Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Шиеліде ақмаржан бітік шықты

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Шиелі ауданында күріш орағы басталды. Бестам ауылындағы «Бестам елі» шаруа қожалығының алқабында бастау алған биылғы «Алтын орақ» мерекесі шиелілік диқандардың басын қосып қана қоймай, көршілес Жаңақорған ауданы егіншілерін де қамтыды. Ауа райы мен егін егу технология­сы ұқсас іргелес аудандар бір-бірінің озық тәжірибелерін бөлісе отырып, ынтымақты жұмыс ұйым­дас­ты­руды жалғастыруы қолдауға тұрарлық шаруа. Күріш ору науқанының басталу шарасына арнайы қатысқан Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов осылай дейді.

Шиеліде ақмаржан бітік шықты

Күріш орағының басталу рәсімінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы биылғы ауылшаруашылық жылының ерекшелігі мен ала жаздай дала алқабында тынымсыз еңбек еткен диқандардың толымды еңбегіне лайықты баға бере отырып, жиын-терімнің сәтті өтуін тіледі. Аудан басшысы әр жылдың өзіндік күрделілігі боларын айта келе, сол қиыншылықтарды жеңу­де диқандар қауымының қа­жырлылығы мен бейнеткеш­ті­гіне сүйсінетінін жеткізді. Сондай-ақ Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев, Шиелі ауданы қоғамдық кеңес төрағасы Пердәлі Архабаевтар құттықтау сөз сөйледі. «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Балташ Қошқаров жиын-терімнің қысқа мерзімде аяқталарына уәде беріп, әріптестеріне қырмандарының дөңде болуына тілек айтты.

Биыл Шиелі ауданының егін­шілері 12 475 гектар көлемге байырғы дақыл сыр салысын орналастырса, мамандардың болжамынша оның 70 пайыздан астамы жоғары өнім беруге лайық. Сондай-ақ «Ақмая», «Төңкеріс-К», «Бидайкөл» секілді іргелі шаруашылықтар мол өнім алуға сапалы жұмыс ұйымдастыра білді. Мұнан өзге жаңа және ескі жоңышқа көлемі 9 мың гектардың үстінде. Күріш орағы мен жоңышқа шөбін дайындау жұмыстары қатар жүргізіле беретіндіктен түрлі комбайндар мен қажетті техникалардың сақадай сай болуы еңбек өнімділігін арттырары сөзсіз. Мұның алдын ала жасалған жоспарға сай екенін шаруашылық төрағалары мен аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандарымен пікірлесу барысында көз жеткіздік. Тағы да айтар нәрсе, бақша, көк­өніс өнімдерін жинау жұ­мыстары да Шиелі ауданында ұйымшылдықпен атқарылып келе жатқаны. Бұл дақылдар көлемі 2 мың гектарға таяу. Яғни, дала академигі атанған, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай ата Жақаевтың ізбасар жерлестері егіншілік саласының мәнін ортайтпай қызу жұмыс үстінде екендігі көпке үлгі боларлық. Бұл туралы белгілі айтыс ақындары Кенжебай Жүсіпов пен Ержан Әмір кестелі сөзбен ой өрнектеді.

Комбайндар күріш алқабында зырғи жөнелгенде мұндағы астықтың бітіктігіне сүйсінген ардагерлер ақ баталарын беріп жатты. Ал қожалық ұжымдары егіс орағына қатысушыларға ар­нап ақ дастарқан жайып, қо­нақтарға дәм-тұзын ұсынды. Аудандық мәдениет бөлімінің өнер­паздары өз өнерлерімен кел­ген меймандардың мен егінші­лер­дің көңілін серпілтті.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы