Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Қандастарды рухани серпілткен «Туған жер»

220 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанаймен іргелес Челябі облысын 36 мың қазақ жайлап отыр. Жайықтың бойында орналасқан Верхнеуральск қаласын қазақтар баяғыда Талқала деп атаған. Қала бүгінде Верхнеуральск ауданының орталығы болып саналады. Бұл жерде 3,5 мың қазақ тұрады. Жайықтың нақ осы тұсында халқымыздың ауыз әдебиеті маржандарының бірі «Қыз Жібек» жырының оқиғасы өткен деседі. «Жылқысының көптігінен баға алмайтын» Жағалбайлы елінің жайлауы осы жер, олардың ұрпағы әлі отыр. Мұндағы әр отбасының тарихы таңды таңға ұрып айтуға жетеді.

Қандастарды рухани серпілткен «Туған жер»

– Менің аталарым аштық жылдары келіпті. «Әжем: «Не көрмедік?.. Ата­­­ларыңды «халық жауы» деп ұстап әкетті. Мені аштықта қасқыр емес, адам жеп қоя жаздаған. Сосын осы жақ­­қа жансауғалап, жаяу-жалпылап жет­­кенбіз» деп отыратын еді, – дейді верх­не­­­уральскілік Аманбай Рахметов.

Қазақ мәдениетіне арналған «Туған жер» фестивалі жыл сайын Челябі об­­лысындағы қандастардың басын қо­са­ды. Той айналаны алақанға сал­ған­дай төңірек түгел көрінетін қыр­дың үс­­тінде өтті, жердің жүзі қалы кі­лем тө­­се­гендей жап-жасыл. Атамекен деп алаң­дағанмен де, шекараның ар жа­ғын­да қалған қандастарымыздың өсіп-өніп, суын сулап, отын оттап отыр­­ған жері өздеріне ыстық. «Туған жер» фестивалін биыл 6-шы рет ұйым­­­дас­тыруға Челябі облысының мә­дениет министрлігі, Челябі облысы ха­лық­тарының «Дом дружбы» меке­месі, Верх­неуральск муниципалдық ау­даны­ның әкімшілігі және «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени орталығы атсалыс­ты. Оған Челябі облысының барлық шал­ғайынан және Свердлов, Қорған облыс­тары мен Башқұртстаннан қандас ба­уырлар қатысты. Челябімен іргелес қос­танайлықтар да қандастар тойын сырттай қызықтамай, арнайы делегация болып барып, фестиваль қызығын еселеді. Қарабалық ауданы киіз үй апарып, оның ішін Қостанай облыстық «Достық үйі» ұжымы ұлттық киімдермен, бұ­йым­дармен безендірді. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айнұр Санай шырқаған қазақтың халық әні фестиваль тұмарындай сезіл­ді. Верхнеуральск муниципалдық ауданы­ның басшысы Сергей Айбулатов, Мәде­ниет министрінің міндетін атқару­шы Алексей Бетехтин, облыстық ауыл ша­руа­­шылығы министрі Алексей Кобы­лин мерекеге қатысты, жинал­ған­дар­ды құттықтады. Тілі, діні басқа болса да, бір ауаны жұтып, бір құдықтың суын ішіп отырған ағайынның ойы, мақсаты бір. Қай халықты да қазір ұлт­тық құндылықтардың көмескі тартпауы ойландырады.

– «Туған жер» фестивалін халық күтіп отырады. Бұл мерекенің адам­дар­ға қажет екені сезіледі. Егер х­алық өзі­нің тамырынан алшақтаса, та­ри­­хын, өнерін білмесе, ондай ұлт әлсі­рей­ді, ұлт болудан қалады. Ұлттық дәс­түрді ұмытқан ұрпақтың отбасына, балаға, Отанға деген көзқарасы өз­ге­реді. Ұлттық дәстүр мен салттың барлығы жас ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелейтін құрал. «Туған жер» фестивалі қазақтарға да, жалпы Ресей жұртына сол үшін қажет, – дейді Алексей Бетехтин.

Соңғы жылдары Оңтүстік Уралда дәстүрге айналған «Туған жер» фести­валі бұл жолы қазақтың ұлттық дәстүр­лері мен салтын бар бояуымен көрсетуге тырысыпты. Ақ шаңқан киіз үйлердің ішінде халқымыздың ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары, ұлттық тағамдары арнайы құрылған комиссия сараптауынан өтті. Фестивальдың көнермейтін дәстүрлі сайысының, қызығының ба­сы да осы «Киіз үйлер байқауы» болып саналады. Қандас бауырлар бұл бай­қауға барынша белсенділікпен қа­ты­сады. Қостанайдағы «Достық үйі­нен» барған қонақтар да сырттай сыншы болмай, көршілердің ұйым­дас­тырған байқауларына қатысып кетті. Атамекеннен барған киіз үйдің ішін қызықтаушылар да көп болды. Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Қаламқас Сандыбаева киіз үйдегі көздің жауын алатын әрбір ұлттық жә­дігер мен киім туралы майын тамызып әңгімеледі. Башқұртстанның Челябі об­лысындағы тұрақты өкілі Амур Хаби­буллин қазақтың алтайы түлкіден тігіл­ген ішігі пен тымағын киіп көрді.

«Туған жер» фестивалін ұйымдас­­тырушылар оның танымдық, тәрбиелік жағына көңіл бөліп отырады. Сондықтан ондағы байқаулардың мазмұндылығы да толыға түседі. Бұл жолы «Ең үздік қазақ әже», «Жайма» байқаулары бірінші рет өткізілді. Қаным Ишимова «Супер әже» атанса, «Жайма» байқауында еттің нанын санаулы минуттарда қағаздай етіп жайып берген Жұмабике Тоғызова бі­рін­ші орынды алды. «Ең үздік киіз үйді» Бақыт Сарынова жасақтапты. «Ең әдемі шай дастарқаны» байқауының же­ңімпазы «Верхнеуральск ауданындағы «Жұлдыз» қазақ ұлттық мәдени орта­лығы болды. Верхнеуральск жеріндегі алды 62 жыл, соңы 50 жыл бір шаңырақ астында жасап келе жатқан отбасылық жұптар сахнаға шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. «Шаңырақты шай­қалтпай ұзақ жыл бірге жасасудың сы­ры неде?» деген сұраққа қариялардың барлығы да «кешірімділік пен мейірім» деп жауап берді. Қазақтың тойы ат жарыссыз өткен бе? Мұнда да үш түр­лі қашықтықтағы ат бәйге мен аламан бәйге мерекеге жи­­налғандардың деле­бесін қоздырды. Оған орыстардың ат арба жарысы қосылды.

– Біздің ата-бабамыздың сүйегі осын­­да жатыр. Бірақ қазақтың әні мен дәстүрінен қол үздік деп айтпаймын, орыс­танып кеткен жоқпыз. Біз үш ауыл айттаспыз. Құрбан айтты, Ораза айтты Сурменьев, Шеметово және Қарағай ауылы бірге өткіземіз. Құрбан айттың бірінші күні біздің ауылдағы неше үй құрбан шалса да, олар асты бірігіп береді. Сосын үйлерге айттап кіріп шығамыз. Айттың екінші, үшінші күні ана екі ауылға біз барамыз, құрбан шалып, асын бірігіп береді. Тойымыз қазақтың әнімен өтеді, дәстүрді сақтаймыз, – дейді 82 жастағы Бақытты Тұрласова қария.

– Осы үш ауылда қанша түтін қазақ бар?– деп сұраймыз қариядан.

– Шеметовода он шақты үй бар­мыз, Қарағайда 7-8, Сурменьевте – 6 үй бар, олар жастар, – дейді. Әжей қазақ тілінде жақсы сөйлеп тұрғанымен, өз балаларының қазақша шала-пұла бі­летінін, немерелерінің ептеп түсіне­тінін айтты.

–Үйде қазақ тілінде сөйлеймін, бі­рақ балалардың ортасын көріп тұрсың ғой, қазақ тілінде сөйлеуге мұрша да бермейді ғой. Бірақ балаларым бата бе­руді үйренген, дәстүрді ұстайды, – дейді Бақытты қария. Қанша құрбан шалса да, кілтипанның бәрі тілде ғой. Тіл кетсе, іс те кететінін қария мойынсынғысы кел­мейтіндей. Басқасын былай қойғанда «Ең үздік қазақ әжесі» байқауында бір әже қазақ тілінде сөйлеген жоқ. «Өзін таныстыру» кезегінде «Мен келдім қа­­ла Пласт» деп бастаған әженің бірі сө­зін әрі қарай орыс тілінде жалғады. Не­мере-шөбересін көрген әжелердің бар­лығы да 50-ден, 60-тан асқан әйелдер бо­латын.

Біраз жылдардан бері Қостанай об­лыстық тілдерді дамыту басқармасы оқу орталығының мамандары шетел қа­­­зақтарына арнап жеңілдетілген бағ­дар­лама жасап, Челябі облысындағы қазақ балаларына тіл үйрету жұмысын жүргізіп келеді.

– Биыл да тамыз айының ішінде Челябі облысы аудандары мен қалала­рындағы қазақ тілін білетін кісілерді Қос­танайға шақырып, оларға қазақ ті­лін үйрету бағдарламасын таныстырамыз, әдістемеліктер береміз. Олар Че­ля­бі облысындағы қандастарымызға қо­ғам­д­ық негізде қазақ тілін үйретеді, – дейді облыстық тілдерді дамыту бас­қар­масының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.

«Туған жер» фестивалінде көбіне қазақ әндерін балалар, жасөпірімдер шырқады. Мерекедегі халқымыздың салт-дәстүр көріністері, өздері шырқаған қа­зақ әндері балалардың жүрегінде мәңгі жазылып қалар. Ұмытылмайтын елес олар өскенде санада жаңғырып тұрар... «Туған жер» фестивалінің миссиясы да осы болар.

 

Қостанай – Верхнеуральск