Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Ағыбайдың бейітіне белгі қойылды

1063 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабаларымыздың, ақын-жырауларымыздың есімін жаңғырту бо­йынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Ағыбайдың бейітіне белгі қойылды

Таяуда патшалық Ре­сей­­дің отарлау саяса­тына қарсы күрескен Ке­несары ханның қол бас­таған батыры Ағыбай Қоңы­р­байұлының кесенесіне ес­керткіш белгі қойылды. Биіктігі 2 метр, ені 70 см болатын қара гранит тасқа «Қазақстан Республикасы. Ақжолтай Ағыбай батыр Қоңырбайұлы. 1802-1885. Ханның барлығы Абылай емес, Батырдың барлығы Ағы­бай емес. Халық сөзі. Ескерткіш мемлекет қор­­ғауында» деген сөздер латын әріптерімен қашап жазылған.

Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің айтуынша, батырға белгітас облыс басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша қойылыпты.

– Ауданымызда ұлы­лар есімін ұлықтау, тарихи мұраларымызды өс­келең ұрпақ санасында жаңғырту сынды та­ғы­лымы мол істерге ерек­ше көңіл бөлінеді. Мы­салы, былтыр аудан ор­талығында Дербісәлі ба­тыр Айдаболұлына ес­керткіш бюст орнатылды. Ал биыл Шортанбай жырау Қанайұлы атындағы саябақ абаттандырылып, аудандық мұражай іші­нен зар заман ақынына ар­налған арнайы бөлме ашылып, мазарының басына күм­безді белгі қойылды. Сон­дай-ақ атақты батыр Жи­дебай Қожаназарұлы атындағы саябақ та ретке келтіріліп, мазарының ай­наласына халықтың сұ­рауы бойынша күн көзінен қуат алатын көше шамдары орнатылды, – дейді аудан әкімі.

Еске салсақ, Ағыбай ба­­тырдың кесенесі Киікті ауылынан 60 шақырым жер­де, Тайатқан-Шұнақ та­уының маңында ор­наласқан. ХІХ ғасыр­дың сәу­­лет өне­рі ескерт­кіш­те­рі­­нің бірі­нен саналатын жа­л­­ғыз бөлмелі, күмбезді кесе­ненің ішін­де 12 адам жер­ленген. Ба­тырдың қа­бірі бейіт түк­піріндегі сол­түс­­тік-батыс жақтағы бұ­рыш­­та екінші болып жатыр.

Қазіргі таңда Ағыбай Қоңырбайұлы кесенесінің басында шырақшы отырады. Ақжолтай батырды әулие тұтып, оның рухына тағзым етіп, мазарына баратындардың қарасы да жылдан-жылға молайып келеді.

 

Қарағанды облысы