Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Аспантаулар һәм адам рухы

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таудан арқасы бардың, тастан жүрегі бар. «Асу бермес асқар жоқ» деп аспанмен астаса асқақтаған алкеуде шыңдарға өрмелейтін альпинизм спорты екінің біріне ермек емес. Ердің ері – егеудің сы­нығы ғана тәкаппар тау қабырғасында қос тігуге жүрегі дауалайды. Батылдық пен батырлықтың, қайтпас қайсарлық пен қажымас қайраттың, мұқалмас күш-жігер­дің, ең бастысы өршіл рухтың сыналатын спорты осы альпиниада болса керек. Иманың қасым болатын иен таудағы құлама құздар мен қалың қар астында жатқан мұз жыралар, терең үңгірлер мен ұры ұралар «тәуекел түбі – жел қайық» деп салдыртып өте шығатын ашық айдын емес, тас жұтар тәуекелден де құдіретті күш – заңғар биіктікке, адам аяғы баса бермес айрықша сұлулыққа, бірақ қойны-қонышы суық та қаһарлы сұлулыққа деген құш­тарлық шығар, бәлкім. Оны таудың аққалпақ төбесіне табаны тигендер біледі.

Аспантаулар һәм адам рухы

Міне, бірнеше күн болды, қырғыз елінің Ыстықкөл облысындағы Жеңіс шыңына шығып, тосыннан бұзылған табиғат райының құрсауында қалған қазақстандық альпинистер жан-жақты іздестіріліп жатыр. Айыр қалпақты ағайын Жениш шоқысы атай­тын бұл шың – Тянь-Шань таулары жүлгесіндегі ең биік нүкте. Тіпті еліміздің ең жоғары нүктесі саналатын Хан Тәңірінен де жарты шақырымдай жоғары орналасқан. Құдайдың уысында, Тәңіртаудың қуысында – қазақстандық альпинистердің қандай қиын жағдайда қалғанын осыдан-ақ бағамдауға болар. Олар, нақты айтқанда алматылық Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев соңғы рет шың басынан түсіп келе жатқанда, 6600 метр биіктіктен радиобайланыс ар­қылы хабарласып, әріптестері Александр Че­чулиннің өкпесіне тиген суықтан қаза болғанын, өздерінің шатырларын таудың долы желі ұшырып кеткендіктен, қарды аршып паналағандарын жеткізген. Олар оқыс жағдайға 15 тамызда тап болған еді. Одан бері бір апта өтті. Құтқарушылар таудағы қатаң климаттың қайта-қайта бұзылуынан іздестіру-құтқару жұмыстарын әлсін-әлсін тоқтатуларына тура келді, дегенмен тікұшақтар арқылы таудың төсін әлденеше мәрте айнала ұшып шықты. Ал Алматы альпинизм федерациясы әріптестерін ендігі құтқару мүмкіндігі де қалмағанын мәлімдеді. Олар тіпті 21 тамызда тікұшақпен соңғы мүмкіндікті пайдаланып көргеннен соң іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылатынын жеткізіп, альпинистердің ет жақындарына көңіл де айтты.

Алматылық альпинистер 18 тамызда ба­залық лагерьге оралмаған соң қазақстандық әскери альпинистер Мақсұт Жұмаев, Аманжол Рахметов және Василий Пивцов 19 тамызда Қырғызстанға бағыт алып, 2,2 мың метрлік биіктіктегі базалық лагерьге жеткен болатын. Көмекке қырғызстандық және ресейлік альпинистер де қосылды. 20 тамызда еліміздің ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің тікұшағы құтқарушылар тобын 4,5 мың метр биіктіктегі базалық лагерьге жеткізді. Олар әрі қарай жаяу өрледі. Алайда, альпинистер тобы мен жоғалған спортшылардың туысқандары мінген тікұшақпен тепловизор құралын қолдана отырып, 5200-6400 метр биіктікте жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесіз аяқ­талды. Альпинистерді құтқару операция­сы кеше қайта жалғасты. Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері бір­неше күнгі толассыз жауын-шашыннан соң таудағы табиғат райы да сыңғырлап, ерек­ше ашық болып тұрғанын хабарлады. Жоғал­ған альпинистердің туған-туыстары да үміт үзбей, іздеу жұмыстарын тоқтатпауды жанұшыра сұрап отыр.

Шіркін, үміт! Адамның үміті сөнбесін! Үміт – үлкен күш. Үміт – дәтке қуат. Үміт ал­ға жетелейді.

Адамзаттың аяғы тимеген жер бар ма? Планетаның биік нүктелерін осы жеті­мың­­дық, сегізмыңдық көкке шаншылған шы­ңылтыр шыңдар құраса, соның түгеліне дер­лік адам баласының табаны тиген. Тіпті шет-шегі жоқ ғарыш сапарларынан да, мұхит түбіндегі әлденеше миллиардтаған тонна судың қысымы бар терең ойпаттарға да барып, дін аман оралып жүр. Бірақ оның бәрінде адам ақыл-ойының тамаша жетіс­тіктерінен туған технология пайдаланылады. Ал жалама жартастарда жаныңды жал­дап, жанкештілікпен қыран қанат қаға ал­мас қияға шығу, атмосфераны аттап өтіп, оттегіден ада, тыныс алу мүмкін емес кеңіс­тікке көтерілу, бас айналар құлама құз­дардан құлап кетпей, шорланған көк мұз­ды, қасат қарды қақ жара тіке өрлеу, ақырған аязбен арпалыса, долданған дауылмен додаға түсе аспантаулардың алқымында алға жылжу үшін сарқылған күшке дәрмен беретін, сансыраған санаға қуат беретін не құдірет? Бұл – рух! Адамға ғана тән жасампаз рух! Қанша физикалық тұрғыдан мүмкін болмаса да, ғайыптан тайып бір болатын ғаламат адам рухының өміршеңдігінен үміттенгің келеді... Біздің альпинистерімізді де сақтаса, осы бір аялы үміт, тозбас рух сақтайды!