Руханият • 26 Тамыз, 2019

Сөз сойыл №86

12615 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №86

БІРДЕ...

Академик білмегенді білген ақын

 1980 жылы Торғай облысында Қазақстан әдебиетінің апталығы өтеді. Академик Мұхамеджан Қаратаев бастаған жазушылар тобы Арқалық педагогикалық институтына барып, ректор Р.Башаровтың кабинетінде оқытушылармен әңгімелесіп отырғанда, Мұхаң сатирик-ақын Сейіт Кенжеахметұлынан бір өлең оқып беруін сұрайды. Сол жерде Сейіт өзінің «Басқа бермесін» деген әзіл әңгімесін алғашқы рет оқып, жұртты «қырып салады». Жұрт күлкіден есін жиып, көз жасын тыйып болғаннан кейін, Мұхаң:

 – Сейіт, мынауың өлең бе, әлде әңгіме ме? – деп сұрайды.

 – Бұл оң жағынан қарасаңыз өлең, сол жағынан қарасаңыз әңгіме, – деп сатирик тағы бір жұртты күлдіріп алады. Сонда Мұхаң:

 – Сен өзің осынша ауру түрі мен адам мүшесінің атын қайдан тапқансың? Мен соның кейбіреулерін білмеймін, – деп ағынан жарылыпты. Сейіт сол кезде :

 – Япырм-ай, мен сонда академиктің білмегенін біліп тұрғаным ба? – деп жездесі Мұхаңды да іле кетіпті.

Кім жоғары тұрады?

 Арқалық педагогика институтының тұңғыш ректоры, белгілі ғалым Мырзағали Төлегенов пен Сейіт екеуі жақсы дос болған және бірін-бірі көргенде әзілдеспей өте алмайды екен. Сондай бір кездесуде Сейіт:

 – Ассалаумағалейкум, профессор, – депті.

 – Уағалейкумассалам, доцент, – депті Мырзекең.

 – Сіз мені неге доцент дейсіз, мен ақын емеспін бе? – депті Сейіт.

– Оның мәнісі бар, Сәке, егер сені доцент десем, өзім жоғары тұрам да, ал ақын десем, онда сен жоғары тұрасың ғой, – деген екен ғалым.

Кітапқұмарлық

 Сейіт – кітапқұмар адам. Үйінде сирек кездесетін кітаптар өте көп, кітапханасы да бай. Бірде кітап дүкенінен кітап алып жатса, өзінің сүйікті, әзілқой да тапқыр, әнші, домбырашы інісі Жұмағали Өмірбеков келіп:

 – Осыншама кітапты не істей бересіз? Мына қалпыңызбен балалар мен жеңгейді аштан өлтіресіз ғой, – депті.

 – Аштан өледі екенбіз деп, кітапсыз қаламыз ба? – депті сонда Сейіт.

Жұбату

 Жазушылар Мақан Жұмағұлов, Галина Черноголовина және Сейіт Кенжеахметұлы Торғай облысындағы Державин ауданының егіс алқаптарын аралап, диқандармен кездесулер өткізіпті. Сондай күндердің бірінде алақанына салып, бидай үгіп тұрған Мақанның алақанына бидай қылқаны кіріп кетіпті. Оны ауырсынған Мақан жәрдем сұрап жанындағы Сейітке :

 – Мынаны қарашы, Сейіт, алақаныма қылқан кіріп кетті, енді не болар екен? – десе, сатирик інісі:

 – Алақай, дұрыс болды, енді алақаныңызға бір топ бидай өсіп шығатын болды, – деп жұбатыпты.

Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ

Нұр-Сұлтан

 

Неден сасқаны бар!

«Барған жерінде бүлдіріп қойды»,

Дей берсін,

Миығынан бір күліп қойды.

Ана жерден қуылып еді,

Мында әкеліп,

Піскен нанды тілдіріп қойды.

Барған жерін,

Ойып-ойып қазудан,

Қорықпайтын жүрегі бар,

Өйткені, анда,

Құдайдан кейінгі тірегі бар.

Өмір оған,

Шахматтың тақтасы,

Бұл сол тақтада,

Қарап жатпасы...

Екі жеп биге шығар,

Ақ періште – ақ тасы!

Аннан ауысып,

Мында келеді.

Мыннан ши шықса,

Тірегінің айтқанын,

Тыңдап ереді.

Барған жеріне қол,

Білегімен бойлайды.

Үңгіп-үңгіп қазғанын,

Тауыспай қоймайды.

Өйткені, тек өзін емес,

Тірегін де ойлайды.

 Бұның қол – күрегі қазғанда,

 Қазбаған жері аз маңда.

 Көртышқан, суыр, сары шұнақ,

 Жолда қалады.

 Бұл қол – күрегімен

 Бір алғанда,

 Аяусыз, молдап алады.

 Тек өзіне емес,

 Тірегіне де,

 Жүрегін жібітетін,

 Олжа салады.

 Ол, солай!

Бұл өзі қазып-қазып,

Сол бойынша түрлі құжат,

Жазып-жазып,

Жатып алады.

Жатып алатыны,

Тексеру – жан алғыштарды,

Түп-тамырымен,

Сатып алады.

Өйткені, ол қазғанда,

Бәріне жетердей,

Жердің жеті қыртысына,

Батып алады.

 Бұл қазғышты күткен қазанның,

 Майлы қаспағы бар.

 Майлы қаспақтан айырмайтын,

 Көке – тірек, «аспаны бар».

 Ол тұрғанда қаза бермей,

 Неден сасқаны бар?!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ

Атырау

 

сөз сойыл

Мұндай да болады...

Құдалықта бір құда құдашамен билейін десе болды, музыка өшіп қала береді екен... Сөйтіп 5-6 рет қайталанады. Жаңағы құда құдашаға: «Сіздің қандай құдіретіңіз бар, сізбен билейін десем музыка өшіп қалады» десе, құдаша: «Конешно, музыка қойып отырған менің күйеуім» депті...

***

Келіншек үшемді дүниеге әкелді... Қазір дәрігерлер оны естіп құлап қалған әкенің денсаулығымен арпалысуда...

***

Қалта қаражатым мен үйдегі тоңазытқышқа үңіліп көріп көңілімнің құлазып кеткені... Теледидарды қоса қойып едім.... бәрі керемет....

***

Парижде өткен халықаралық суретшілер байқауының соңы дау-дамайға ұласты... Сөйтсе, ғажап деп танылған сурет – сол жәрмеңке кезінде өрт шыға қалса содан құтқарудың жөн-жобасы болып шығыпты...

 

сс

Кәсіпкер болдым, мінеки...

Табақтай дипломды қалтаға басып, екі қолға бір күрек таппай сарсылып жүрген көңілсіз күндердің бірінде туысқаным Тұрсынбек тосын ақыл айтты. Қазір біреуден қарыз алғаннан ақыл алған арзанырақ. Сосын біздің халық ақыл айтқанға келгенде алдына жан салмайды емес пе?

- Ех, досым, дипломды басыңмен далбасалап далада қалыпсың. Қазір мың дипломын болса да «көкесіз» қызмет табу қиямет. Сен одан да кәсіпкерлікпен айналыс. Жұрттың алып жатқан несиесін сенің де алуына болады. Құдайға шүкір, бізде жер жетеді. Малды адам жалды адам. Біреуге күжірейтіп жал көрсетіп жүру де бір бақыт. Ата-баба кәсібі, мал асыра. Екі-үш жылдан соң мұрныңнан қара құрт түсіп, шырт түкіріп тұрмасаң маған кел!-деген ақылы қолыма қонған бақ құсындай сезілді емес пе?

Сонымен қажет құжаттарды қолтықтап қарағайдай мекемелердегі Толағайдай ағалардың алдына арсалаңдап жетіп бардым. «Ана құжат қайда?» деді түксиген төр иесі. «Мына құжат қайда?» деді есіктегісі. Зыр жүгірдім. Таптым. Олар бәрібір тиісті қаржыны қолыма ұстатпады. «Оқы» деген жеріне барып оқып келдім. «Шоқы» деген жерін шоқып келдім. Бәрібір тас емен ағайлардың түстері жібитін емес.

- Ақымақ, олардың қолдарына бірдеңе қыстыру керек,- деді ақылшым.

Қыстырдым. Мұнан соң құжатқа қол қоятындардың барлығына шүлен үлестіріп шықтым. Оларда заң солай екен. Сарсылтып барып қаржы қолға тиді-ау ақыры. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегенді естуші едім. Сол сөз  сөз-ақ екен. Көңілім нілдей бұзылды. Бұзылмай қайтеді, несиеге алатын қаржым қора салуға да, мыңғыртып мал алуға да еркін жететін сияқты еді.  Кәрі ешкінің жүнін сыпырып алып қалатын шеңгел сияқты жол-жөнекей жұлмалап үлес алып қалатын жарылқаушыларым түгімді қалдырмапты. Еркек біткеннің ашуын әйелінен алатын әдеті бар емес пе? Сол күні сүйіп қосылған қосағымның қойыртпағын ақтарыппын. Көрінгенге тиісіп,жынданып кетуге шақ қалыппын. Сөйте тұра ақылшы ағам тіршілігімді көрмек болып  келгенде «мен кәсіп ашамын» деп мақтаныппын.

сс

Қатекең екеуіміз қолға түскен қаржыны әрі санап, бері санап  қотыр ешкі құнына да жеткізе алмадық. Не істемек керек? Қарызды қайтармасаң қараң қаласың. Тиісті мекемелерге «мынаны қатырып жатырмын» деген есеп беруің де керек екен. Ой түбіне жете алмай есуастар еліне сапар шеккелі отырғанымда шашы ұзын, ақылы қысқа қатекем ұсыныс айтты.

- Еркексің ғой. Езілме. Мына қаржыға базардан балапан сатып алып өсіруге болады. Кейін тауық көбейгенде жұмыртқасын сатамыз. Жүнін сатамыз. Бүгінде тауық еті таптырмас ем. Бүйенінде бүйісі барлар тауық сорпасын ішеді. Бізге бұдан бөлек бизнестің реті де орайы жоқ,-деді  жанторсығым.

Қазір аулам шүпірлеген балапанға толы. Сап-сары балапандар шиық-шиық етіп шауып жүреді. Құйтақандай түрлеріне қарамай өз несібелерін тауып жүреді.  «Олар тапқан несібені мен неге таппаймын?»  деп ұзақ-сонар ойға шомамын.  Әйелім айтпақшы, еркек емеспін бе, еңсемді көтерейін. Мына балапандар аман болсын. Бұлар аман болса мені әлі талай шыңдарға шығарады.

Не дегенмен, бүгінде кәсібім бар. Үйге келгендерге «кәсіпкер болдым,мінеки» деп шіренемін. Осы шіренісімді шөжелер жақтырмайды-ау шамасы, шиқылдаулары көбейіп барады...

сс

 

          Сабырбек ОЛЖАБАЙ

 

Саудадағы сыңар езу

 Дүкенде:

 – Маған бір кило сүт беріңізші.

– Біз сүтті килолап сатпаймыз.

 – Онда жарты метр беріңізші.

***

 Қаладағы мал базарында:

– Мына жылқыңыз семіз екен, өзі жуас әрі ақылды сияқты ғой.

– Иә, үш рет саттым, үшеуінде де ауылдағы үйді өзі тауып келген.

***

 Үш жігіт дүкенде сауда жасап тұр:

– Бізге үш жәшік сыра, бір жәшік арақ, бір жәшік газдалған сусын, 10 қорап темекі, балық пен шұжықтан үш келіден және оншақты бөлке нан беріңізші.

Сатушы жігіт:

– Мен де барайыншы...

***

 Базарда:

 – Нарынқолдың картобы бар ма?

– Бар. Шымкенттен жаңа ғана әкелдік.