01 Ақпан, 2013

Қазақстанның қарышты қадамы

1244 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Қазақстанның қарышты қадамы

Жұма, 1 ақпан 2013 7:17

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен 2012 жылғы 14 желтоқсанда халыққа өзінің кезекті Жолдауын арнап, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламасын жария етті.

Еліміздің алдына 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру деген келелі де көкжиекті мақсат белгіленіп, егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру міндеті қойылды.

Сондай-ақ, бұл жолғы Жолдауда бұған дейін қабылданған Қазақстан-2030 стратегиялық бағдарламасының бірқатар қорытындылары, ең бастысы, республикамыздың дамыған елу елдің қатарына іліккені атап өтілді.

 

Жұма, 1 ақпан 2013 7:17

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен 2012 жылғы 14 желтоқсанда халыққа өзінің кезекті Жолдауын арнап, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламасын жария етті.

Еліміздің алдына 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру деген келелі де көкжиекті мақсат белгіленіп, егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру міндеті қойылды.

Сондай-ақ, бұл жолғы Жолдауда бұған дейін қабылданған Қазақстан-2030 стратегиялық бағдарламасының бірқатар қорытындылары, ең бастысы, республикамыздың дамыған елу елдің қатарына іліккені атап өтілді.

Ол бағдарламада Елбасы:     «…Азия­­­ның ең кедей елдерiнiң кей­бiрiнiң отыз жыл iшiнде қа­йыр­шылықтан оңалып, индус­триялы мемлекеттерге айналға­нын сiз­дер­дiң көпшiлiгiңiз бiле­сiздер. Ал­ғашқылары Корея, Тайвань жә­не Сингапур болса, ал қазiр олар­ға Малайзия, Индонезия және Таиланд қосылды…

Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур өз тәуелсiздiгiн алған кезде, жан басына шаққанда 200 долларға жетпес табысы бар әлем­дегi ең кедей елдердiң бiрi едi. Бүгiнгi таңда синга­пурлық­тардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Өзiнiң халқы, этникалық құ­рамы жөнiнен және басқа да «көп­теген» параметрлерi бойынша бiзге ұқсас ел, Малайзия да 20 жылға жетпейтiн уақыт iшiнде өз азаматтарының өмiр сүру деңге­йiн 10 есе арттыруға қол жеткiздi. Осындай табыстарының нәтиже­сiнде бұл елдер күллi әлемде Азия Жолбарыстары ретiнде танылып отыр.

Қазақстан өзiнiң күллi мүм­кiн­дiктерiмен нақ осындай нәти­жеге қол жеткiзе алмайды дейтiн себептер бар ма? Ондай себептер жоқ. 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн», деген болатын.

Осы орайда біз Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елдері «экономи­ка­лық кереметке» қалай қол жет­кізді дей отырып соған зер салып, өзіміз­бен салыстырып өткіміз келеді.

Әлемдік қауымдастық бүгінде Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шы­ғыс Азияның бірқатар елдерін бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп атайды. Өйткені, соңғы жарты ғасыр көлеміндегі бұл ел­дердің экономикалық өрлеуі расында да жолбарыстың секірісі секілді. Оның үстіне олар осынау керемет өсу көрсеткіштерімен «да­­мудың кілті батыста – Еуропада» деген түсінікті теріске шы­ғарып, әлемді мойындатты. Жалпы, елдерді бұлай бейнелеу дәс­түрде бар нәрсе. Мысал үшін Ирландия елін «кельт жолбарысы», сол секілді Латвия, Литва жә­не Эстонияны «балтық жолбарыстары» дейді.

Айтылып, мойындалып жүр­ге­ніндей, «Азия жолбарыста­ры­ның» алғашқы толқынына Оңтүс­тік Корея, Сингапур, Гонконг және Тайвань жатады. Бұлар тарихи өлшеммен алып қарағанда өте аз мерзім ішінде артта қалған мешеу елден осы заманғы озық тех­ника мен технологияны, тіпті, электрониканы жетік меңгерген алдыңғы қатардағы индустриялы мемлекеттерге айналды.

Мәселен, Оңтүстік Корея Екін­­ші дүние жүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың қолдап-қуатта­уы­мен Солтүстік Кореядан бөлін­ген, елуінші жылдардың орта тұ­сында берекесі кетіп, ішер ас, киер киімнің өзін әзер тауып отыр­ған кедей мемлекет болатын. Дү­ние­жүзілік банктің есебі бойынша сол тұстағы ел ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері 100 доллардың шамасында ғана бол­ған көрінеді. Ал, 1994 жылдан бас­тап (арада 40 жылдай өткенде) Оңтүстік Корея Республикасы жо­ғары қарқынмен дамыған бай мем­лекеттердің қатарына еніп, ІЖӨ-нің әр адамға шаққандағы шамасы 38,5 мың долларды құра­ды, яғни Швейцария мен Фин­ляндияның деңгейіне жетті.

Бүгінде Оңтүстік Корея ІЖӨ деңгейі (710 млрд.$) бойынша әлемде 11-ші орынды иеленеді. Елдің экономикасы кешегі 80-90 жылдары шапшаң қарқынмен дамып, жылына 8-12 пайызды құ­рады. Экономикалық дамудың бірден-бір көзі оған нәр беретін электр энергиясында дейтін бол­сақ, мұнда жалпы қуаты 17,7 гигаваттық 20 АЭС жұмыс істей­ді. Ел территориясында су ре­сурс­­тарының да мол көзі мен мүм­­кіндігі болғанына қарамастан ол аз пайдаланылады.

Әйтсе де Оңтүстік Корея ма­ши­на жасау, оның ішінде авто­кө­ліктер шығару өндірісі жақсы жол­ға қойылған, жетекші елдер қата­рына жатады. Мұнда жылына 2,5 млн-нан астам автокөлік шы­ға­ры­лады. Басқаларды айтпа­ған­да, біз­дің Қазақстанда да Оң­түстік Ко­­реяның «Даewoo», «Hyndai» фирмалары шығарған жеңіл авто­кө­лік­тер мен басқа да техникалардың кеңінен тұты­ны­лып, пайдаланылатыны да осы­ның бірден-бір дәлелі. Олар шы­ғарған техникалардың бағасы салыстырмалы түрде арзандау бол­ғандықтан үлкен сұра­нысқа ие болып отырады. Бұл бір жағынан тұтыну рыногында олар­дың маркетинг қызметінің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі болса керек. Осы сияқты, Корея кеме жасау ісінен де Жапониядан қа­лыс­пайды.

Сингапур да 90-шы жыл­дар­дың орта тұсында Оңтүстік-Шы­ғыс Азиядағы өндірісі жедел қар­қынмен (жылына 14 %) дамыған елдердің қатарына қосылды. Бү­гінде бұл елдің өнеркәсібінде роботтар кеңінен пайдаланылады. Жапония мен Гонконг ірі инвес­торлар саналады. Сингапур мұ­най өңдеу жөнінен дүние жү­зіндегі алдыңғы орындардың бі­рінде. Мұнда жылына 20 млн. тоннадан астам мұнай өңделеді. Жоғары технологиялар саласында ғылым­ның жетістігі табысты қолда­ны­лады. Сондықтан да Сингапур ком­пьютерлер шығару мен роботтарды өндіріске енгізу бойынша Азияда Жапониядан кейінгі екін­ші орында. Жыл сайын Син­га­пурға 5 млн. турист келіп қай­та­ды. Олар Сингапурды «сүй­кім­ді Азия» немесе «экватордағы Еуропа» деп атайды.

Англияның бұрынғы премьер-министрі, «темірдей ханым» атан­ған әйгілі саясаткер Маргарет Тэтчердің «Бір кезде Сингапур бізден үйреніп еді, біз енді Сингапурдан үйренетін болдық», деп мойындауы біршама ойды аңғарт­қандай. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қарай Сингапурдан компьютер мен басқа да элек­троникалық тауарлар тасымал­дай­тын «Алси» компаниясы же­місті жұмыс істеп келеді.

Гонконг (Сянган) бірнеше арал­дардан тұратын, ұзақ уақыт Англияның отары болып келген, тек 1997 жылдан ресми түрде Қытай Халық Республикасының құрамына енген кең автономия­лық мәртебесі бар арнайы әкім­шілік аудан. Аспан асты елінің басқа аудандарынан басты айыр­ма­шылығы таза капи­талистік даму жолындағы аумақ. Сол себепті бұған қатысты «бір мемлекет – екі жүйе» деген тіркес жиі айтылады. Әрі ІЖӨ мөлшері жөнінен Қытайдың ең бай ауданы саналады, оның жан басына шаққандағы көрсеткіші (38 мың доллардан астам) және тұрғындардың сатып алу мүмкіндігі, халықтың әл-ауқа­ты деңгейі бойынша батыс­тың Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия секілді дамыған елдерін, тіпті Жапонияны да басып озды. Елдің экономикасы ер­кін нарықтық қатынасқа негіздел­ген, салық мөлшері төмен, мемлекет экономикаға араласпайды. Мұнда ауыл шаруашылығына жарамды жер де аз, табиғи ресурс­тарға аса бай емес. Сондықтан да азық-түлік пен шикізаттың көп бөлігі, тіпті ауыз суға дейін шеттен тасымалданады. ІЖӨ-нің 90 пайызы қызмет көрсету салала­ры­ның үлесіне тиеді. Бүгінде Гонконг тектен-тек дүниежүзілік ірі қаржы орталықтарының бірі атанып отырған жоқ. Бұл жөнінен ол Азияда бірінші, ал әлемде алғаш­қы үштікке кіреді. Жуырда Гонконг пен Қазақстан арасында Бейнеу-Шымкент магистралды газ құбырын салуға он бес жылдық мерзімге 1,8 млрд. доллар несие бе­ру жөнінде келісімге қол қойылды.

Тайвань да Қытайдың провинциясы саналғанымен шын мәнін­де тәуелсіз мемлекет. Ол әлемдегі капиталды ең ірі сыртқа, әсіресе, Оңтүстік Шығыс Азияға шыға­рушылардың бірі. Соңғы бес жыл­­­­да оның көлемі 36 млрд. дол­ларға жетті. Бұл елде де электр қуаты негізінен жалпы әлеуеті 4,9 млн. КВт-тық алты АЭС-те өн­діріледі. Оған қажетті уран ши­кі­заты Шығыс Азияның басқа ел­дері секілді Африкадан әкелі­не­ді. Осы заманғы озық техно­ло­гияға қол жеткізген Тайвань электронды тауарлардан ОЕМ-құрыл­ғысы мен оған дисплейлер шы­ғаруға маманданған. Кеме жасау ісіне де маманданып, әсіресе, спорт­тық яхталарды көбірек шы­ғарады. Сондай-ақ, бұл ел шыға­ратын сапалы спорттық киімдер мен аяқ киімдер, құрал-жабдық­тар, теннис ракеткалары мен түр­лі доптар әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие. Туризм саласы да елдің экономикасында елеулі рөл атқарады. Мұнда демалыс пен қонақ үй­лерде шығысқа тән дастарқан мол­шылығы мен батыс­тық үл­гідегі жанға жайлы қызмет көр­сету жағдайлары жасалған­дық­тан әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Дегенмен, Тайвань экономикасы шет­тен тасымалданатын отын мен шикі­заттарға тәуелді. Ал, экс­портқа осы заманғы өнеркәсіп тауарлары шығарылады. АҚШ, Жапония, Германия және Гонконг елдері сауда-саттықтағы ең басты әріп­тестері.

Демек, бұл елдердің «Азия жол­барыстары» атанып, экономи­калық дамуда алдыңғы шепке шыққаны талассыз шындық. Ендеше, олар мұндай жетістік пен табысқа қалай қол жеткізді? Бү­гінде өзімшіл батыстың қызғаны­шын тудырып, экономиканы зерт­теуші сарапшылардың басын қа­тырып отырған басты сұрақ осы. Өйткені, қазіргідей өркениет заманында даму мен өркендеудің бірден-бір қозғаушы күші бәсе­келестік болып отырғаны даусыз.

Сарапшы мамандардың басым көпшілігі бұл елдерді мұндай дәрежеге жеткізген елде жүргізіл­ген қатаң экономикалық саясат деседі. Бәлкім солай да шығар. Дегенмен, олардың экономикалық саясатында ортақ белгілер мен ұқсастықтар да баршылық. Кей­бір зерттеушілердің пікірінше, бұларда басқалар тәрізді жер ас­тының қазба байлықтары, мол табиғи ресурстар болмағанымен, тәртіпті де тыңғылықты, арзан жұмыс күші бар. Олар конфуция­лық тәлім-тәрбиенің ықпалымен ғасырлар бойы күріш алқапта­рында төзімділікпен, белдері бү­гіле жұмыс істеп, аз нәпақа мен барға қанағат етіп үйренген. Былайша айтқанда, салғыласпай, бас­шының айтқанын екі етпейтін шығыстық менталитет пен мінез-құлық қалыптасқан. Осының бә­рін ескере келіп, бұл мемлекеттер өздерінің еңбексүйгіштігі мен бар өнер-шеберліктерін жұмсап, әде­мі де сапалы тауарлар жасап, сыртқа шығаруды, яғни «экспорт­тық бағытты» ұстанды. Және мұндай экономикалық таңдаула­ры дұрыс болып шығып, оларды тығырықтан шығарып қана қой­май, биік деңгейге көтерді. Әйт­песе, бұрынғы жапон офицері Пак Чжон Хи – Оңтүстік Кореяны, арғы тегі қытайлық, Кембридж университетінде оқыған адвокат Ли Куан Ю – Сингапурды, Сталиннің шақыруымен Мәс­кеуге келіп, Шығыс еңбекшілері уни­вер­ситетінде білім алған, колхоздастыру ісіне қатысқан, «Уралмаш» зауытында жұмыс істеген Чан Кай Шидің ұлы Цзян Цзинго – Тайваньды өрге сүйреп, өркен­детеді, дамыған елдердің қата­ры­на қосады деп кім ойлаған?

Генерал Пак Чжон Хи отан­дас­тарының бір бөлігі үшін демократияны тұншықтырушы қанды қол диктатор болса, екінші бөлігі үшін Оңтүстік Кореяны кедейші­ліктен алып шыққан көрнекті реформатор, «экономикалық кере­мет­тің» архитекторы. Тарих қай­таланады деген рас. Жақында өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Пак Чжон Хидің қызы Пак Кын Хе Оңтүстік Кореяның президенті болып сайланды. Алпыс жастағы Пак Кын Хе өзінің алдына ел тұрғындарын жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Өйт­ке­ні, соңғы жылдары бұл елде азық-түлік бағасы бірнеше есе қым­баттаса да жалақы мөлшері бұ­рын­ғы деңгейінде қалған.

Журналистердің бірі Ли Куан Ю-ге «Парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты қалай жеңдіңіз?» дегенде, «Тәртіп орнатуды алдымен туыстарыңыздан бастаңыз. Ең жақын адамыңыздың бір-еке­у­ін жемқорлығы үшін түрмеге отыр­ғызсаңыз, сонда бәрі орнына келеді», деп жауап берген.

1978 жылы қайтыс болған диктатор әкесі Чан Кай Ши-дің орнын басқан Цзян Цзинго экономиканы түбегейлі қайта құры­лым­дап, инвестициялық қаражат­пен ең алдымен жеңіл өнеркәсіпті өркендетуді қолға алып, Тайваньды дамудың дұрыс жолына сала білді.

Бұл елдердің стратегиясында ұқсастық болғанымен, амал-әре­кеттерінде бірқатар айырмашы­лық­тар кездеседі. Мысалы, Оң­түстік Корея үкіметі өзінің даму бағытында соғысқа дейінгі импе­раторлық Жапонияның саясатын ұстанып, сан-салалы қызметтер атқаратын ірі фирмалар ашып жұмыс істете бастаған болса, Тайваньда керісінше, орта және кіші бизнесті дамытуға ден қо­йылып, оларға барынша қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалынды. Ал, Гонконг өзімен көр­шілес алып мемлекет Қытайдың бар мүмкіндігі мен әлеуетін өз мүддесіне пайдалануға ұмтылды.

Азияның «жолбарыс» елдерін­де (Гонконгтан басқа) экспорттық бағыт-бағдармен (мейлінше тауарларды сыртқа көбірек шығарып сатуға) қоса, бұлардың бәріне тән тағы бір ортақ белгі – мемлекет ешкімнің көңіліне қарамай эконо­миканың даму барысына мықтап араласып отырды. Тіпті, қажет кезінде, либерализм мен демо­кра­тияға қайшы келетін, қатаң авто­ритарлық тәртіппен де басқа­рыл­ды. Мұндай жағдайда парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың бе­лең алатыны анық. Бұған қоса, бұл елдердің халқында мемле­кеттік шенеунік міндетті түрде пара алады, қазынаның мүлкіне қол салады, онсыз болмайды, ол кәдімгі үйреншікті де қалыпты нәрсе деген түсінік қалыптасқан.

Тағы бір айта кететіні, «Азия жолбарыстары» елдерінің еңсе кө­теріп, дамуы екі лагерьдің – капиталистік және социалистік, ең бастысы, АҚШ пен КСРО-ның текетіресі, яғни екі дүниенің ара­сындағы «қырғиқабақ соғыс» саясаты белең алған кезеңмен сәйкес келді.

«Құланның қасуына мылтық­тың басылуы» демекші, бұл елдер ба­тыстың ыңғайына жығылып, ан­тикоммунистік саясат ұстанған­дық­тан АҚШ бастаған капита­листік қауымдастық бұларға барынша қолдау көрсетті. Сөйтіп, бұл елдерге қарай батыстың же­ңілдетілген қарыз-несиелері, инвестицияларымен бірге осы за­ман­­ғы озық техника мен технология үлгілері ағылды. Әрине шетелден қарыз бен несиенің келуі бар да, оның қайтарымы мен пайда беретін салаларға салу тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінің сауатты да кәделі қадам-қарекеттер жасай білгенін атап өткен жөн. Әйтпесе, ондай қарыз-несиенің құмға сің­ген судай жолшыбай жырымдалып, ұрланып, не сұғанақ шенеу­нік­тердің қалталарына түсіп кеткен мысалдары жеткілікті. Кей­бір сарапшылар, бәлкім, мұндай тарихи жағдай мен мүмкіндік бол­мағанда бұл елдердің экономика­лық секіріс жасап, әлемдік дең­гейге көтерілуі екіталай еді, деген пікір айтады. Солай болуы да ық­тимал. Кейде өмірдегі немесе қо­ғамдағы кейбір кездейсоқ жайт­тар мен оқиғалар біреулерге ақ­жол­­тай болып, бағын ашып жатады.

Дегенмен де Азияның «жолбарыс» елдерінде 1960-90 жылдар аралығында жылма-жыл ІЖӨ Тай­вань мен Гонконгта 6,3 пайыз­ға, Оңтүстік Кореяда 6,9 пайызға, ал Сингапурда 7 пайызға өсіп отырды. Әлемдік өлшеммен қара­ғанда бұл расында да «экономи­калық керемет» деп айтуға тұрар­лық табыстар болатын.

Ал енді, «Азия жолбарыс­та­рының» екінші толқынына жататын Малайзия, Таиланд және Индонезия мемлекеттері конфу­ция­лық мәдениет пен дәстүрдің, тә­лім-тәрбиенің ықпалынан тыс жат­қандықтан бұлардағы эконо­ми­калық ілгерілеу мен өркендеу басқашалау сипатта жүріп, өзге­ше ыңғайда жүзеге асты. Алайда, зер салып, тереңірек үңіле қа­райтын болсақ, бәрібір Оңтүстік-Шығыс Азияның бұл елдеріндегі экономикалық өрлеуде этникалық қытайлықтар-хуацяолардың ай­тар­­лық­тай рөл атқарғанын аңға­рамыз. Қытайлық эмигранттар әуелден кішігірім қалаларға қо­ныстанып, негізінен cауда-сат­тықпен айналысты, біртіндеп осы саланы меншіктеп, иемденіп алды. Сыртқа тауарлар шығаратын да осылар болды. Үндемей жүріп-ақ басқаларға өсімге қарыз беру­шілерге, оларды кіріптар етуші­лерге айналды. Сырттай қараған­да бұлардың тыныс-тіршілігі жер­гілікті тұрғындарға ұсақ әрі елеу­сіз сияқты көрінді. Тіпті, ауық-ауық оларға шабуылдап, дүние-мүліктерін қиратып тастау оқи­ғалары орын алып отырды. Әйтсе де ың-шыңсыз талай шаруа тындыратын қытайлық эмигрант­тар­дың жанкешті іс-әрекеттерінің арқасында дамудың келешегін ай­қындайтын индустрия мен қар­жы-қаражат саласы солардың қолына көшті.

Бір айта кетерлігі, Малайзия мемлекеті өз жерінде табиғи ре­сурстардың – мұнай мен газдың, қалайы рудаларының, басқа да сирек кездесетін металдардың айтарлықтай қоры бар екеніне қа­рамастан жоғары технология­лық өнімдер, әсіресе, жаппай сұра­ныс­қа ие электроникалық тауарлар шығарып сатуға ден қойды. Оның үстіне 80-ші жылдары бұл елдің бағына атқарушы билікке «ұлттық құндылықтарға» басым­дық беріп, ең бірінші кезекте жо­йыла жаздаған малай тілінің мәртебесін көтеруді қолға алған Махатхир Мохаммад келді. Ол бас-аяғы он шақты жылдың ішін­де Малайзияны артта қалған аграр­лық елден алдыңғы қатар­дағы индустриялы мемлекетке айналдырды.

Жасыратыны жоқ, екінші тол­қындағы аталған елдерде этни­калық қытайлықтар үшін бірқатар шектеулер қолданылады. Мысалы, жоғары оқу орындарына түсу­де немесе мемлекеттік қызметке қабылдануда. Бұл шара тіпті, Малайзияда ресми түрде мойындал­ған. Соған қарамастан қытайлық­тар бизнес пен қаражат саласында жетекші рөлге ие. Мәселен, Индонезияда қытайлықтар тұр­ғын халықтың 2,5 пайызын құра­са да елдегі жеке капиталдың 75 пайызы солардың қолында. Осы сияқты, Тайландта тұратын 10 па­йыз қытайлықтар 50 пайыз қара­жатқа иелік етеді. Инвестиция­ның 90 пайызы солар арқылы жүреді. Филиппин елінде де капи­талдың жартысына жуығы 1,5 пайыздық қытайлықтардың енші­сінде. Бұған қоса олар көптеген салаларда өз кәсібін жетік мең­герген білікті мамандар болып саналады. Сондықтан да формальды түрде бірінші басшы жергі­лікті халықтың өкілі болғанымен барлық жұмысты жалдамалы қы­тайлық менеджерлер мен кәсіп­керлер атқарып, солар жүргізді.

Төрт аяғын тең басқандай бәрі жақсы болды деуге болмас. «Азия жолбарыстары» өздерінің даму барысында жетістікпен қатар қиындықтарды да бастан кешті. Басқасын айтпағанда, кешегі 90-шы жылдардың аяғындағы эко­номикалық дағдарыс бұларды да шарпып өтті. Бұл, әсіресе, Оңтүс­тік Корея мен Индонезияға ауырлау тиді. Шамалы уақыт ішінде корей ақшасы – вон құны екі есеге, ал индонезиялық рупий үш есеге жуық төмендеп кетті. Индонезияда парақорлық пен тамыр-таныстықтың кеңінен жайлап, асқынып кеткені соншалық, оның бір ұшы тікелей ел президентіне барып тіреліп жатты. Кейбір мәлі­меттерге қарағанда, елдегі 1247 кәсіпорын президент Сухарто мен оның туыстарының меншігінде, не жартылай иелігінде болып, олар бірқатар жеңілдіктер мен ар­тықшылықтарды пайдаланып отыр­­­ған. Мұның ақыры төң­ке­ріске апарып соқтырып, 1998 жылы генерал Сухартоның диктатурасы құлады. Оның орнына әл­сіздеу, алауыздау болса да аза­мат­тық билік орнады.

Міне, осы кезде тырнақ астынан кір іздейтін, шығыстың табысына онша қуана қоймайтын батыстың кінәмшіл сарапшылары «Азия жолбарыстарының» күні бітті. Олардың жетістігі көзбояу­шылық болып шықты. Дамулары интенсивті емес, экстенсивті екен. Бұларда ешқандай да еңбек өнім­ділігінің өсуі, өндірістің өркен­деуі болмаған. Сондықтан, бұлар­дың жуық арада оңалып, еңсе кө­теруі неғайбыл» деген тұжырым жасап, түрлі қауесеттер таратты. Бұл елдердің ұлттық ерекшелік­тері мен құндылықтары азиялық авторитаризм мен диктатураны бүр­кемелеу екен десті. Бірақ та, ол сәуегейлердің тұжырымдары мен болжамдары дұрыс болмай шықты.

Шындығында, 1997 жылғы қаржылық дағдарыс Сингапур, Тай­вань және Гонконгқа аса бір қиындық әкеле қойған жоқ. Дағ­дарысты көбірек сезінген Оңтүс­тік Кореяның өзі шұғыл жүргі­зілген шаралардың арқасын­да тез арада есін жиып алды. Мұнда 1999 жылдың өзінде ІЖӨ көр­сеткіші 10,2 пайызға көтерілді. Малайзия мен Таиланд та тез арада қайта қатарға қосылды. Бұл орайда әйгілі реформатор Махатхир Мохаммад өз елінің мұндай қиындыққа тап болуына экономика жөніндегі вице-премьерді кі­нәлі деп тауып, «халықаралық еврей капиталын» айыптады. Ол жүр­гізген шапшаң реформалар­дың нәтижесінде малай елінің экономикасы дағдарысты еңсеріп, ІЖӨ 1999 жылы – 5,4 пайызға, ал 2000 жылы 7,8 пайызға өсті.

Дегенмен, кешегі 90-шы жыл­дардың аяғындағы экономикалық дағдарыс Оңтүстік және Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдері үшін үнемі ескеріп отыратындай сынақ пен сабақ болды.

Кез келген нәрсенің артық-кемшілігі басқалармен салыстыр­ғанда білінеді. Осы тұрғыдан алғанда біз тәуелсіздік алғалы бері қандай жетістіктерге қол жеткіздік, бағамдап көрейікші. Соңғы он бес жылда елімізде ІЖӨ орта есеппен жылына 7,6 пайыз шамасында өссе, тұрғын­дар­дың табысы 16 есе өсті. Жиырма жылдың көлемінде шетелдерден 170 млрд. доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл жан басына шаққанда 9200 доллардан келеді деген сөз. Мұндай көрсет­кіш ТМД елдері бойынша алдың­ғы орында екенімізді айғақтайды.

Рас, біздің жеріміз табиғи қаз­ба байлықтарға: мұнай мен газға, көмірге бай. Мұнда Менделеев кестесіндегі барлық дерліктей элементтер кездеседі. Әйтсе де ІЖӨ-нің жартысына жуығы ұлт­тық экономикамыздың өндіріс­т­ік саласында өндіріледі. Сондықтан да кейінгі кезде озық технологиялар пайдаланылатын электрон­дық, сандық және оптикалық-тал­шықтық құрылғылар өндіруге ден қойылып, автокөліктер мен электровоздар, вагондар, сондай-ақ, ғарыштық байланыс құрал­дары, навигация қондырғыларын құрас­тырып шығару қолға алынды. Жақын арадан бастап еуро­палық үлгідегі тікұшақтар да шығарыла бастайды. Осындай өндірістік, экономикалық қаракеттердің нә­тижесінде ІЖӨ көлемі әрбір қа­зақстандыққа шаққанда 1998 жылғы 1200 доллардан 2012 жылы 13 мың долларға жетті.

Өзінің даму барысында біздің Қазақстанның да «Азия жолба­рыс­тарына» еліктеп, солардың тәжі­рибесінен үлгі алуға тырысатыны байқалады. Малайзиядағыдай «Көк­­­жиек-2020» тәрізді бізде де «Қа­зақстан-2030» стратегиялық бағ­­дарламасының қабылданып, оның «Қазақстан-2050-ге» ұла­суы, экономикада индустриялық-инно­ва­циялық бағдарға ден қойылуы осының айқын айғағы. Бұл орайда Малайзияның премь­ер-минис­трі Нәджип Тун Разақ­тың: «Сіз­дер­дің елдеріңіз осы аймақта аса қолайлы инвестиция­лық жағда­йымен ерек­шеленеді. Біз Қазақ­станды Бір­тұтас эконо­ми­калық ке­ңістік рыногына шы­ғатын бір­ден-бір жол ретінде қа­растыра­мыз. Өз кезе­гінде Малайзия да Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын қақпа бола алады», дегені көңілге көк­жиекті үміттер ұялатады. Малай­зияның басқалардан бір ерек­шелігі – мұн­да экономиканың бас­қарылуы бес жылдық мерзім бойынша орта­лықтанған страте­гия­­­­­­лық жоспарлау үлгісіне негіздел­ген.

«Жақсыдан үйренсең – жетер­сің мұратқа» демекші, Қазақстан барысы да «Азия жолбарыстарына» еріп әлемдік экономиканың бір шыңына шығып жатса нұр үстіне нұр болмақ.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

журналист.