Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Киелі жерлер мекені – көне тарих кешегі

33 реткөрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін сырға тұнып, тарихқа бөгіп жатқан көне көмбенің қақпағы ашылып, замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралды.

Алдымен әкімшілік-аумақ­тық өзгеріске түскеннен кейін аума­ғына өзгеріс енген бұрынғы үш облысқа арнайы өтінім хат­тар жіберіп, өңіріміздегі мәде­ни мұра ескерткіштерінің төл­құжаттарын жасау ісі қолға алын­­­ды. Бүгінгі таңда Ақмола өңі­рі өзінің аса бай тарихи-мәдени мұраларымен ерекшеленеді десек, артық айтпағандық болар едік. Мәселен, біздің өңір­дегі мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мәні бар ес­керт­кіштерінің жалпы саны 1793-ке жетіп отыр. Сәл таратып айтатын болсақ, оның төртеуі республикалық маңызға ие, ал 1032-сі жергілікті маңыздағы, 757-сі есепке алынған тарихи-мәдени мұра болып табылады. Бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы ұлы істің көшіне ілесіп, ұлттық тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, қорғау мақсатында ұйымдастырылған арнайы жобалардың шеңберінде әрқилы іс-шараларды жүзе­ге асыруда. Осындай жұмыстар­дың арқасында 2017 жылы «Қазақстанның 100 қасиетті жер­лері» тізіліміне біздің облыстан 10 тарихи нысан енгізіліп отыр.

Көкшетау мен Қараөткелдің кең көсілген даласында қаншама рухани байлықтың бөгіп жат­қандығын көзіқарақты әр адам бай­қай алады. Ерейментау ауда­нындағы «Құмай» архео­логиялық-этнографиялық кеше­ні, Олжабай батыр кесенесі, Бу­ра­байдағы Абылай хан алаңы мен Кенесары үңгірі, Қорғалжын ауданындағы Беспақыр мен Бытығай мазары, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр, Жақсы ауданындағы Баубек батыр кесенелері. Сондай-ақ облыс орталығындағы Науан хазіреттің жерленген жері. Киелі география картасына біздің аймақтан 33 нысанның енуінен-ақ дарқан даланың дидарындағы дара бітімді түйсінуге болады. Бүгінгі таңда ел өлкетанушылары, тарихшы ғалымдармен бірлесе отырып, кейін анықталған киелі жерлерді «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына енгізу бағытында тың деректер, ақпараттар жинақталуда. 2018 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйым­дастыруымен өткізілген «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасының екінші республикалық форумында Ақ­мола облысының арнайы жобаны іске асыру бағытындағы жұмысына оң баға берілді. Осы форумда Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы және Ақмола облыстары қамтылып, жарық көрген. «Қасиетті Қазақ­стан» энциклопедиясының ал­ғаш­қы томы оқырман қауымға ұсынылды. Бірінші томға жалпақ жұрт қасиетін ұққан екі жүзге жуық киелі нысан енгізілді.

Ел киелі деп таныған, қадір-қасиетіне бас иген жерлерді анық­тап қорғау өз алдына, барымызды көрсетіп, тылсым тарихтың ұлағатын ұқтыратын жұмыс істегеніміз абзал. Міне, осы мақсатта экологиялық және бұқаралық туризмді дамыту үшін Қорғалжын, Бурабай, Зеренді, Ерейментау тәрізді бірқатар аудан­да 8 туристік маршрут ашылды. Оқырманға түсінікті болуы үшін ежелгі Ерейменнің етегіндегі бірінші бағытқа Бөген­бай батыр жорықтарының ізі, Олжабай батырдың, Үмбетей жыраудың, Саққұлақ бидің мазар­ларының енгізілгенін ай­та кетейік. Ал екінші бағытта Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Уәли ханның мазары, Ханның Қызылағашы тәрізді жерлер. Тарих тұнған топыраққа тұңғыш қадам басқан туристерге бағыт беру үшін билбордтар мен киелі нысандардың орналасуы жайлы мағлұмат беретін жол сілтегіштер қойылған. Осындай жұмыс облыс бойынша жалғасуда.

Жаңа заман талабына сай облыстағы 1032 тарихи және мәдени ескерткіш арасынан 43 тарихи нысанда QR код арқылы цифрлау жұмыстары жүргізілді. Мұның басты артықшылығы не­гізгі тарихи мәлімет мәтін тү­рінде жазылып, тарихи тұлға және сол замандағы айрықша оқи­ғалар туралы деректі фильм­дер бар. Облыс орталығындағы Абылай хан, Ақан сері мен Біржан сал, Көкшенің батыр перзенттері Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов ескерткіштеріне QR коды орнатылды. Елді елең еткізген тағы бір оқиға Ерей­ментау ауданының тарихи және мәдени ескерткіштер мәліметтері топтастырылған жинақтың тұсау­кесері. Бұл жинақ тұңғыш рет шығарылып отыр. Аталмыш еңбек Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі және «Халық қа­зынасы» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып дайындалды.

Көкшетау өңірінде ұлттық мұраны жинақтап сақтауда міне, осындай игілікті істер атқа­ры­луда. Өміршең өркение­тіміздің жәдігері болып есеп­те­летін тари­хи-мәдени ескерт­кіштер мен ма­ңызды нысандарды зерттеу бағы­тында әлі қаншама жұмыс бар.

 

Жасұлан УКЕЕВ,

тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі

 

Ақмола облысы

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қоржында – тағы бір қола

Спорт • Бүгін, 10:01

Байланыс беки түседі

Қоғам • Бүгін, 09:59

Халық өмірінің құбылнамасы

Әдебиет • Бүгін, 09:57

Алпыс жеті жылдан бергі досым

Руханият • Бүгін, 09:49

Мал ұрлығы мазалап тұр

Қоғам • Бүгін, 09:32

Бетің ашылмасын

Қоғам • Бүгін, 09:30

Жақсының қадірі жоғалмасын

Қазақстан • Бүгін, 09:28

«Таза сессия» акциясы басталды

Қазақстан • Бүгін, 09:25

395 мың тонна дизель отыны бөлінді

Экономика • Бүгін, 09:23

Президент пен парыз

Президент • Бүгін, 09:14

Елбасының елдік жолы

Қазақстан • Бүгін, 09:05

Digital InWest форумы өтті

Экономика • Бүгін, 08:51

Ұзынжалдың ұзын да қысқа жолы

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Қорқыт ата кітабы

Руханият • Бүгін, 08:35

Сүмбіленің «салқыны»

Қазақстан • Бүгін, 08:34

Ұқсас жаңалықтар