Спорт • 26 Тамыз, 2019

«Астана» БАТЭ-ні талқандады

302 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорданың «Астана» футбол командасы өт­кен бейсенбі күні Еуропа лигасының іріктеу ке­зеңін­дегі кезекті ойынын өткізді. Бұл жолы жерлестеріміз турнирдің плей-офф сатысында Беларусьтің БАТЭ командасын қабылдап, 3:0 есебімен басым түсті.

«Астана» БАТЭ-ні талқандады

«Астана» Еуропа лигасының соңғы төрт ойынынан бері әр матчта ірі есеппен жеңіске же­тіп келеді. Бұл жолы да БАТЭ қақ­пасына жауапсыз үш гол соқты. Роман Григорчук пен оның командасы ақырындап өз ойынын тауып, тұрақтылыққа үйреніп келе жатқан сияқты. Неге десеңіз, бас бапкер аталған төрт ойында да бір құрамды ойнатып жүр және 4-5 футболшы әр ойында тұрақты гол соғуда.

Матчқа дейін бірқатар футбол маманы болжағандай кездесу тең дәрежеде басталды. Де­генмен алғашқы қауіпті шабуылды БАТЭ футболшылары жасағанын айта кетейік. Кез­де­судің 20-минутына дейін командалар алма-кезек шабуылдап, қақ­па алдында бірнеше қарбалас сәт ұйымдастырғанымен, гол соға алмады. 23-минутта оң қапталдан Рунар Сигурьонссоннан пас алған Томасов қарсыластың үш бірдей қорғаушысын алдап өтіп, айып алаңына кірмей шірене тепкен добы қақпаның «тоғыздығына» топ ете түсті. Мұндай соққыны тек БАТЭ-нің ғана емес, әлемнің ең үздік деген қақпашылары да қайтара алмас еді. Хорватиялық футболшының бұл голына футбол мамандары таңданысын білдіріп, шетелдік басылымдар жарыса жазып жатыр.

«Астана» есепте алға шыққан соң басымдықты үдете түсіп, екінші голдың арасын суытпай­тын шығар деген ойда болғанбыз. Алайда БАТЭ ойыншылары қарымта ша­­буылға иек артып, сәт сайын Эричті мазалау­мен болды. Дей тұр­ғанымен қорғау­шы­ларымыз да дер кезінде орын­дарынан табы­лып, қа­уіп­тің бетін қайтарып отырды. Кез­десудің бірінші таймы аяқ­та­лар тұста Юрий Логвиненко әдет­тегідей баспен керемет ойнап, коман­дасының екінші голын соқ­­ты. Нәти­желі пастың авторы – Марин То­масов екенін айта кет­кен жөн. Осы­лайша, ойын­ның ал­ғашқы таймы «Астананың» ба­сым­ды­ғымен аяқталды.

Матчың екінші таймында Ро­­­ман Григорчук шабуылшы Фир­мин Мубеленің орынына Ро­ман Мұртазаевты алаңға шы­ға­рып, тактикаға аздаған өзгеріс ен­гіз­ді. Кезекті бір шабуыл сә­тінде қар­сылас команданың қор­­ғау­шы­сы өз айып алаңында Сигу­рьонс­сонды шалып құлатып, тө­реші 11 метрлік айып добын бел­гіледі. Исландиядан келген футболшы пенальтиден мүлт кетпей, таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Есепте үш голмен алға шыққан «Астана» ойыншылары ақырындап қорғанысқа көңіл бөліп, өз қақпасына гол өт­кізіп алмаудың қамын ойлады. БАТЭ ойыншылары есепті қыс­қартуға бар күшін салғанымен, осы ойында «Астана» қақпасына гол соғу олардың маңдайына жа­зыл­маған екен. Осылайша екі коман­даның плей-офф кезеңіндегі ал­ғашқы ойыны жерлестеріміздің ірі жеңісімен аяқталды.

«Астананың» бұл жеңісі туралы бірнеше шетелдік басылым да жазуда. Мысалы Боснияның Klix.ba сайтының тілшісі Омар Типура «Астананы» Чемпиондар лигасының деңгейіндегі коман­да деп атады. «Бұл керемет нәтиже. Шыны керек, мен «Астананың» қарсыластан басым болатынын білдім, бірақ мұндай деңгейде деп ойлаған жоқпын. Беларусь командасы қарымта ойында камбэк туралы ойламай-ақ қойса да болады. Меніңше «Астана» топтық кезеңге шығып тұр. Жалпы қазір қазақстандық команда БАТЭ, «Лудогорец», «Са­раево» және тағы басқа клубтарынан бір бас жоғары. Бұл команданы Чемпиондар лигасының деңгейінде деп есептеймін. «Ас­тана» Еуропа лигасының топтық кезеңінен сәтті өтіп, 1/16 финалға шығатынына сенім білдіремін», дейді босниялық журналист.

Сондай-ақ Беларусьтің by.tri­buna.com басылымы «БАТЭ бірнеше жылдан бері Еуро­ку­бокта соншалықты үмітсіз кө­рін­беген еді. Енді бір ғажайып орын алмаса, «Астанадан» ба­сым түсу өте қиын» деген та­қы­рыпта көлемді материал жа­риялаған. Мақаланың соңы былай аяқталады: «Үш жыл бұрын БАТЭ Қазақстанда «Астанадан» 0:2 есебімен жеңілген еді. Ал қарымта ойынның алғашқы тай­мында Ермаковичтің (сол кез­дегі БАТЭ-нің бас бапкері – ред) шәкірттері қалай ойнағаны есте­ріңізде ме? Гордейчуктің голы бар­шаға үміт сыйлағанымен, ғажайып оқиға болмаған еді. Бір аптадан кейін сол ғажайыптың биыл қайталанатынына сенесіз бе? Мүмкін Алексей Баганың бапкерлер құрамы жаңа тактикалық жүйе ойлап табар немесе БАТЭ-нің бейнеоператоры киінетін бөл­меде мотивациялық бейне көр­сетер? Сонда ғана... Сонымен бір ға­жайыптың боларына сенеміз бе?».

Расымен, футбол болжап болмайтын ойын. Қарымта матч­та БАТЭ ойыншылары топтық кезеңге өту үшін барын салары анық. «Астана» ойын­шылары жеңістің әсерінен тез шығып, қарымта матчта барынша сауатты ойнау керек. Әйтпесе, by.tribuna.com басылымы жаз­ғандай Беларусь командасы бір ғажайыптың арқасында «Аста­наны» қапы қалдыруы әбден мүм­кін.

Қос команда арасындағы жауап кездесуі 29 тамыз күні Бела­русьтің Борисов қаласындағы «Борисов-Аренада» өтеді. Сон­дай-ақ осы жолдардың авторы да аталған стадионнан ақпарат таратып, «Астананың» топтық ке­зеңге өткені туралы сүйінші сұрамақ ниетте.