Қала тұрғындарының айтуынша, Құрылысқа қажетті тас шығаратын кәсіпорын көптен бері елдің есін шығарған. Зауытқа қатысты сан мәрте шағым тастағанымен, мәселе шешілмей келеді. Күні кеше қала әкімімен кездесуге келген наурызбайлықтар проблеманы тағы көтерді. Бұл туралы аудан тұрғындарының қала әкімімен кездесуінде белгілі болды.
Ал қала әкімі Бақытжан Сағынтаев болса, сол күннен қалдырмай Алматы облысының әкімімен сөйлесіп, шешу жолын қарастыратынын айтқан болатын.
«Карьер Ақсай» ЖШС бас технологы Анатолий Грошенковтың айтуынша, қолдарында тиісті органдардың зауыттың қызметін жүргізуге берген рұқсат құжаттары бар. «Зауыт құрылған тұста бұл маңда бірде бір үй болмаған. Қазір халық қоныстанып кетті. Оларға ешқандай қиындық туғызып отырған жоқпыз», дейді ол тұрғындармен кездескен кезде.
Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Орынбековтың айтуынша, Ақсай карьерін жабу туралы ағымдағы жылдың шілде айында Алматы қаласы мен Қарасай ауданы әкімдігінің мамандары кездесіп, 1-1,5 ай ішінде шешім қабылданатынын айтқан.
Әзірге тұрғындарға сабырлық танытып, біраз шыдауға тура келеді. Себебі, Қарасай ауданы әкімдігінің нақты қандай шешім шығарары әлі белгісіз.
АЛМАТЫ