Әлем • 27 Тамыз, 2019

Гонконг: шерушілер талабы күшейді

377 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гонконгте Қытай билігі ықпалының күшеюіне қарсы наразылық акциясы екі айдан бері жалғасып келеді. Мыңдаған адам қатысқан акция қазір әлем елдерінің назарына ілігіп отыр.

Гонконг: шерушілер талабы күшейді

Соңғы уақыттарға дейін Гонконг әкімшілігі Бейжің билігі заң бұзушылыққа жол берді деп таныған азаматтарын материктік Қытайға беруден бас тартып келген. Өйткені Қытай заңдары қатал, заңнама жүйесінде ашықтық жоқ, өлім жазасы жиі қолданылады деген себептер айтылатын. Бірақ биылғы жылдың басынан бері құқық бұзды деп танылған азаматтарды экстрадициялауға келісім болды. Міне, осы процесс жаппай наразылыққа ұласып, әлі күнге жалғасып келеді. Наразылық акциясына шыққандар енді демократиялық реформалардың жүргізілуін, сайлау және сайлану құқын енгізуді, сонымен бірге Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Ламның отставкаға кетуін де талап етуде.

Бірақ Қытайдың өз ішінде гонконг­тіктердің наразылықтарын қолдаушылар аз. Өйткені Қытайдың ресми БАҚ құ­рал­дарының насихатымен халық оларды тәртіп бұзушылар, жаппай бүліктерге жол берушілер деп бағалайды екен. Мәселен, Гонконгтан 1200 шақырым жер­де орналасқан Шанхай мегаполисінің тұрғындарымен сөйлескен батыстық журналистер қарсылық акциясын қытайлардың еріккеннің ермегі деп бағалайтынын естіген. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, қытайлар гон­конг­тіктердің «жұмыс істеудің орнына қар­сы­лық акцияларына шығуын» түсінбей­тінін айтқан.

Сонымен бірге Қытай тұрғындарының арасында олардың ұзақ жыл капиталистік жүйемен өмір сүріп, демократиялық еркіндіктерге, тұрмыс ахуалының жоғары деңгейіне қол жеткізгенін де көре алмайтындар бар көрінеді.

Қалың оқырманның есіне сала кете­тін болсақ, Гонконгты 1842 жылы Ұлы­британия басып алып, Нанкин келісімі бо­йынша оны өзінің колониясы деп Қы­тайды мойындатқан. Бірақ артынан, 1898 жылы жасалған келісім бойынша Ұлы­британия Гонконгты 99 жылға жалға алушы болып танылды. Осы жылдар ішінде Гон­конг Азияның аса ірі қаржылық орта­лық­тарының біріне айналып, дамыған ел­дердің қатарына енді. 260 шағын аралдан тұратын оның жер көлемі 1106 шаршы ша­қы­рымдай, ал халқының саны 7,5 млн адам. Жалдау мерзімі біткен соң Гонконг ҚХР құрамына тек 1997 жылы қосылған. Қы­тай билігі оны «арнаулы әкімшілік
аудан» деп танып, 2047 жылға дейін 50 жылға кеңейтілген құқық еркіндігін, бас­па­сөз бостандығын, жиналыстар өткізіп, өз пікірлерін ашық айту құқықтарын беруге кепілдік берген. Қарсылық акциясына қатысушылар елдің осындай жағдайын жақсы біледі. «Біздің автономиямыздың жабылу мерзімі 2047 жылға дейін. Біз тым болмаса сол уақытқа дейін өзіміздің негізгі құқықтарымыз бен еркіндігіміздің аяққа басылмауын талап етеміз», деген акцияға қатысушылардың бірі. Қарсылық акциясына қатысушылардың бәрі де осы ұстанымда екені белгілі болып отыр. Сондықтан олар Қытайдың әскер кіргізуі мүмкін деген қауіптен қорықпайтындықтарын айтқан.

2019 жылдың маусым айында Жа­пон­ияның Осако қаласында болған G20 лидерлерінің саммитінде АҚШ президенті Д.Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде, оған Гон­конгтағы қарсылық акциясы 1989 жылғы Тяньаньмэньдегі сияқты қанды жолмен таратылатын болса, екіжақты сауда келіссөздері мүлде тоқтатылатынын айт­қан. Ал өткен жексенбіде, Ақ үйде жаса­ған мәлімдемесінде Д.Трамп өзінің осы ұстанымын қайталап, егер демокра­тиялық қарсылық акцияларына қарсы күш қолданылатын болса, – ол сауда келіс­сөз­деріне кері әсер ететінін тағы жеткізді. Сонымен бірге Д.Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бұл кикілжіңді бейбіт жол­мен таратуға мүмкіншілігі бар екенін де атап өтті.

Бұдан 30 жыл бұрын Қытай астана­сының Тяньаньмэнь алаңында екі айға созылған жүздеген мың адам қатысқан қарсылық акциясы күшпен таратылып, кейбір деректерге қарағанда, мыңға жуық адам қаза болған еді. Д.Трамп сол оқиғаны еске алып отыр. Айта кететін жайт, қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде дипломатиялық қызметте жүріп, осы қарсылық акциясын өз көзімен көрген және ол туралы кітапшасы да шыққан болатын.

Гонконгтегі қарсылық акциялары әлі де жалғасуда. Тамыздың 12-сінде оның кесірінен халықаралық әуежай да жабылып қалды. Өңкей қара киімді қарсылық білдірушілер әуежайдың алдына топталып, оның жұмысына кедергі жасап бақты. Қазір акцияға қатысушылардың саны 1,7 миллионнан асып кеткен. Басында бейбіт акция болған қарсылық шарасында қазір ішінара полицияға қарсы төбелестер мен қиратушылықтарға да жол берілуде. Со­ның кесірінен ондаған адам жараланған.