Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Бас директоры Парамжит Калон екеуі Саран, Абай және Шахтинск қалаларында болып, көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Облыс әкімі оларға қажырлы еңбектері үшін Елбасы мен ел Президентінің атынан алғыс айтты.
– Кеншілер күні – біздің өлкеміздің сүйікті мерекесі. Қарағанды облысын дәстүрлі түрде кеншілер өңірі деп атайды және біз оны мақтан тұтамыз. Елбасы өзінің құттықтау жеделхатында шахтерлердің жұмысын жоғары бағалады. Ол кеншілерге әрдайым үлкен құрметпен қарайды және кеншілер еңбегінің қаншалықты қиын екенін біледі. Бұл күндері Қасым-Жомарт Тоқаев біздің облысқа сапармен келіп қайтқан болатын. Ол мемлекет тарапынан өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша шаралар жалғастырылатынын атап өтті, – деді өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, облыс әкімі билік тарапынан шахтерлер мекен ететін қалалардағы жағдайды жақсарту және тұрмыс сапасын арттыру бойынша қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалатынына уәде берді. Әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешілуде, тұрғын үй салынып жатыр, жолдар мен аулалар ретке келтірілуде, деп атап өтті ол.
Облыс орталығында мереке күні Қарағанды көмір бассейнінің тарихы, кеншілер кәсібінің беделі мен ерлігін тақырып еткен театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтауға еліміздің эстрада жұлдыздары мен атақты өнер ұжымдары келді. Шахтерлер үшін өзбектің «Ялла» вокалды-аспаптар ансамблі, «Голос.Дети» байқауының жеңімпазы Ержан Максим және «Раим и Артур» танымал дуэті өнер көрсетті.
Сондай-ақ «Шахтерская слава» вокалдық байқауында кеншілер өздерінің әншілік таланттарын көрсетіп, өнер жарыстырды. Кеншілер астанасына арналған дәстүрлі ретро-концерттің де көптің көңілінен шыққанын айта кеткен ләзім.
Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары үшін орталық саябақтың жағалауында Венгрия, Испания, Сербия және Италиядан келген өнер ұжымдары концерт қойды. Шетелдік өнерпаздар жақында ғана Ұлытауда өткен Jezkiik этникалық музыка фестиваліне қатысқан болатын. Кеншілердің керемет өткен мерекесін кешкілік отшашулар түйіндеді.
Қарағанды облысы