Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Биыл Алматы облысында 50 000 бала 1-сыныпқа барады

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы демографиялық дүмпу мен миграциялық ахуал аймақтағы әлеуметтік қызметтік көрсету нысандарына деген сұранысты жыл сайын арттырып келеді.

Биыл Алматы облысында 50 000 бала 1-сыныпқа барады

Мысалға, соңғы бес жыл аралығында облыстың ресми тіркелген тұрғындарының саны 300 000 адамға көбейген. Демек, тұрғындарға қызмет көрсетудің үлесі де мейлінше өсір отыр деген сөз. Бұл жағдай әсіресе облыстағы орта білім беретін мектептердің жетіспеушілігі мен 3 ауысымды оқытуды болдырмауға кедергі келтіретін анық.

Биыл Жетісуда елу мыңға жуық бүлдіршін тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттамақшы. Білім басқармасының деректері осылай дейді. Өткен оқу жылында 45 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа келген еді. Облыс бойынша былтыр 7 мектеп жаңадан салынып, қолданысқа берілген болатын. Биыл тағы 5 мектеп жаңадан ашылады. Мұның үшеуі қазір оқушы қабылдауға кіріскен. Осыған қарамастан өңірдегі мектеп жетіспеушілігі мен орын тапшылығы сезіліп отыр.

- Білім күніне 5 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның үшеуінің құрылысы толық аяқталды. Қалған 600 орындық 2 мектеп сатылап іске қосылады. Жалпы 3 ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін шешуге бағытталған кешенді жоспарға сәйкес, тағы 6 мектептің жоба-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысы жасалды.  18 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.  Бұл құрылыстар 2019-2022 жылдар аралығында салынып бітеді, - дейді Алматы облыстық білім басқармасы күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Гүлмира Қажыбекқызы.

Мамандардың есебі бойынша өңірдегі 760 мектеп жаңа оқу жылы сақадай-сай. Күрделі жөндеу жасалған, интернет желісі мен басқа коммуникация жүйесі толық жабдықталған. Дереке сенсек, облыс бойынша биыл 31 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына  7,8 миллиард теңге бөлініпті. Жоғарыда айтқанымыздай, 19 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оған республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге жұмсалуда.  

- Мемлекет тарапынан оқу ісін қаржыландыру да жылдан жылға өсіп, жаңа мектептер қатары толыға түсуде. Мәселен, мемлекет қолдауының арқасында биылғы жылы облыста  білім саласының 20 нысаны, яғни 15 мектеп пен 4 колледж салынуда. Осы мақсатқа 9,9 млрд. теңге бөлінсе, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 8,2 млрд. теңге қарастырылған. Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша жаңа оқу жылында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Бұл ретте соңғы 5 жылда облыс халқының саны 300 мыңға артқанын айта кету керек. Осы орайда облыстық білім басқармасы, аудан, қала әкімдеріне жергілікті жерлердегі демографиялық және миграциялық көрсеткіштерді бақылап отыруды және жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тартуда нәтижелі жұмыс жасауды тапсырып отырмыз, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде Алматы облысына келген жұмыс сапарында жергілікті атқарушы биліктің бюджет қаржысын мақсатты пайдаланбауын сынаған болатын. Президент өңірлерде баспана, мектеп, басқа да әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі бола тұра, жергілікті биліктің облыс орталықтарына зәулім ғимараттар салуға құмар болып алғанын айтқан-ды. Мәселен, шағын қаланың бас жоспарына сай көріктендіру мен безендіруге бөлінген қазына қаржысының қисапсыз көп болуы әкімдердің әр ғимаратта өз қолтаңбасын қалдырып, атағын шығаруға себеп болуда. Өйткені, тұрғын саны 300 мың адамнан аспайтын қалалар үшін бірнеше қабаттан тұратын мәдени орталық пен жеке кеңсе ғимаратын салу тиімсіз екені анық. Ал бұл кезде өңірде мектеп жетіспеушілігінің салдарынан мыңдаған бала 3 ауысыммен біліп алуға мәжбүр болып отырғанын тілге тиек еткен еді Президент. Дәл осыған ұқсас жағдай Алматы облысына да тән екенін жасырмауымыз керк. Әсіресе, 3 ауысымды мектеп мәселесі өткір тұр. Мәселен, Жетісуда жақын жылдары  14 жаңа мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлініпті. Алайда, өңірдегі жағдай бойынша қосымша тағы 20 мектеп салу қажет екен. Бұған 29 млрд теңге қаржы кетеді.

- Облыс мектеп жетіспеушілігін шешу үшін жұмыс істеуде. Бірақ, аймақтағы демография қарқыны біз ойлағаннан асып түсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр. Мысалы, облыс аумағында жыл сайын 50 мыңға жуық бала туса, әр оқу жылында 40 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Демек, апатты жағдайда тұрған және 3 ауысыммен оқытып жатқан мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан салуға бөлінген қаржымыз аздық етіп отыр. Алдағы бір-екі жылда облыста 14 мектеп жаңадан салынады. Бірақ, сұраныс бойынша тағы 20 мектеп салуымыз керек, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Әрине, оқитын бала санының артуы мектептердің ғана емес, білім беретін ұстаздарға да сұранысты көбейтіп отыр. Қазір облыста орыс сыныптарындағы бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, ағылшын тілі пәндері бойынша 111 маманға қажеттілік бар екен. Кадр тапшылығын жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы шешуге талпыныс бар. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының шарапаты тиіп отыр. Өткен жылы өңірдегі білім беру ұйымдарындағы педагогтар қатары 1400 жас маманмен толыққан. Соның ішінде 1079 жас ұстаз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан. Жалпы «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы іске қосылған 10 жыл ішінде Алматы облысында 4328 жас педагог көтермеақы алса, баспана алуға 2 мыңға жуық бюджеттік несие беріліпті.

 

Алматы облысы