Қоғам • 22 Тамыз, 2019

Мектептерді жөндеуге мұғалімдер жегілген

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанына қарамастан мектептерді жөндеумен айналысатын құрылыс ұйымдарының жайбасарлығы қарын аштырады. Оны БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова да айтады.

Мектептерді жөндеуге мұғалімдер жегілген

Оның айтуынша, мектептердегі оқушылар саны 70 мыңға жуықтап, 9 мыңнан астамы бірінші сынып табалдырығын аттамақ. Бала санының азаюына байланысты 7 бастауыш мектеп жабылып, осынша мектеп негізгі және бастауыш білім оша­ғына айналдырылған. Саланы қаржыландыру мөлшері 30 млрд теңгені құрап, 18 пайызға ұлғайған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының үш жылға арналған кешенді бағдарламасы шеңберінде 120 білім ордасын жөндеу белгіленген. Бірақ қарастырылған қаржы артылып қалғандықтан тағы 17 мектепті жөндеуге конкурс ұйымдастыру ұйғарылған.

– Конкурс жарияланған соң тендер ережесі бойынша 30 күн мем­ле­­кеттік сатып алулар сайтында тұр­уы тиіс. Бұдан тысқары кон­курс­­тық шарттарды рәсімдеуге 20 күн кетеді. Осы себепті тізімге кеш қосылған мектептерді жөндеу кес­те­ден қалып келеді.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның екі мектебінің оқушылары оқуды мәдениет үйінде жал­­ғас­ты­ратын болады, деген Гүлмира Райын­бек­қызы Жамбыл ауда­ны Клад­бин­ка мектебінде орын алған оқыс оқи­ға­ны түзетуді құрылыс мекемесі өз міндетіне алғанын жеткізді. Онда жаңбыр жауып, шатырға зақым келсе керек.

Мұндай оралымсыздықтар облыс орталығында да кездеседі. Қалалық білім бөлімінің мамандары бес мектепте құрылыс жұмыстарының кешеуіл­деп отырғанын айтады. Әсіресе, апат­тық деп танылған Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебінде жағдай әлі дабыл қағарлық. Тендер жыл басында өткізіліп, қазынадан 98 млн теңге бөлінгеніне қарамастан «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорны өз міндетін жұмыс күші, кәсіби мамандары жетіспейтін қосалқы мердігерге арта салғаны байқалады. Ата-ана­лар­дың шағымы бойынша осында болғанымызда құрылысшылардан гөрі мұғалімдердің көптігі, мердігердің сылбыр қимылы салдарынан ұстаздар қауымының қолбала құсап жұмысқа тартылғанын байқадық. Таң атқаннан кеш батқанға дейін еден жуу, жиһаз тасу, басқа да ұсақ-түйек шаруаларға «жегілуіне» қарағанда әдет болып кеткен сықылды. Әлде Президенттің Тамыз кеңесінде жүктеген талапта­ры­ның өңірге қатысы жоқ па? Мемлекет басшысы өз сөзінде ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға тартатын тұлға, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жа­уапты әрі күрделі жұмыс екенін қадап айтқан болатын.

«Мердігерлердің оралым­сыз­ды­ғынан уақытымызды еш етіп, сал­пақ­­тап жүргенімізге бірнеше ай болды. Алатын жалақымыз онсыз да мар­дымсыз. Қит етсе, міндетің деп шыға келеді. Тым болмаса 10-15 күн бұрын тап-тұйнақтай әзірлеп қойса, бір сәрі. Алғашқы қоңырау мере­ке­сі­не үлгермек ниетпен асығып-үсігіп сапасыз салынып жатқанын бәрі көріп-біліп отыр. Әйтеуір бітірсе деген пиғыл басым. Біздің бала-шаға­мыздың қамы, мектепке баратынын кім ойлайды? Кешке таман әкім­дік­тің басшылары дігірлеп жетіп келеді. Бәрі директорға, мұғалімдерге ғана қожа, би. Жүйкемізге әбден тиіп бітті», деді бізге аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшылардың бірі. «Еңбек-Өскемен» құрылыс компаниясы да мимырт жүрісінен аса алмай келеді. Соған қарағанда құрылысы сағыздай созылған мектептер оқушыларды қабылдамақ түгіл етек-жеңін жинай алмай қал­уы мүмкін. Дарынды балаларға маман­дан­дырылған «ЛОРД» лицейін­де­гі жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасуы әбден ықтимал.

 Жыл өткен сайын Қожаберген жырау атындағы мектепте оқушылардың саны көбейіп, білім беру үрдісін үш ауысымда ұйымдастыруға мәжбүр. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – «Жас өркен» шағын ауданында қоңыр күзге таман пайдалануға берілетін 900 орынды мектепке кө­ші­ру. Бірақ мұндай қадамға жер­гілікті биліктің аяқ баспауы, бастап­қыда көшіреміз деген құдайы уәде­сі­нен тайқып кетуі түсініксіз. Ата-аналардың ендігі бар үміті облыс әкі­мінде.

Қолдарына қалақ ұстап, қабырға сыламаса да, құрылысшылардан бір мысқал қалыспай жүрген ұстаздар жөндеу жұмыстары шатқаяқтап жатқан басқа мектептерде де аз емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы