Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Гүл өсіруші Гүлфия

947 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айыртау ауданы Имантау ауылында әрбір оныншы отбасы жылыжайда көкөніс, гүл өсірумен айналысады. Олардың арасында «Омаров» жеке кәсіпкерлігінің орны бөлек.

Гүл өсіруші Гүлфия

Олай дейтініміз, Тауфик Омаров ақсақал өзіне өтініш-тілегін айтып, ынта-ықылас білдіре келген ауыл­дастарын ерекше төзімділік мен шыдам­дылықты қажет ете­­тін бағ­бан­дықтың құпияларына үй­реткен. Осы себепті азан ша­қырып қойған есімі ұмы­тылып, бәрі де «бағбан бабай» атап кеткен. Бір жа­­ғынан заман ағымына бейім­­­деле отырып отбасылық жылыжай бизне­сінің негізін қа­лап, тәжірибесін балаларына қал­дыруға тырысқан. Қа­шан көзі жұмылғанша қолы­нан кет­пенін тастамай жер өңдеуден бел жазбаған. Бау-бақша баптау сырына жас­тайынан қанығып өскен ол табиғаты тамылжыған, қос­алқы шаруашылықты да­мытуға қолайлы өңірге көшіп кел­геніне еш өкінген емес. Қайта сүйікті ісіне біржола ден қойып, жыл он екі ай жылыжайдан шықпайтын әдет тапқан. Әрі табысты, әрі хош иісі аңқып, ерекше ләззатқа бөлейтін гүлдердің небір түрін алыс-жақыннан алдыртып, артына қалдырған өлмес мұрасын бала-шағасына мирас етіп кеткен.

«Әкем жан тыныштығын өзі өсірген гүлдердің ортасынан табушы еді. Оның өз кә­сібіне берілген адалдығы мен көнбістігі қайран қалды­ратын. Адамдар гүлдің тұқым­дарын алу үшін алыстан ар­найы іздеп келетін. Үй ма­ңайының осындай жасыл же­лекке малынып тұрғаны – әкемнің арқасы. Көкөніс өсі­румен де, омарташылықпен де шұғылданды. Дәмділігі тіл үйі­ретін өнімдерін ауылдастары таласып-тармасып алатын. Имантау елді мекенін жасыл желекке көмкеріп, флора мен фаунаға айналдырған асқар тауымыз қандай құрметке болсын әбден лайық», дейді қызы Гүлфия.

Әке жолын жалғастыру мақса­тымен Көкшетаудан осында қо­ныс аударған кәсіп­кер қыздың да бау-бақшасы жай­қала өсіп тұр. Иннова­циялық жаңалықтарды жатсынбайтын оның жылыжа­йында петунья, циния, газа­ния,тунберги, портулак, фиал­ка, шырайгүл, барқытгүл, гай­лардия дейсіз бе... ақ, сары қызыл, көк, ашық қызғылт түсті, хош иісі мұрын жара­тын гүлдерді молынан кездес­тіруге болады. Оның сөзіне қа­ра­ғанда гүл өсірудің маша­қаты көп. Жыл бойы тізе бүк­пестен еңбек етіп, өскіндер ақ­пан айында отырғызыла бас­тайды. Уақтылы суару мен дұ­рыс баптаудың арқа­сында биыл 12 сотық жерге гүлдің жүзден астам түрі отыр­ғызылып, пышақ үсті са­тылып кеткен. Ешқандай минералдық тыңайтқыш пай­даланбайтындықтан, на­рық­тағы сұраныс жо­ғары. Іргелес Көкшетау, Нұр-Сұл­танды айтпағанда, алыс қалалардан, тіпті Ресейден де тапсырыс түсіп жататыны сондықтан. Мұ­ның өзі жалаң пайданы ғана мақсат етпей, бизнес саласында дұрыс бағыт-бағдар ұс­тана білгенін де аңғартса керек.

«Ауыл шаруашылығын қол­дау қоры» АҚ арқылы жеңіл­­детілген несие ресімдеп, материалдық жағынан оңа­лып алған соң бес ауылдасына тұрақты жұмыс тауып берген. Ал гүлдерді егу, баптау, сату секілді қарбалас сәттерде жұ­мыс күшіне деген сұраныс тіпті артып кетеді. Бір маусымда жарты миллионға дейін көшет отырғызылса, бейнет пен зейнеттің ара салмағын кө­зі қарақты оқырман бірден аң­ғарар.

Гүл өсіруші Гүлфия тропи­калық гүл түрлерін өсіру арқы­лы сыртқы нарыққа шығудың көздерін де ойластырып қо­йып­ты. Несі бар, жұпар иісі аңқыған, махаббаттың, сүйіспен­шіліктің символы іспеттес көз жауын алатын гүл­­­­­­­­дерді жұртшылыққа сыйлап, алғысқа бөленіп жатса, несі айып?

Имантау – кірсе шыққысыз ауыл. 50 отбасы «Жасыл ел» келісімі бойынша тапсырыс қа­был­дап, Нұр-Сұлтан, Алматы қа­ла­ларын көркейтуге белсене атсалысып келеді. Олар­­­­дың арасында Омаровтар отба­­­сының шоқтығы биік.

 

Солтүстік Қазақстан облысы