемлекеттік тіл! Қазақ елінің бүкіл әлеммен тең дәрежеде байланысқа түсе алатын ресми қатынас құралы. Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен қазақша сөйлегенде мерейі асып, көңілі тасып, шаттыққа кенелмеген жан болды ма?! Әрине, болған жоқ. Себебі сол күні мемлекетіміздің беделі тағы бір сатыға биіктеді.

«Егемен Қазақстан» да мемлекеттік тілдің күшеюіне мүдделі. Соған қа­тыс­ты жайларды қалт жібермейді. Аузы дуалы, көкірегі кеніш кемел зиялыларды әңгімеге тартады. 2009 жылы 23 қаңтарда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының «Қазақтың болашағы қазақтың тілінде» атты мақаласы жарық көріпті. Автор бұл мақалада ең алдымен қазақ тілінің мәртебесі мен оның заңдық күшіне тоқталады. Ата Заңда айтылған анықтаманы мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдау арқылы одан әрі нығайтуды қалайды. Барынша түсінікті етіп, таратып, талдап іске қосуды ұсынады. «Қазақ тілі қазақтар үшін болса, мемлекеттік тілді тек қазақтар үшін деп айта алмаймыз. Мемлекеттік тіл – міндетті тіл. Ал ана тілі әркімнің өзінің ұжданы, перзенттік парызы» – дейді. Газет авторының осындай ойлы да батыл сөзі арқылы көпшіліктің көкейіндегі талап, тілекті дөп басып тауып айтқан.

Тілдің дамуы – ел дамуының құрамдас бөлігі. Олар өзара үйлесуге тиісті тұтасқан үдеріс. Мұндай тақырыптар да «Егемен Қазақстанның» материалдарына арқау болған. Соның бір мысалы ретіндегі сөзді белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының мақаласынан оқып көрелік. «Мемлекеттік тіл – азаматтық қауымдастықтың негізгі факторы. Оның ұлтаралық үйлесімге ықпалы мол»  – дейді «Үйлесімнің жүгі ауыр, жолы алыс» деген еңбегінде. Ұққанымыз – қоғамда мемлекеттік тілдің ықпалы ерекше болуға тиісті екен. Өйткені ол барша қазақстандықтарды ортақ идеологияға жұмыл­ды­ратын киелі құрал. Соны әдемі тіркестермен өрнектеп, дәйектермен, деректермен толықтырып, көпшілікке түсі­нікті етіп қарапайым қалыпта әңгімелеген.

Енді көрнекті тіл маманы, академик Әбдуали Қай­даровқа тоқталайық. «Ұлтты ұйыс­тыратын құдіретті ұйыт­­қы» деген мақаласын «Егемен Қазақ­стан­ның» 2002 жыл­ғы тігіндісінен жолық­тырдық. Ғалым тіл мәселесін тереңнен қозғаған, оның тарихы мен тағдырын жан-жақты талқылаған. Тіпті ғасырлар қойнауынан сыр тартады. Орыс ғалымы В.Радловтың, қазақ тілін зерттеген П.Мелио­ранскийдің, поляк жазушысы А.Янушкевичтердің «дала демосфендерінің» тіліне таңғалғандарын сүйіне суреттеген.

Еуропалықтар қызыққан тілдің бү­гін­гі ахуалы қалай? Ғалым оған да жауап береді. Кейбір саясаткерлер ұлт қасие­тіне, тіл қасиетіне көздерін жұмып жеңіл қарайды. Автор осыларды сын тезіне ала отырып, мемлекеттік тілдің болашағын биіктету мақсатында бірігуге шақырады. «Қазақ халқы бүгін­гі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалып­тасу үшін ана тілінің тас-түйін етіп ұйыстыратын ұйытқы болар құдіретті күшіне сенуі керек» – дейді.

Мемлекеттік тіл өзіне лайық зор қуатқа ие болуы үшін оған да үлкен қамқорлық қажет. 2007 жылы ел Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры дүниеге келді. Оның басқа әріптестерінен айырмашылығы қандай? «Егемен Қазақстан» аталған қордың директоры Берік Әбдіғалиевпен сұхбат жасап, оқырмандарды тиянақты жауапқа қанықтырған. Қордың басты мақсаты – қоғамдық жобаларды қаржыландыру арқылы азаматтар арасында мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгер­ту мен қазақ тіліне деген сұ­ра­ныс туғызатын жайларға жет­кізу екен. Сондай-ақ тілді дамытудағы билік пен қоғамның күш біріктіруін қамтамасыз етуге ден қойған. Нәтижесінде, «ұлттың рухы көтеріліп, ұлттық намыстың оянуы» өз қалыбына түссе дейді. Осылай деп насихат жүргізген бас басылымның шығармашылық ізденістері уақыт өте келе нәтижесін берді. «Рухани жаң­ғыруды» стратегиялық бағдарға айнал­дыр­дық.

Газеттің жүзжылдық ше­жіресі – жүз­жыл­дық тарих. Оның қайсы бетін ашып қарасаңыз да, қазақ қайрат­кер­ле­рінің ерлігіне тәнті боласыз. Мәселен, газет «Еңбекші қазақ» атанған кезеңінің өзінде де ұлттың келешегіне жанашырлықпен қарауды ұмытпаған. 1923-1925 жылдар аралығында Қаз АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің «Еңбекші қазақта» тіл туралы тоғыз мақаласы жарық көріпті. Ақиық ақын өз ойларын ешкімнен тайсалмай, қоғам алдында бүкпесіз айтқан. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге бата алмай жүрсе, енді біреулері «ұлтшыл» деп айта ма деп бой тартады. Бірақ бұл – коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық», дейді. Осы сарын одан кейін де үзілген жоқ, «Социалистік Қазақстанда» жалға­сын тапты. Алыптар жаққан қасиетті алаудың эстафетасы өлмей, өшпей бүгінгі күнге жетті десек, ол да шындық!

Сан рет қақпақылға түс­кен мемле­кет­тік тілдің түйі­ні ақырында тәуелсіздік пәр­менімен біржолата шешілді. Латын әліпбиін қабылдау туралы Елбасының Жарлығы шықты. «Егемен Қазақстан» әліпбиді латын қарпіне көші­ру­дің мазмұны мен мәнін түсіндіруден, насихаттаудан жалыққан жоқ. «Орыс тілі мен басқа тілдердің мүмкіндіктері шектелмейді. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жетілдіреді» – деген Елбасының сөзі осы үдерістердің алтын арқауына айналды.

2017-2019 жылдар ара­лы­ғында «Егемен Қазақ­стан­да» латын әліпбиіне көшуді құптаған материалдар сериясы аз емес. Солардың бірнешеуін алға тартып, атағанды жөн көрдік. Мәселен, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің «Тіл­дің мүмкіндіктері шек­тел­­мейді», Шы­ғыстану инсти­тутының директоры, филология ғылымдарының докто­ры Әбсаттар Дербісәлінің «Латын әліп­биінің берері көп», белгілі қа­ламгер, Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Ру­хы­мыз­ды жаңғыртудың жар­қын жетістігі», Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының президенті Мұрат Жұры­нов­тың «Бұдан әрі созуға болмайды» атты мақа­лаларында тілді дамытуда дұрыс таңдау жасалғаны сан қырынан дәлел­деніп терең маз­мұнмен айтылған.

Әрине осынау шағын мақалада «Егемен Қазақстанды» түгел қамтып шығу мүмкін емес. Ең бастысы, ел газе­тінде барлық әріптестері үлгі ететін тағылымдардың мол екенін байқа­дық. Ол жұмыстар өзара үйлескен қалыпта, өскелең уақыт талаптарына сай ұлттық руханиятқа өріс ашуда. Бұл – жаңашылдыққа бет бұрған редакция ұжымының өзара бірліктегі тың ізденістері, бәсе­ке­лестікке лайықты серпіні. Жаңа үдеріс, әсіресе жаңа ға­сырдың жалынды азаматтары – жастарға ұнайтыны анық. Олардың газетке деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз.

Қазақ тілі нығайып келеді. Ол – қазақстандықтардың басын қосатын ортақ тіл. Тіл мүд­десіне қызмет еткен «Егемен Қазақстан» ғасырлық мере­кесінде жаңғырып, түлеп жаңа белеске көтеріліп отыр.

 

Болат МӘЖИТ,

Алматы облыстық «Jetisu» газетінің тілшісі