Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Қазақстан тарихының энциклопедиясы жарыққа шықты

1097 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында ҚР Президент әкімшілігінің, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы Қазақстан тарихы энциклопедиясының І томын жарыққа шығарды. Жобаны орындаушы топ осынау құнды басылымды шығаруда ҚР ҰҒА, Халықаралық Түркі академиясы мен Отырар кітапханасы, сондай-ақ гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық университеттерінің қолдауы зор екендігін айтады.

Қазақстан тарихының энциклопедиясы жарыққа шықты

Басылымның жалпы редакциясын басқарған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов атап өткеніндей, энциклопедияны дайындауда ерекше талаптар басшылыққа алынған. Қазіргі тарих ғылымы жаңа бір кезеңді бастан өткеруде. Өзгермелі заманда тарихшылар үшін жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдар мен зерттеу әдістерін қалыптастыра отырып тарихи үрдісті шынайы тануға ұмтылуы маңызды. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде жаңа методологиялық үлгідегі еңбектердің қатары толыға түсті.

«Қоғамның объективті тарихи білімге деген ынта-ықыласы мен қызығушылығы, Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі сабақтастығын жаңа айқындамалар тұрғысынан ашып көрсету жаңа сипаттағы энциклопедиялық басылымның негізгі бағытына айналды. Басылымда Қазақстан тарихнамасының жетістіктері, археологиялық ашылулар, этнологиялық талдамалар, Қазақстанның этностық тарихы, өмір сүру мәдениеті, дәстүрлі шаруашылығы, аумақтық тұтастығы, қазақ халқының бірлігі мен ұлттық мемлекеттілігі, Отан қорғау жолындағы ұлт-азаттық күресі, түркі халықтарымен өзара байланысы т.б. туралы өткізілген ғылыми-теориялық, тәжірибелік конференциялардың қарарлары, пікірсайыстардағы ұсыныстары мен тұжырымдары ескерілді» деген Зиябек Қабылдинов Қазақстан тарихының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихын қамтитын арнайы ғылыми-танымдық, анықтамалық басылымда қазақ мемлекеттілігінің экономикалық, саяси, демографиялық және әлеуметтік-мәдени даму үдерістері жан-жақты қамтылған. Жобаны орындауға республиканың барлық өңірлерінен жетекші тарихшылар, археологтар, этнографтар, филологтар, демографтар, шығыстанушылар, т.б. сала мамандары қатысты.

Тарих энциклопедиясын дайындаудың мазмұндық базасын ұзақ жылдар бойы ғылыми айналымға енгізілген ұлт тарихының өзекті мәселелерін ашатын отандық және шетелдік зерттеулер, архив материалдары құрайды. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында ұлттық тарихтың «ақтаңдақтарын» толтыру мақсатында жарық көріп, қомақты жаңа фактілер мен тың деректерді ғылыми айналымға енгізген еңбектерге баса назар аударылды. Сонымен қатар орталық және облыстық мемлекеттік архивтердің қорларындағы сақталған материалдар мен жеке тектік қорлардағы деректер де пайдаланылды.

Авторлар ұжымы, редакциялық кеңес және редакция алқасы қазақ халқының тарихын, этностық және этноаумақтық қалыптасуын, экономикалық, әлеуметтік, конфессионалдық, мәдени қырларын жан-жақты қамтитын тұжырымдалған, қорытылған және жүйеленген мәліметтерді жинақтап бере отырып, халықтың тарихи жадын, оның қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде өскелең ұрпақтың өздігінен білімін жетілдіруге және ұлттық тарихи санасының қалыптасуына ықпал ете алады деп сенеді.

Нысаналы-мақсатты бағдарлама аясында дайындалған энциклопедиялық басылым небары ІІІ томнан тұрады. Себебі, жобаның орындалу мерзімі де, қаржыландыру мәселесі де уақытты талап етеді. Ал дайындалуы бірнеше жылдарға созылған мұндай іргелі еңбекті жарыққа шығару ұлт тарихын зерттеудегі маңызды қадамдардың бірі. Энциклопедиялық басылымның әр томына екі мыңдай мақала енгізіледі деп жоспарланған. Энциклопедияға енген барлық мақалалар қолданыстағы әліпби тәртібімен беріліп, еліміз тарихындағы маңызды оқиғалар мен ұлтымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірінде ерекше із қалдырған тұлғалардың ғұмырнамасы жазылған мақалаларға басымдық берілді.

Ұсынылған энциклопедиялық басылымда Қазақстан тарихына қатысты оқиғалар мен құбылыстарды, қайраткерлерді, мәдени ескерткіштерді кең қамту көзделді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңес Одағының батырларын энциклопедияға енгізуде олардың Қазақстан аумағында туғандығы және әскер қатарына осы елден аттанғандығы ескерілді. Майданда «Даңқ» орденінің толық кавалерлері болған қазақстандықтар ортақ бір мақалаға топтастырылып берілді. Тәуелсіз Қазақстан кезіндегі мемлекет, өнер және спорт қайраткерлерін енгізуде олардың Халық қаһарманы, олимпиада чемпионы болғанына назар аударылды. Әрбір ру-тайпалар тарихына жеке-жеке тоқталуды басылым көлемі көтермейтіндіктен қазақ руларының тарихы «Қазақ халқының ру-тайпалары» деген көлемді мақалаға топтастырылды. Қазақ халқының тарихына айрықша еңбегі сіңген, тарихи даму үрдісінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалар, оның өзінде тек өмірден озғандар және айтулы оқиғалар іріктеліп алынды, яғни басқа ғылыми салалық энциклопедияларға енген материалдарды қайталамау басты назарға алынған.

Оқырманға ұсынылған Қазақстан тарихының энциклопедиясын дайындау барысында авторлар, редакторлар, ғылыми кеңесшілер мен пікір берушілерден тұратын шығармашылық топ қалыптасты. Басылымға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д. А.Тасболатов, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, т.ғ.д. Қ.Жұмағұлов, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д. Д.Қыдырәлі сияқты ғалымдар пікір білдірді. Жобаны орындауға ҚР ҰҒА академиктері – Б.Көмеков, Ә.Дербісәлі, Б.Кәрібаев; Тарих институтының қызметкерлері – С.Рүстемов, Қ.Алдажұманов, Ә.Дәулетхан, З.Төленова, С.Әжіғали, Р.Оразов және т.б.; сондай-ақ еліміздің тарихшы ғалымдары – Д.Байгунаков, Х.Тұрсын, С.Сыздықов, Н.Әлімбай, О.Қоңыратбаев, М.Тажмуратов, Ж.Ошан сынды және т.б. барлығы елуге жуық ғалым мен ғылыми сарапшылар жобаның дайындалуына атсалысты. Сонымен қатар энциклопедиялық басылымның сөзтізбесі де алдын ала дайындалып, белгілі тәртіппен республиканың барлық өңірлеріндегі жетекші мамандарға таратылып, айтылған ескертулер басшылыққа алынды. Алдағы уақытта осы энциклопедияның екінші және үшінші томдарын жарыққа шығару жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ