Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Екі айда еңсе тіктеген Арыс елдік пен ерліктің еңселі ескерткішіне айналды

1430 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Біз мінген жеңіл көлік Күнгейдің күн сүйген даласын таспадай тілген Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізімен зулап келеді. Түркістанға қарай тиегі ағытылған жолдан жырыла шығып, Арыс өзенін кесіп өтіп, тоғыз жолдың торабындағы Арыс шаһарына арнайы ат басын бұрдық. Санада сан түрлі сұрақ. Соның бірінің жауабын айдың аманында апатқа тап болған Арыстан іздеп барамыз. 

Екі айда еңсе тіктеген Арыс елдік пен ерліктің еңселі ескерткішіне айналды

Осыдан тура екі ай бұрын Арыс­та алапат жарылыс болған еді. Содан бері екі айдағы оқиғалар тізбегін көз алдымнан өткіздім. Сын сағатта өрт пен жарылыстың құшағында қалған Арысқа алғашқылардың бірі болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келгені, өртеніп кеткен үйді көріп, зардап шеккен тұрғындармен кездескені, ел үкіметіне қадап тұ­рып тапсырма беріп, ағайынға басу айт­қаны санамызда сайрап тұр. Елба­сы­мыздың да қабырғасы қатты қайыс­қанын қалың қазақ анық аңғарды.

Онан кейінгі күндерде Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған топ елорда мен Арыстың арасын жол қыл­ды.

Түркістанды түлету жолында тәу­лік бойы кезекшілік режімде еңбек етіп жатқан өңір басшысы Өмір­зақ Шөкеевтің суыт хабарды алы­сы­мен Арысқа жедел жетке­нін білеміз. Келген бойда халықты эва­куа­циялауға кіріскен. Тіпті қала ішін аралаған сәтте маңайында снаряд жарылған.

Көп өтпей республикамыздың әр өңірі­нен «Арыс, біз біргеміз!» ак­ция­сы­на үнқосу басталып кетті. Елдің ыстық ықыласы Арысқа ауды.

Арысқа келген егемен­қазақ­стан­дықтар – осы жолдардың авторы және өңірдегі меншікті тілшілер Ғалымжан Елшібай мен Нұршат Төкенді Nur Otan партиясы облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Бейсенбай Тәжібаев, об­лыстық арнайы штаб басшысы Ұлас­бек Сәдібеков, Арыс қаласының әкі­мі Мұрат Қыдырбек, орынбасары Сапарбай Дәрібай қызу құрылыстың қайнаған ортасынан күтіп алды.

Міне, біз де апаттан кейінгі Арыс­ты аралай бастадық. Үлкен жолдың үс­­­тінен өтіп кеткеніміз болмаса, ша­hар­­ды түгел шарлағанымыз осы. Те­мір жолдың бойына, тоғыз жолдың то­­ра­бы­на орналасқан қала үлкен екен.

Арыстықтарды үлкен еңбек­күш­­пен қамтамасыз еткен, әрине Арыс темір жол стансасы. Қаншама халық осы шойын жолдың бойынан нәпа­қасын тауып отыр. 24 маусымда қи­ран­дыға айналған Арыс теміржол беке­ті аршыған жұмыртқадай кейіп­ке енген. Көзімізге темір жол беке­тінде тұр­ған жанармай тасымалдау­шы вагон­дарға түсті. Дәл осы сәтте жол бас­тап жүрген штаб жетекшілері Арыс апаты кезінде ысқырған снаряд­тар тек шойын жол­дың екі ортасына ғана түскенін айтты. «Құдай қаққанда, бомбалар вагондарға түспеді. Егер осыған тигенде қызыл жалынды тізгіндеу қиынға соғар еді» деді.

«Облыс басшысының бастамасымен Арыс 17 секторға бөлінді. Оған республика облыстарынан бөлек өңір­дің барлық аудан-қалалары тартылды. Ендігіде өңір басшысы ат­қарушы билік өкілдері ғана емес, халықтың өзін еңбек майданы­на тарту керек деген шешім қабылдады. Ол үшін жергілікті өзін өзі басқару жүйесін енгізуді ұсынды. Осылайша әр он үйге бір адамды жауапты етіп белгілейік деген тапсырма берді. Біз осы жүйе бойынша «Онбасы», «Жүз­басылармен» жұмыс істей бастадық. Арыс қаласында сегіз мың­ның үстінде үй болатын болса, сегіз жүздей қоғам белсендісін жұмыс­қа тарттық. Қаладағы қоғамдық ұйымдар, ішінде ардагерлер кеңесі, кәсіподақ ұйымы, мәслихат, Nur Otan партиясының қалалық филиалы бастаған үштікті біріктіріп, арнайы штаб құрып, қаланың күл­лі белсенділерін осында іске жұмыл­дырдық. 17 сектор бойынша түсін­діру жұмыстарын жүргіздік.

Анығында, жарылыстан бас сауғалаған 20 мыңға жуық арыстық тұрғын Шымкент қаласындағы 56 эва­куациялық базаға орналастырылды. Алғашқы гуманитарлық көмек әкімдік өкілдері мен ерікті­лердің көмегімен халыққа үлесті­рілді. Халықтың арасында елді алатайдай бүлдіргісі келгендер де көп болды. Оларды құзырлы мекемелер анықтап, тиісті шаралар қабылдады.

«Үйімді Үкімет дұрыс жөндеп бермей жатыр» деген әңгіме де айтылып жүр. Арнайы комиссия тексеру барысында Арыста әу баста қирап қалған 27 үй жаңадан соғылу керек деген шешімге келген. Бүгінде сол жаңадан салынатын үйлердің саны төрт жүздің үстіне шыққан. Тіпті арандатушылар үйлеріңді бұзып, үй тұрғыздырып алыңдар деген әңгіме таратты. Біз мұнда да белсенділерді тарта білдік. 200-ге жуық отбасы осылай ұрандап шыққан. Белсенділердің араласуымен оның қатары 100-ден 51-ге, 34-ке, дәл осы уақытта 16-ға аза­йып отыр. Қыс келе жатыр. Секторларға бөлінген өңір әкімдіктері кетіп қалмас бұрын осындағы барлық үйді күрделі, орташа, ағымдағы жағдайда жөндеу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. 24 тамыз күні Жамбыл облысы секторында қоныс тойы тойланды. Осылайша жұмыс кезегімен реттеле түседі. Келесі аптада ең қатты бүлінген Атырау секторында құрылыс жұмыстары мәресіне жетпек. Ал гуманитарлық көмекті таратуға облыстағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжеғали Төрехан ағамыз бекітілді. Осылайша халықтың бергенін арыстық ағайынға халықтың өз ішінен шыққан өкілдер үлестіріп берді», дейді облыстық штаб басшысы Ұласбек Сәдібеков.

 Ажары кіріп, еңсесі тіктелген Арысқа ел бірлігі мен елшіл азаматтардың ерлігіне ескерткіш орнатқан абзал деп ойлаймыз. Бір сөзбен Арыс апаты біздің мемлекеттігіміздің мәйегі мықты екенін тағы бір рет дәлелдеп берді.

Сайдың тасындай құрылысшылар күн-түн демей, 50 градус ыстыққа қарамай жұмыс істеп жатыр. Қызу құрылыс жұ­мыс­тарын өз көзімізбен көрдік. Екі айдан кейін де көзге айқын көрініп тұр. Қа­ла қатты бүлінген. Қирап қалыпты. Сон­дықтан қайта салынып жатыр.          

Кей жерлерде еріктілер жұмыс істеп жүр. Темір жол бекеті маңында кездескен дәнекерлеуші Алматыдан келгенін айтты. Қалаға жәрдем беру үшін өз еркімен келген ол азаматтық парызымызды өтеп жатырмыз деді. Қазірге дейін көп қабатты үйлердегі пәтерлерді санағанда сегіз мыңнан астам үй күрделі жөндеуден өтіпті. Оның ішінде мүлдем ысырылып тастап, қайта салынғаны қаншама?! Иелері әдепкіде келісіңкіремей, келісімдерін кешігіп бергендіктен, жаңа басталған құрылыстар да байқалады. Қоныс тойын тойлап, үйлеріне кіріп жатқандар да көп.

Бұл жерде Үкіметтің де, жергілікті жердің де орасан зор еңбегін айта кету керек. Көптеген облыс әкімдері арнайы келіп кетті. Ал олардың жауапты орынбасарлары екі ай бойы аптаптың астында, қайнаған құрылыстың бел ортасында жүр. Қалай риза болмайсың?!              

«Арыстың әр көшесін бір-бір облыстың атымен атау керек», деген ұсыныс айттық қала әкіміне. Шаһар басшысы Мұрат Қыдырбектен «Жарылыс кезінде қайда болдыңыз?», деген сұрағымызға ол таңғы 09.00-де әкімдік ғимаратында облыс әкімінің онлайн селекторлық жиынында отырғандығын айтты. Жарылыстан кейін әскери гарнизонмен хабарласқан, олар «қаланы көшіріңіз!» дегеннен басқаны айтпаған. Содан кейін халықты қаладан алып шығуды ұйымдастырған. Осыны айтты да әкім біздің сұрауымыз бойын­ша жұмыс барысымен таныстырды.

Арыс

Ал қайнаған жұмыстың өтінде жүрген қала әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрі­бай Арыста жарылыс болған күнді қамыға еске алды.

«Жарылыс болардан тәулік бұрын елордада өткен жәрмеңкеден келгенмін. Таңертең жарылыс басталып кетті. Әкім мектеп пен балабақша, денсаулық сақ­тау мекемелерін көшіріңдер деді. Біз ұялы байланыс арқылы «Қырға қарай қашыңдар», деген хабарландыру тарат­тық. Қаланың бір шеті қырат еді. Бар ойла­ғанымыз халық снаряд пен оттың орта­сында қалып кетпесе дедік. Әйтеуір қырға ілінсе, әрі қарай Ақдаланың жолы арқылы қауіпсіз аймаққа көшіріп кетеміз деп шештік. Тіпті ай-күні жақын­даған келіндеріміз жолда босанып жатты. Іштей жақсылыққа баладық. Қырға кетіп бара жатып артымыздағы туған қа­ламызға қайырылып қарадық. Қоймадағы жарылыстың қою түтіні 200-300 метрдей биіктікке шығып, саңырауқұлақ пішіндес болып ауаға таралып жатты. Ми қайнатар ыстық. Қарттар мен бүлдіршіндердің ерін­дері кезеріп, тілдері аузына сыймай кет­кен. Жас жігіттерді төменнен ауызсу алып келуге жұмсадық. Одан мың бір ма­шақатпен жеткен судың қадірін жасамыс біз түгіл бүлдіршіндер де сезінген. Екі ұрттап бір-біріне ұсынып жатты. Тіпті еріндерін тигізген үлкендер сәбилер ішсін деп судан бас тартып жатты. Ал Арыс пен Шымкенттің ортасында халықты тегін тасыған таксилер мен еріктілердің еңбегі ерен. Біз Монтайтастан қалаға халықты алып шыққанда жол бойы сусын арқалап, көліктегілерге үлестіріп жатқан жастарды көрдік. «Айналайын-ай!», деп ақ батасын арнаған ата-әжелердің еміс-еміс үнін естідік. Адамдар арасында мейірімнің бар екендігіне сүйсіндік», деп ағынан ақ­тарылды Сапарбай аға.

Арыстағы жарылыста әскери қойма­ның ішінде бір азамат тірі қалған. Иә, кәдімгі снаряд ышқынып, гүрс етіп жарылып, дүмпуі шақырымдағы үйлердің шатырын ортасына түсіріп жатқанда бір азамат қоймада су жиналған көлшікке секіріп кеткен. Жарылыс болған са­йын су астында, басылғанда тыныс алып тәулік бойы өмір үшін арпалысқан. Тіпті, жарылыстың қаттылығынан көлшіктегі су қайнауға шақ қалғанда денесіне балшық жағып жата берген. Ертеңінде гарнизон басшысы әкімдікке хабарласып, азаматты ауылға жіберген. Денесі ыстықтан ісініп, құлағы гүрсілден бітіп қалған азаматтың басынан өткен оқиғасы бейне бір голливудтық фильмдердің сюжетіндей әсер қалдырды.

Арыстық ағайынның амандығын әуелі Алла, сосын қайырымды азаматтар қорғап қалды дейді кез келген тұрғын. Шындығында, уын сепкен бомбалар тек бос үйлерге, төрт түлік пен үй жануарларына ғана түскен. Тек қоймада екі солдат пен жарықшақ тиіп қаза болған азаматтан басқа қалада адам шығыны болмаған. «Құдай қақты» деген осы!

Қаланың кіреберіс қақпасындағы жарылыс аймағына жақын үйлер тү­гел­дей жөндеуден өткен. Реттілік, тазалық мен­мұндалап тұр. Шатыры жап-жаңа үйлердің еңсесі биік. Ауласында балақайлар асыр салып жүр.

Арыста үй біткеннің барлығына зақым келіп жатқанда, қаланың шетіндегі мешіт бүлінбеген. Алайда Атырау облысы мен Жетісай ауданы секторына тиесілі осы мешітті сектор жетекшілері кеңейтіп қайта салып беріпті. Қабырғасын өріп, төбесін жауып жатқан сәттің куәгері болып, «еңбек рәтті болсын!», дестік.

Арыста апаттан бүлініп, сүріліп кеткен үйлердің тұрғындарын қала әкім­­дігі шаһардың бірнеше ауданына уа­қытша орналастырған. Олар мектеп, балабақшалардың ғимаратына қоныстан­ды­рылған.

Біз қала әкімінің бастауымен қаланың түстік бөлігіндегі мектепке орналасқан тұрғындармен кездесіп, жағдайларын біл­дік. «Ел басына түскен қиындықтан ары­лып, ертерек өз отбасыларыңызға төрт көздеріңіз түгел жетіңіздер», деген тілек айт­тық. Қала басшысы Мұрат Қыдырбек қала­да жаңа ғимараттар бітісімен осы тұр­ғын­дарға кезең-кезеңімен пәтер берілетіндігін жеткізді.

Уақыт деген емші ғой. Міне, алпыс күнде ел еңсесін тіктеді. Үрей мен қор­қыныш қуанышқа ұласты. Жойқын жарылыс салдарынан зардап шеккен үйлер қалпына келтірілді.

Ең бастысы, қазақ халқының береке-бір­лігі, татулығы сынға түсті. Айдың, күн­нің аманында Арыстағы бейбіт ағайынның басына түскен ауыртпалықты ел бөліп алып кетті. Бұл сындарлы кезеңнен де қаймана қазақ аман-есен өтті.

Қарапайым халық та еңбектің бел ор­тасында жүр. Қазан басында құрылыс­шыларға ас-ауқат дайындап жүрген апа­йымыз: «50 градус ыстықта тағы 50 гра­дус қосылған ошақта бір ай бойы ас дайын­дадық», деп жымиды.

Өрттен күлі көкке ұшқан нысандардың орнына бір ай ішінде су жаңа пәтерлер салынған. Бүгінде ажары кіріп, шаһары шырайлана бастаған арыстықтардың көңі­ліндегі күдіктің бұлты сейілді. Самаладай үйлер сап түзеп тұрғызылып, қалпына келтіруге бөлінген 17 секторда еңбектің қазаны қыз-қыз қайнай түскен.

Арыс құрылыс

Бұл ел билігінің Арыстағы ағайынға деген көмегінің, татулықты тұмар еткен халықтың еңбегінің жемісі десек, артық болмас.

Арыстағы жарылыстың хабары жетісі­мен ел газеті «Egemen Qazaqstan» басы­лымы да қаракөздердің қамы үшін бір күндік жалақыларын аударған еді. Әрине қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көрсетілген көмек, баянды бастама еліміздің барлық өңірлерінен қолдау тапты. Облыс әкімдігі жанынан ашыл­ған қайырымдылық қорына ағайын­ның көлдей көңілі мен ыстық ықыласы ағылып жатты. Ал облыстардан келген гума­нитарлық көмектің есебінде шек жоқ еді.

Әрине бұл ағайынның басына іс түссе жаны мен малын аяп қалмайтын ақкөңіл көпшіліктің «Көп түкірсе көл» дейтін пейілі-тұғын.

Тілшілеріміз Арыстағы жарылыс пен арнайы штабтың ортасында жүріп, газет бетінен сондағы атқарылып жатқан жұмыс, көрсетіліп жатқан көмек туралы шынайы ақпарат тарата білді.

«Ғасырлық тарихы бар бас басылым Арыстағы алапат апат, онан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары туралы нақты, шынайы ақпарат таратуда көш бас­тады. Аптаның бес күнінде осы басылым арқылы қалада атқарылып жатқан жұмыс туралы сүбелі, сүйекті мақалаларды үзбей оқып отырдық. Бұл дегеніміз отандық БАҚ-тың заман талабына сай оқиғаның ортасында болып, халыққа шындықты жеткізе алатындығын айғақтаса керек», дейді жергілікті «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Ағыбай.

Арыстағы әріптестердің ыстық лебізі ел газетіне берілген баға деп түсіндік. Осынау қиын кезеңде ел бірлігімен еңсе тіктеген шаһарға келіп, ондағы ағайынның шынайы өмірі, аптапта бейнет кешкен құрылысшылардың еңбегін оқырман назарына ұсынамыз деген ниетіміз одан бетер жандана түсті.

Осылайша апат аймағында қарындасқа қарайласып, үнсіз еңбек етіп, ерлік жасап жүрген азаматтардың өмірін кеңінен насихаттауды, апаттың шынайы бейнесі туралы оқиға орнынан қалам тербеуді азаматтық парыз санадық.

Арыс

Балдырғандарды құтқарған бала батыр

Балаң мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан жеткіншектің «ол менің азаматтық борышым еді», деген сөзіне қалай риза болмайсың?! Бұл Арыстағы «Лидер» балабақша­сы­нан 80-нен астам бүлдіршінді апат аймағынан алып шыққан Әбдіхалық Асқар деген батыр жігіттің әңгімесі.

Арыстағы жарылыс кезінде қаншама азамат жанын салып жақсылық жасау­дан жарысты. Біреуі тұрғындарды қала сыртына тасыса, екіншісі балабақшалар мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі емделушілерді қауіпсіз аймаққа көшіруге ұмтылды.

Сол «көзсіз» батырлардың ішінде Асқар Әбдіқалық есімді жастың ерлігі бізді елең еткізді. Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген Асқар колледжде тіс дәрігері мамандығында оқып жатыр екен. Ол бір ай бұрын Арыс­тағы балабақшаға әкесінің орнына жүр­гізуші болып жұмысқа кірген. Жарылыс ке­зінде ата-анасымен қоштасып шыққан жүргізуші Асқар тұтас бір бала­бақ­шадағы бүлдіршіндердің өмірін аман алып қалған.

Үрейлі сәтті еске алған бала батыр өзі­нің сол кездегі барлық іс-әрекетін тізбек­теп айтып берді.

«24 маусымда таңғы уақытта балаларды көлікпен балабақшаға жеткіздім. Осыдан кейін жарылысты естідім. Әсе­рінен үй дірілдей бастады. Сол күні кішкентай інім мен қарындасым бала­бақшаға бармаған еді. Туыстарыма кө­лікке отырып кете беріңдер дедім. Өзім жолаушылар таситын «ГАЗель» көлігіме отырып, құйындатқан күйі балабақшаға шамамен 3 минутта жеттім. Бірден балаларды көлікке отырғыза бастадық. Маған балабақшада жұмыс істейтін екі тәрбиеші көмектесті. Бүлдіршіндерді көлікке отырғызып жатқанда, басқа ештеңені ойлауға мүмкіндік болмады. Тек балаларды аман алып қалу деген ой тұрды. Осы сәтте ғимарат шатырының бір бөлігі құлай бастады.

Негізі көлік 15 адамға ар­нал­ған. Ша­мамыз келгенше барлық бүл­діршінді көліктің ішіне сыйғызуға тырыстық. Олар да әбден шошып қалған. Балалар қалып қойған шығар деген оймен балабақшаның ішін түгел қарап шықтым. Ешкім жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана көлікке отырып, темір тұлпарды барынша жылдам жүргізіп, арсенал атылған қаладан шығуға тырыстым. Шаһардан шығу қиынға соқты. Себебі жолда кептеліс. Дәл осы сәтте тағы да жарылыстың дауысы естіліп, көліктің артқы бөлігі дірілдеп, жан-жаққа теңселе бастады. Жанар-жағармай бекетінде бензинге таласқан жұрттың қарасы қалың. Құдай қуат бергенде тәулік бұрын толтырып алған сұйық отынның көмегімен қала сыртына шықтық», деді ерлік жасау үшін жаратылған Асқар батыр.

Арыстан алыстағаннан кейін балаларды көліктен түсіріп, оларға су берген. Жолда 10-ға жуық бүлдіршінді ата-аналарына тапсырыпты. Қалған 70 баланы Шардараға алып кеткен. Жас Асқардың әңгімесі ерте есейген адамның әңгімесіндей әсер етті. Іріленіп естілді. 70 отбасының аманатын бір өзі арқалап бара жатса, қалай ересек болмасқа, қалай іріленбеске?!

Жолда көлікпен кетіп бара жатып, тұрғындардың әуре-сарсаңға салынғанын көріпті. Арыста туғаннан бері тұрып келе жатқан жеткіншек, бұл реткі жарылыстың дүмпуі бұрынғылардан күшті болғанын тілге тиек етті.

«Сұрапыл жарылыс кезінде қорқыныш болмады емес, болды. Бірақ балаларды аман алып қалу деген ой, одан да күштірек еді. Байқағаным, жарылыс кезінде ата-аналар балаларын ұмыт қалдырып жатты. Аяқ астынан басталып кеткен жарылыс тұрғындарды қатты қорқытып жіберді», дейді ол байсалды қалыппен.

Шардараға жеткеннен кейін ұялы телефон арқылы барлық баланың ата-анасына хабарлама жіберілген. Бүлдіршіндердің тамақ ішіп, ойнап жатқан сәтін суретке түсіріп, әлеуметтік желідегі топтарға жіберген. Нәтижесінде, барлық бала ата-аналарымен қауышқан.

Ертесіне кешке дейін балалардың көбін ата-аналары Шардарадан алып кеткен. Тек 5 бала ғана Асқардың қарауында қалған. Кейіннен Шымкентке апарып, ата-аналарының қолына табыстапты. Сөйтіп барлық баланы отбасымен қауыштырғаннан кейін ғана бел шешіп демалыпты Асқар батыр.

Былай қарасаңыз, Асқардың әрекеті бағзы батыр бабаларымыздың жауын жайпамай қайтпайтын бірбеткейлігімен үндесіп жатқандай...

Неткен үлкен жүрек?! Елбасы айтып өткен «Бейбіт заманның батыры» дәл осындай болса керек. Қиын сәтте жанын күйттеп қалмай, 80 бүлдіршінді құтқарған Асқардың ерлігі қандай марапатқа да лайық-ақ! Дәл осы сәтте біздің көкейімізде бір сұрақ қалып кетті. Асқар да бір үйдің үміт отын жағар перзенті еді ғой. Үйінен қоштасып шығып кеткенде ата-анасының көңіл күйі қалай болды екен?..    

Арыс

 

Аласапыранда туған Кәмила

Көптеген жанмен кездесіп, екі ай бұрынғы жантүршігерлік оқиғаны жадымызда қайта жаңғырттық.        

Әр кейіпкер – бір тағдыр!       

Ол тағдырды тебіренбей тыңдау тағы мүмкін емес...    

Мәселен, аты-жөнін жазбауымызды және су­ретін жарияламауымызды (ерінің рұқсаты болмағаны үшін) өтінген бір келін­шек бастан кешкен қиындығын баян­дады...              

Сол күні айы-күні жетіп, ауруханаға түскен. Әрі қарай жағдай белгілі.

Снаряд жаңбырша жауа бастаған сәтте жанындағы бекітілген медбикемен бірге амалсыз қаладан шығуға мәжбүр болған. Апалаң-топалаңда жұртпен бірге жаяу-жалпылап жүріп қырға шыққанда жағдайы ауырлай түскен.            

Тіпті, әзер тауып мінген машиналары бағытынан адасып кеткен.           

Содан ҰБТ үшін Арысқа келе жатқан көлікке мінгескен. Көлікте отырған Нұр-Сұлтаннан келген Нағима деген ұстаз жолда дүниеге келген періштенің кіндік шешесі атаныпты. Кейіпкеріміз Қазығұртқа барар жолда танымайтын бір үйге тоқтай сала, Кәмила есімді бүлдіршінді дүниеге әкелген.

«Бәріне, жанымнан қалмаған медбикеге, жолда ала кеткен көлік иелеріне, Нағима есімді елордалық ұстазға және үйінде қонақжайлылық танытқан Қазығұрттағы бейтаныс жандарға алғысым шексіз», дейді көзі жасаурап.            

Қайтсін?!. Бір өзі екі ғұмыр үшін күрес­кен қайсар әйелдің жанарынан «мұн­дай қиындықты басқаның басына салмасын», деген аналық тілекті аңғарғандай болдық.

Біздің «Дүние төңкеріліп түскен осы сәтте не ойладыңыз?» деген сауалымызға «Екі жасар қызымды», деді ақырын ғана.

Біздің түсінбей отырғанымызды сезді де: «Қаладан шыққанда екі жасар қызым­ды таппай қалдым, соны ойладым», деді көмейіне өксік, жанарына жас тығылып...

Айналайын-ай...

Көңіл құрғыр босап сала берді... Біздің де сөйлеуге дәрменіміз жоқ еді...              

Біраз үнсіздіктен кейін ғана есімізді жиып «Қызыңыз табылды ма?» деп сұрадық.

Кенжегүл күліп, басын изеді...

Жолшыбай өмір есігін ашқан періш­теге ұзақ өмір берсін деп ақ тілегімізді жау­дырдық.

Айтпақшы, қайсар ана қуаныштан баласының есімін көлік жүргізушісінің құрметіне қоймақ болған. Өмірге келген сәби қыз бала болғандықтан, жүргізушінің анасының есімімен Кәмила деп атапты.

Бір сәтте өмір жалт бұрылып, аттың жалы, түйенің қомына ауысқан сәтте де қаракөздеріміздің қатары осылай көбейіп жатқандығына іштей сүйсіндік. Ал осыдан кейін жас ананың ер жігітке бергісіз ерік-жігеріне, елордалық ұстаздың тәуекелге бел буған табандылығына тәнті болмай гөр...

Арыстағы құрылыс қалпына келті­рілуде. Сонымен қатар қалалықтардың сана­сына таңба салған жан жарасы да жазылып келеді.

Енді бірнеше жылдан кейін сол аласапыранда туған Кәмиланың нұрсұлтандық өкіл анасы іздеп келіп, аңызға бергісіз осы әңгімені айтып берсе, жас Кәмила қандай көңіл күйде болар екен?!

Әрине, айналасына мейірім шашқан өкіл анасы секілді бұрымды қыз да ел-жұртқа жақын болып өсері анық.

 

Үйінің бір шегесіне де зақым келмеген

Қоғамдық істердің бел ортасында жүретін «Отан» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ергентай Көшкінбаев жарылыстан кейінгі Арыстың жағдайы Ауғандағы соғыстан да бетер болғанын айтады.

«Ауғанда нысанамыз белгілі, жаудың қай тұстан келетіні анық еді. Ал Арыста қоймадан атылған снаряд бей-берекет жауып жатты», дейді.     

Қан майданда ысқырған оқтан жүрегі шайлықпаған Ергентай аға бейбіт күні де нағыз жаужүрек батыр екенін дәлелдеген.

«Біреуге біреу қарайлайтындай уақыт жоқ еді. Ең үлкен байлық уақыт болды. Үйдегі ересек ұлдарыммен бірге абдырап қалған ағайынды, көрші-қолаңды қала сыртына тасумен болдық. Шаршау дегеннің не екенін де сезбей қалдық. Кіші ұлым Қанат жарылыстың екінші күні таң ата: «Екі әскери досымнан хабар жоқ. Іздеп тауып келейін», деп қалаға кіріп кетті. Бірер сағаттан соң хабарласып, «Қалада су, жарық жоқ. Саперлер қаланы бомбадан тазартып жатыр. Ауыздары кезеріп, шөл қысқандарға су тасысақ», деді. Қаладағы екі ұлымның көлігі мен дәрігер досымның бір көлігіне ауызсу, азық-түлік тиеп алып, Арысқа тартып кеттік. Қала ішінде әскерилерден басқа ешкім жоқ. Бейне өліп қалған қалаға ұқсайды. Бойымызды үрей биледі. Үрей өзім үшін емес, ұрпағым, немере-шөберелерімнің амандығы үшін пайда болған қорқыныш екенін сезіндім», дейді Ергентай аға.

Ергентай аға кейін қаланы қалпына келтіру ісінде достарымен бірге әкім­дік­ке көмектесіп, халықтық жасақ ұйым­дас­тырып, бүкіл елден жиылған жәрдемді жұртшылыққа жеткізу ісіне басшылық жасапты және осы ісі үшін әкімдіктен ақы талап етпеген.

Әу баста Ергентай аға бастаған, арда­герлердің қоғамдық бірлестігі қостаған, пер­зенттері қолғанат болған еріктілер қаланың екі нүктесінде өңірлерден келген гу­ман­итарлық көмекті қабылдап алған. Мек­тептің қоймасына заттарды тасуға қала тұрғындарын көмекке шақырған. Ке­йіннен қор азая бастағанда заттарды реттеп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестіріп отырыпты.

Зат таратудан басталған еріктілердің жұмысы кейіннен Арыстағы құрылыс жұмыстарына көмектесуге ұласқан. Кіші ұлы Қанат Көшкінбаев бастаған жігіттер құрылыс отрядын құрып, бүлінген үйлерді жөндеу жұмысына кіріскен. Бір қызығы, Ергентай ағаның үйінің бір шегесіне дейін майыспаған. Ел басына күн туса, қалай ғана ұйқымыз тыныш, көңіліміз тоқ болсын. Тіпті, Алматыда жоғары оқу орнында білім алатын немерем: «Ата, сіздің қасыңызда болып, туған қалам үшін еңбек етейін» деп, қалаға келіп, еріктілер сапында болды», дейді ол еміреніп.

Арыс 

 Бас маман қалай жанармай бекетінің жұмысшысына айналды?

Жарылысқа дейін Қазыбек Ақылбай – Арыс қалалық тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы еді. Таңғы сағат 9-10-дар шамасында болған алапат жарылыс оның қызметін ауыс­тырып жіберді. Бірден жанар-жағармай бекетінің жұмыскері болып, қаладан шығуға бензині таусылған ағайынға түнге дейін тегін қызмет көрсеткен.

«Ертеңгілік жиналыстан шыға сала қою түтін шыққан жаққа бет алдық. Кө­пір үстіне шыққанда әскери қойма жақ­та жарылыс болғандығын көрдік. Бала-ша­ғаны балабақшадан алып, үйге жеткіз­дім. Біраз уақыттан соң хабарлас­тым. Жарым туыс-туғандармен бірге көрші­міз­дің жертөлесінде отыр екен. «Не істейміз?» дейді әйелім аңтарылып. «Оты­ра беріңдер», деппін сасқанымнан. Ке­йін­нен көршіме қаладан шығып жатсаң­дар бірге ала кетіңдер деп сәлем айттым. Қиын-қыстау сәтте отбасынан мемле­кеттің шаруасы маңызды болды, себебі мемлекеттік қызметкерміз», деді Қазыбек.

Арыстан тұрғындарды қауіпсіз аймақ­қа шығарып болған соң қалаға қайта кір­ген Қазыбектің көңілі қатты босаған. Қала әкі­мінің орынбасары Ербол Ақтаев оған қала­дағы жанармай бекеттерін ашып, көлік жүргізушілеріне қызмет көрсетуді тап­сырған.

«Біздің жанармай саласында бизнесіміз болған. Осыны ескерген әкім орынбасары шаһардағы Сапаргүл Момбекованың бекетін ашып, халыққа жанармай таратуды бұйырды. Бастапқыда меншік иесінің рұқсатынсыз қалай болар екен деп жүрексіндім. Ерекең пайдаланылған әр литр жанармай үшін өтемақы төленетінін айтқан соң, әкімдік қызметкерлерін ертіп, бекеттердің құлыбын бұза бастадық. Дегенмен, әрбір көлік иесінің көлік нөмірін, қанша жанармай құйғанын тіркеп отырдық.

Дәл осы сәтте шаһарда тағы да жарылыс болды. Біз тұрған бекет әскери қоймаға ең жақын орналасқан еді. Тіпті, дүмпуінің күшінен терезе-есіктің шынысы күлпарша болды. Бірақ түстен кейінгі сағат бестен бастап тұрған орнымызды, «уақытша» қызметімізді тастап кетпедік. Себебі халықты қауіпсіз аймаққа көшіру үшін көлік, көлікке жанармай ауадай қажет-тұғын. Қорқынышты жеңу үшін бір-бірімізді әңгімеге тартып алдаусыраттық. Осылайша ең соңғы көлікке түнгі сағат 01:30-дар шамасында жанармай құйып бердік де басқа жұмысқа кірістік», деді қайсар Қазыбек.

Әрине, ерлікті Қазыбек жалғыз жа­саған жоқ, оның жанында міндетіне адал жігіттер болды. Соның бірі – қалалық құрылыс бө­лімінің бас маманы Ғани Садықов!

Ғани сөзге жоқ, үлкен істі үндемей іс­тейтін қарапайым, ұяң жігіт екен! Өзінің сол күні атқарған істерін ерлікке де санамайды. Ибалы, иманжүзді жігіттің ғажап істерін Қазыбек айтып берді.

«Жанар-жағармай бекеттерін ашуға кетіп бара жатқанда бір үйдің өртеніп жатқанын көзіміз шалып, «Мынау кімнің үйі екен?» деген едім, Ғани жай ғана: «Менің үйім ғой», деді алау астында қалған үйге көзінің қиығымен ғана қарап.

Мен Ғани ағаға «Үйіңіздегі өртті сөндірейік» дегенімде де ешқандай абыржусыз, «кеттік, оған уақыт жоқ, адамдар күтіп қалмасын» деп газға басты», дейді Қазыбек күліп.

Содан өз үйіне қарамаған Ғани жанып жатқан бірнеше үйді сөндіріп, түн жарымға дейін жұртқа жанармай құйып беріп, қызмет еткен. Тек қайтыңдар деген бұйрық түскенде барып қаланы тастап шыққан.

Қазір Құрылыс бөлімінің бас маманы ретінде қаланы қайта қалпына келтіру ісіне бел шешіп, білек сыбанып кірісіп, күн­діз-түні қайнаған құрылыстың ортасында жүр. Бізбен кездесуден кейін де құры­лысына қарай асығып бара жатты.

Қарапайым ғана қайсар жігіттің қай­ратына сүйсініп, сәттілік тіледік.

Кейде мемлекеттік қызметкерлер туралы әртүрлі пікір айтылып жататыны бар ғой. Ал отбасын көршісіне аманат еткен Қазыбек пен өртенген дүние-мүлкінен ел мүддесін жоғары қойған Ғани секілді азаматтар – осы мемлекеттік қызметкердің озық үлгісі!

Бетін әрі қылсын, бірақ ел басына ауыртпалық түскен сын сағатта көптеген мемлекеттік қызметкердің Қазыбек пен Ғанидай батырлық танытып, антына адал болары анық!

Арысқа сапарымыз барысында біздің бұған көзіміз әбден жетті!

Арыс

 

Жақсылық жасаған сайын еселенер

Жаугершілік заманда ерлермен бірдей атқа қонған қазақтың қыздары батыр ғой! Оған кеше тағы бір көз жеткіздік.

Арыстағы жарылыстың эпицентрінде орналасқан «Алтын тұмар» балабақ­ша­сының меңгерушісі, 113 бүлдіршін мен 27 қызметкерді алапат апат аймағынан аман алып шыққан Гауһар Уәлиханова – сондай батыр қыздардың бірі!

«Бүлдіршіндер таңғы асқа отырған кез еді. Гүрс ете түсті. Іле-шала іргеміздегі әске­ри қойма жақтан қою қара түтін көкке көтерілді. Қатты жарылыстан есік-те­резе қирап жатты. Жас маманым қатты шо­шып айғайлап жіберді. Бүкіл қызмет­керді жинап, балақайларды сыртқа тез шығару керектігін айттым. Әрбір үйдің мәпелеп отырған балапандарының амандығы менің мойнымда болғандықтан, шұғыл шешім қабылдап, есепші мен күзетші қызметкерлердің көлігіне 17-20-дан астам бүлдіршінді отырғызып жібердік. Ішке қайтадан кіріп, барлық бөлмені жеке-жеке тексеріп шықтым. Соғыс болғандай, бөлмелердің бәрі қирап жатты. Ғимаратта жан баласы қалмағанына көзім жеткеннен кейін ғана сыртқа шықтым.

Содан кейін екі-үш баладан көтеріп, ересектерін жетектеп, қала сыртына бет алдық. Ұжым қызметшілеріне қандай жағдай болсын бүлдіршіндерді жандарынан бір елі тастамауды тапсырдым.

Ол күні отбасын, өз балаларымызды ойлауға шамамыз келмеді. Барлық ойымыз елдің аманатын қаладан аман алып шығу болды. Алланың қолдауымен періштелерді аман-есен алып шықтық. Шымкенттегі Ақмешітте, №87 мектепте түнгі сағат 02.00-ге дейін бүлдіршіндерді ата-анасымен қауыштырдық. Ұжым қызметкерлерімен бірлесе отырып, 113 балақайдың алаң көңіл ата-анасына балапандарын табыстадық», дейді Гаухар Уәлиханова.

Ол өзін ерлік жасадым деп есептемейді, тек міндетімді орындадым, аманатқа адал­дық – борышымыз деп есептейді. Бірақ қандай марапатқа болса да лайық жан!

Жаңа маусымға бүлдіршіндерді күтіп отырған батыр ұстазға сәттілік тіледік!

Иә, Арыс апаты кезінде ағайынды қатты алаңдатқаны осы жас бүлдіршіндердің ата-аналарымен аман-есен қауышуы болды. Бұл ретте әлеуметтік желідегі бел­сенді азаматтар балалардың әке-шешесін тез табуына көп көмек көрсет­ті. Әлеуметтік желідегі Арыс апатына ар­нал­ған топтар көмекке мұқтаж жандарға алыста отырып та нақты жәрдем жасап жатты.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, кең жүректі, қо­лынан қайырымдылық жасау келетін әрбір ел азаматы бұл қиындыққа кірісіп кетті.

 

Арысқа бір мұражай керек

Кез келген алапат апаттан соң әлемнің дамыған елдерінде сол оқиғаның куәгеріндей етіп мұражайлар жасақталған. Чернобыль, Нагасаки мен Хиросиманың естеліктері осыны айғақтаса керек.

Бүгінде Арыс апатына да бір мұражай қажет секілді.

Бірақ жамандық осымен кетсін деген, ескі жараның аузын тырнап не қыламыз деген пікірлер де айтылып қалады. Бұл қаншалықты қайғылы, үрейлі болса да – өткен тарих. Жарылыс елдегі береке-бірліктің, татулықтың салтанат құрған сәтінің себепкері болды. Барша қазақстандық бейбіт күннің қадіріне көз жеткізді. Тәуелсіздікті аялауға, құр­мет­теуге, қорғауға шақырды.

Арыстағы қаншама тарихи сәулеттік нысандар бұзылды. Осының барлығын жи­нақтап, бір мұражайға топтастыру арқылы өскелең ұрпақты туған қаласын құр­меттеуге шақыра аламыз.

Күні ертең үрей үзіліп, қуаныш қалыңдаған сәтте жас ұрпақ Арысты қайта соққан ата-бабаларының ерлігімен мақтанатын болады. Арыстағы әрбір азаматтың еңбегі еленуге лайық! Ендеше, екі айда еңсе тіктеген Арыс елдік пен ерліктің еңселі ескерткішіне айналды!

 

 Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»

Нұр-Сұлтан – Арыс – Нұр-Сұлтан