Руханият • 26 Тамыз, 2019

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау…

3679 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметтік желілерде, дастарқан басында да «қазақта кезінде Абай сияқты шалдар көп еді, Абайдың ел арасына тарап, атағының шығуы жазушы Мұхтар Әуезовке тікелей байланысты» деген әңгімелер белең алып, тіпті «Атың шықпаса, Абайға тиіс» деген заманға сай мақал пайда болды. Бұл әңгімелердің негізгі себебін Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласынан көреміз: «Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда».

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау…

Енді сол Абайдың әр жақ, бер жа­ғында өткен «басқа шалдарға» ғалым, жазушы Мұхтар Әуезов қалай баға бе­ріп еді, соған көңіл аударайық жә­не Мағжанның «алтын хакімі» бас­қа қазақтың ақындарынан немен ерекше­летіндігне көз жүгіртейік.

Хакімнің «Біреудің кісісі өлсе, қара­лы ол» өлеңі – сөз қадірі, өлеңнің өзі қалай болуы керектігі жайындағы Абай­дың жасауға мақсат қылған және жа­са­ған, қазақ поэзиясын мүлде жаңа деңгейге көтерген, өз заманы үшін ой­лы сөз өрнегі үлгісінің «теориясы».  Кісі өліп қайғырса да, жастар үйленсе де, бала туса да, қуанса да, ренжісе де қазақ тұрмысының өлеңмен біте қай­на­сып тұтасқандығының, жалпы ұлттың ақынжанды екендігін көрсете отырып, сонымен қатар, сөз ұқпайтын надандардың  да бар екенінен хабар береді. Өлең ақын қырықтан асып, «қайғы ойлап», толысқан, ақындығы жалпақ жұртқа белгілі бола бастаған кезде 1888 жылы жазылған.

…Шортанбай, Дулат пенен

Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау…

1909 жылғы шыққан ақынның бірінші өлең жинағында бұл өлең «Бұрынғы жақсылардан өрнек қылған» атпен белгілі болып, осы екі жолдың соңғысы «Өлеңі бәрі жамау, көбі құрау» деп жазылған.

Аталған  өлеңіндегі «Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» деген жол Абайдың ойлы оқырманының өзіне «неге» деген сұрақ қойғызғанына күмән жоқ. Бұл жайында сан мақала жазылып, пайымдаулар айтылған, айтыла беретіні де сөзсіз. Ең бірінші бұл сұрақты өзіне қойғанның бірі Мұхтар Әуезов десек тағы артық айта қоймаспыз. Астын сызып айтпаса да, бәлкім өзі үшін айтуға да тұрмайтын, тым түсінікті болса да ғұлама жазушы жанама болса да бір жерде белгі қалдыруы керек еді… Дулаттың атын атамаса да, Шортанбай, Дулат пен Бұқар жыраулар бізге «зар заман» ақындарының өкілдері ретінде Мұхтар Омарханұлының «Зар заман ақындары» деген еңбегінен белгілі. Жазушы «зар заман» ақындары дәуірін Асан қайғы мен Бұқар жыраудан бастап, Абайға дейін әкеліп, Нарманбетпен аяқтайды. Ішінде Махамбет пен Ыбырай Алтынсарин де бар.

Абай бұларды неге менсінбейді, ха­­кім көзқарасында бұлардың қандай кемшіліктері бар еді? Бұған жауап бе­ру үшін сұрақты сәл басқаша қой­сақ, Абай­да бар, аты аталған зар заман ақын­­­дарында жоқ не бар? Бұл жауаптар ақынның осы «Біреудің кісісі өлсе, қа­ралы ол» өлеңі мен жазушының «Зар за­ман ақындары» деген еңбегіне тұрған­дай…

Аталған еңбектен дәйексөздер: «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақын­дардың барлығына «зар заман» ақын­дары деген ат қойдық»…

…Онан соң ескі әдебиет жұрнақ­та­рының барлығында бір бетте бір мақ­сатқа қарай тартқан бағыт жоқ. Ел­ді үйретіп, түзеп тастаймын, мұңын жоқ­таймын деген тілек жоқ…

...Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен аз ғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел жайылады... Бірақ қазақ тарихында Кенесары дәуірінің ауырлығы жалғыз Кенесарының өз тұ­сында туған жоқ. Ауыртпалық арғы жер­ден, Абылай заманынан басталды дегенбіз. Қазақ елі қайда барып, қайда тұратыны туралы, басына келе жатқан ықтиярсыздыққа қарсы не шара қолдану туралы ең алғашқы рет қатты толғанып, ойланғаны Абылай тұсында болатын. Сол Абылай тұсында ілгергі күннің талай жұмбағына шешу айтылған сияқты болып, саяси бет, негізгі пікір сол кезде белгіленіп, қалыптана бастаған. Сол күнде-ақ, мүмкін болса, патша үкі­ме­тіне бағынбай, елдің өз іргесін өз беті­мен бөлек сақтау түбегейлі ниет сияқ­ты нық байланған болатын. Орысқа қа­раған күнде ел басына құлдық, зорлық, ауыртпалық келетіні ел басшысының барлығына белгілі болатын...

...Ақынның (Ыбырай Алтынсарин) қалың елге айтқан өсиеті көмескі, ұғым­сыз. Өз заманындағы оқымаған надан көпшілікке ешбір үміт арта алмаған сияқ­ты, олардың қолынан іргелі елдік ке­ле­ріне де сене алмағандай. Сондықтан қалың елге кейде таза адамшылықты ем қылады. Кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішін­де дін сарынын шығарып, дін мей­ма­налығын көп ұсынатын ақын Алтын­сарин...

Кішкене қорытынды жасасақ, «зар заман» ақындары «бір сарынды өлең айтты», «бір мақсатқа қарай тартқан бағыты болған жоқ». «Елді үйретіп, түзеп тастаймын, мұңын жоқтаймын деген тілектері жоқ», «зар заман күйі қалың елге түгел жайылады», «құл­дық, зорлық, ауыртпалық келетіні ел басшы­сының барлығына белгілі болатын», «қалың елге айтқан өсиеті көмескі, ұғым­сыз. Өз заманындағы оқымаған надан көпшілікке ешбір үміт арта алмаған сияқ­ты, олардың қолынан іргелі елдік келеріне де сене алмағандай».

Әр заманда, жалпы әдебиет, ауыз әдебиеті, өнер, эпостық жырлар, өлеңдер ұлт руханиятының негізі болып, ұлттың мәдениетінің, ой-өрісінің дамуына әсер етіп, қоғамның қозғаушы күш рө­лін ат­қарып отырғандығы күмән  туғыз­байды.

Бұқардан Абайға дейінгі жүз елу, екі жүз жылға жуық уақытқа со­зыл­ған «зар заман» дәуірінде «зар за­ман» ақындарының өлеңдерінде ұлт­тың мі­незін өзгертетіндей, ұлтты сіл­кін­діретіндей үлкен идея болмады, айт­қандары қалың жұртқа онсыз да бел­гілі жайттар болды. Ол ақындар өз за­манының проблемаларын көтеріп айт­қанымен нақтылы шешуін айтып, жолын көрсете алмады.

Дәйексөздер: ...Анығында, өсиетшіл қария, толғаушыл жыраудың негізгі мін­деті өлеңшілік емес, елге басшылық іс­теп, басалқа айту болатын...

...Әуел басы Асаннан (Асан қайғы) басталып, барлық зар заман ақын ұлдары осы сұрақтың алдында не дерін білмей, қайғылы қара жамылып тұрып, амалы құрығандықтан күрсініп жылап, кү­ңіреніп өткен. Бүгінгі күні – қайғы кү­ні толып жатқан жара сияқты, ауыр дерт, ащы азап күні. Бірақ алда не болады? Қай жарға апарып соғады? Шығар жол, көрер сәуле бар ма? Оны ешкім біл­мейді. Сол жолды білмегендіктен ел қа­мын ойлаған ойшылдың барлығы да тығы­рыққа қамалған сияқты. Шығар есік табылмаған соң, зар менен шер жеңеді. Сол сұрақ, сол жұмбақ, жүз жылға шейін шешілмеген. Сондықтан жүзден аса жыл бойында қазақтың есі кірген әдебиеті ылғи бір-ақ сарын, бір-ақ бағытпен өтеді. Ол бағыты – зар заман...

Әрине, «зар заман» дәуірі ақындары Кенесары, Исатай-Махамбет және басқа да көтерілістеріне ықпал етіп, халықтың рухын көтеріп, идеологиялық рөл атқа­рып, ел бірлігіне әсер еткеніне дау жоқ. Бірақ жалпы халықтың ұстанымы, көз­қарасы ескі бағытта қалып отырып, заман ағымынан кейінде қалып, ұлт сапалы өзгеріске ұшырамады.

Қазақ қоғамында бұл «рухани кри­зистің» шешімінің табылуына үлкен сұ­раныс туды, өзгерісті керек  етті, Еуро­падағы, әлемдегі бірінші ғылыми-өнер­кәсіптік революцияның сыртқы әсе­рі, Ресейдің отарлау саясатының жаңа қадамдары Шоқан, Ыбырай, Абай­лардың тууына алғышарт болды.

 Осы «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңде хакім өлең жазудағы мақсатын ашып айтады:

...«Мақсұтым – тіл ұстартып,

өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып,

көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін

ойлы жас жігіттер»...

«Зар заман» ақындары «надан көп­шілікке ешбір үміт арта алмаса», Абай «наданның көңлін қойып, көзін ашпақ», қалың бұқараны тәрбиелемек, «көпті ебін тауып, жолға салмақ», «тіл ұстартып, өнер шашпақ»,  «Өнер – өзі де байлық, өнер­ді үйренбек – өзі де жақсылық, жа­рыл­қаушылық». Өнер алды – қызыл тіл, ой толғаған сырлы тіл, өлеңде ой тол­ғайтын идея тұруы керек, одан «ойлы жас жігіттер үлгі алып»,  ұлттың сапасы өзгеріп, ескі құндылықтардың негізінде, жаңа заманға лайық жаңа құндылықтар жасай білуі керек.

Абайдың бұл мақсаты орындалды, жүз елу-екі жүз жылға жуық «зар заман» ақындары іздеп таппаған жолдан кейін, ақын бір бағытта мақсат қо­йып, қоғам кемшіліктері мен адам міне­зін сынға алып және оларды қалай тү­зеу керек екендігінің, ендігі жол елді ағар­ту арқылы надандықты жеңу, еуро­палық білім-ғылым жолы екендігін көр­сете білді. «Хақтың сәулесі түскен» ха­кім­нің ел арасына өлең, қара сөз болып тараған идеялары сана төңкерісіне әкеліп,  іле-шала  мыңдаған жылдық түр­кі тарихында көшпелі жұрттың мүлде жаңа сападағы ұрпағы Әлихан, Ахмет, Мұстафа сияқты дүлдүлдердің дүниеге келуіне тікелей әсер етті.

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол,

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады ол?

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,

Қыз таныстыр – қызыққа

жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар-жар мен

беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?

Бала туса, күзетер шылдақана,

Олар да өлең айтар шулап жаңа.

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең.

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,

Айтсаң да үддасынан шыға алмайсың.

Сен білмейді екен деп айтпасын ба,

Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?

Өлең деген – әр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімнің ұнасар таласуы?

Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді,

Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.

Қадірін жақсы сөздің білер жанға

Таппай айтпа оған да айтар кезді.

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,

Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?

Сүйенерлік адамды құрмет қыл,

Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.

Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,

Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.

Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,

Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.

Шортанбай, Дулат пенен

Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр

кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп

тұр-ау.

Мақсұтым – тіл ұстартып,

өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып,

көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Бүгінгі жазба ақындар мен  айтыс ақындарының біразының «зар за­ман» ақындарының кейбір тұсын қай­талауы да бар, әрине өлең көркемдік тұрғыда өлшеусіз өскен, дамыған, ай­тыс үлкен шоу деңгейіне жеткен, бірақ ғиб­ратты ой айттым, елдің мұңын жыр­ладым, мұқтажын айттым дегендер жа­һанданған дүбара заманның дауы­лы мен қазақтың бүгінгі жағдайын, дүние­танымын қабыстыра алмай Мұх­тар Әуезов айтқандай «Шығар есік та­былмаған соң, зар менен шер жеңіп... қалың елге кейде таза адамшылықты ем қылады. Кейде дін өсиетін үлгі қы­лып ұстайды», мәселені көтергенімен ше­шудің жолдарын көрсете алмайды, онсыз да жалпақ жұртқа белгілі мәселелер қағаз бетінде, не сахнада өлең түрінде жетіп, қалың оқушы мен тыңдаушы өзі айта алмағанын оқып, не естіп айызы қан­ғанмен, қазандар жабулы күйінде қала береді.

Бұл тұрғыдан қарағанда Абай әлі ескірмеуінің бір себебі көрінеді, оның бі­лім-ғылымға, әділет пен мейірімге ша­қырған идеялары әлі өзінің маңызын жоғалтпады. Астын сызып айтар жайт, хакімнің өзінің сол жолды ұстануы, өмі­рінің принциптеріне айналдыруы, та­бандылық танытуы, сөзі мен ісінің бір жер­ден шығып жатуы. 

Мағжан заманында «орыс-қытай алыстан салмақ салған» болса, бүгінде сол екеуі бар, басқалары бар ішіңе кіріп, «бітеу сорғысы» келген,  заң басқа, заман басқа болып, ел ішіндегі қордаланған мәселелер шешімін таппай жатқан соң, ұлт тәрбиесінде ақын-жазушыларды, жур­налистерді, блогерлер мен әлеу­мет­тік желідегі «қазаққа күзетші» болғысы келгендердің барлығын «ебін тауып, өз­гені де, өздерін де жөнге салып», Абай­дың ізімен ұлттың мінезін өзгертіп, бас­қа сапа деңгейіне көтеру кезегі күтіп тұр, бір қуаныштысы, ол үрдіс басталып кеткен...

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе,

дәмі кетпес,

Қарадан хакім болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып енді күтпес.

(Мағжан)

 

Сұлтан ЫБЫРАЙ,

абайтанушы