«Ел ерлігі – бірлігі»
Жұма, 8 ақпан 2013 7:33
Жолдау жұртшылық үшін күтпеген жаңалық болды. Жолдаудың аталуы жаңалық. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталады. «Қалыптасқан мемлекет» деген жаңа ұғым. Бұл – тәуелсіздіктің баянды болып, ел іргесі қаланып, Қазақстан әлемдегі іргелі, мықты мемлекеттің бірі болды деген саяси тұжырым. Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңі табысты аяқталған соң, Елбасы әлемге егемен елдің 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жария етті.
Жұма, 8 ақпан 2013 7:33
Жолдау жұртшылық үшін күтпеген жаңалық болды. Жолдаудың аталуы жаңалық. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталады. «Қалыптасқан мемлекет» деген жаңа ұғым. Бұл – тәуелсіздіктің баянды болып, ел іргесі қаланып, Қазақстан әлемдегі іргелі, мықты мемлекеттің бірі болды деген саяси тұжырым. Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңі табысты аяқталған соң, Елбасы әлемге егемен елдің 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жария етті.
1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясының жеті бағыты да орындалды, олар: 1. Ұлттық қауіпсіздік. 2. Елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтау, нығайту. 3. Нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу. 4. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. 5. Энергетикалық ресурстар. 6. Инфрақұрылым, әсіресе, көлік пен байланыс. 7. Кәсіби мемлекет.
Елбасы 2006 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын» жариялады. Әлемдік экономикалық форумның (2012) рейтингі бойынша Қазақстан 51-орынға көтерілді. «Сонымен, елу елдің қатарына енуге бір қадам қалды», деді өз сөзінде Елбасы.
«Қазақстан-2050» бағдарламасында Қазақ елінің дамыған 30 елдің қатарында болу мақсаты баяндалған, бірақ бұл жолда ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерін ескеруіміз керек. Сондай-ақ Жолдауда стратегияның жеті бағыты анықталған. Шіркін, осы мақсаттар орындалғанда қандай заман, дәуір болады десеңізші. Есепсіз білім, түпсіз ғылым, тежеусіз технология адамзат санасын қандай биіктерге әрі қатерлерге жеткізбек. Қазақ елі қандай болмақ, азаматтары ше?
Жолдауда Елбасы «Олар үш тілде сөйлейді», дейді. Терең мағыналы түйін. Үш тіл деген – үш құндылық, үш дүниетаным және үш мәдениет. Бүгінде оларды тегіс меңгеруге қолымыз жетпей отырғаны анық. Сондықтан, бұл мәселені жалаң саясатқа, дерексіз дүниетанымға, жалған мәдениетке айналдырып алып жүргеніміз жоқ па? Үш тілді бірдей меңгеру – азаматтардың тұлғалық қасиетін анықтаушы феномен. Үш тіл, үш ақпарат өрісі, сондықтан 2025 жылы латын әліпбиіне көшу де осы мәселеге қатысты өркениеттік қажеттілік. Жолдауда бұл мәселе ретінде тұңғыш рет айтылды. Латын әліпбиіне өту келешек ісі болғанымен, оған даярлық жұмысы бүгіннен басталмақ.
Латын әліпбиіне өту аспаннан түсетін құбылыс емес, ол даярлықты, білімділікті, ғылыми сәйкестілікті, мәдени қажеттілікті, тіптен өркениеттілікті қажет ететін жағдай. Осы тұста айтарым, Академиялық тіл білімі институты осы мәселемен толығымен айналысып, қоғамды тегіс латын әліпбиіне көшіру ісінде жетекші болуы табиғи жайт. Бұл – өркениеттік үрдіс. Латын әліпбиіне көшу үшін қоғамда рухани келісім қажет. Латын әліпбиіне қоғамдық қажеттілікті туғызу да орынды іс болмақ. Бұл істе Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне негізгі жүк түспек. Бұл тарихи жобаны іске асырудан қоғамдық институттар да тыс қалмаулары керек.
Жолдау – шығармашылық ізденіс нәтижесі.
Жолдау Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму аралығын қамтитындықтан, келешек ұрпақ-буындарға өсиет, олардың үміт философиясы.
Үміт – адамның асыл қасиеті, Болашақ нұры.
Сондықтан Елбасының: «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық», дегені әр қазақтың арманы емес пе?
Елбасы бұл идеясын нақтылап, «Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін», деген жүрекжарды сөзіне қосыла сенетінімізді қалайша айтпасқа, қалайша мақтан тұтпасқа!
Жолдауда мынандай тұңғыш рет айтылған ой-тұжырымдар бар, олар: «Бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз», «Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы», «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан».
Қазақтың қанының бірлігі туралы Жолдауда тұңғыш рет айтылды. Қазақ қаны бір халықпыз, демек, бізге өткен тарихымыз, бүгінгі көрікті күніміз және үмітті болашағымыз – бәрі ортақ.
Отандық ғылымда жаңа түсініктер, ұғымдар пайда болды. Олар: «қаны бір қазақ», «қазақтың алтын ғасыры», «қазақ мемлекеті» (оның қазақтың демографиясы әрі тіліне қатыстылығы), «мәңгілік ел», «қасиетті қазақ далсы», «қазақ халқы ұлы тарих иесі», «ұлттың генетикалық коды», «ел бірлігі», «қазақтың бірлігі – шежіре бірлігі».
Жолдауда қазақ болу идеясы бой көрсетіп тұр. Қазақ деген азаматтық ұғым. Қазақ елінің азаматтары – қазақтар деген идея. «Қазақстан-2050» Стратегиясы нәтижесінде осы идея жүзеге аспақ. Қазақ елінің азаматтарының қазақтану үдерісі басталмақ.
* * *
Жолдау толығымен инновациялық ойлауға құрылған. Жолдау – көп жылғы теориялық, тәжірибелік, прагматикалық әрі тұлғалық ізденістердің нәтижесі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 14 желтоқсанда «Астана операсында» сөйлеген сөзінде инновациялық ойлау деген тың ұғымды қолданды. Жолдауда «Жаңа технологиялық толқын жолына жармасып, абсолютті инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз», дей келе Елбасы «Біз – жас ұрпақпыз және бұл біздің қолымыздан келеді», деп ойын түйеді.
Елбасы инновация дегенде оны нақтылап, жас ұрпаққа абсолютті инновация қажет екенін айтып отыр.
Сонда абсолютті инновация деген не?
Алдымен инновация деген түсінік мәнісіне назар аударсақ, ол лат. «novatio» – «жаңару» немесе «өзгеру», лат. «in» – «бағытта», «Innovatio» – «өзгеріс бағытында» деген мағынада айтылатын сөз. Инновациялық ойлау, демек, жаңаша ойлаудың бағытын білдіретін ұғым. Мәселе тек жаңалықта ғана емес, оның бағытында. Жаңалық – қозғалыстың бағытын анықтайтын түсінік. Қандай болсын ілгерілеген, яғни алға қадам басқан қозғалыс – жаңалық. Оның үш өлшемі бар: жаңа ой (идея), жаңа іс, қарекет және жаңа нәтиже. Елбасы абсолютті инновация дегенде тез арада қабылданып, іске асатын жаңалықты айтып отыр. Жаңалықтың жылдамдығы деген айтулы проблема. Жаңалықтың жылдамдығының индикаторын белгілеу бүгінгі ақпараттық заманда басты мәселе. Қандай жаңалықты болсын қабылдап алып, заман шапшаңдығына сай іске асырып, нәтиже алу.
Жаңалық жылдамдығы дегенде тағы екі істің мәнісі айқындалмақ. Әлемдегі (ілгері өркениетті елдердегі) бар жаңалықты шапшаңдықпен қабылдай білу. Жаңалықты тану, сөйтіп, оны білім, ғылым, ең бастысы, технологияға айналдыру. Егер, бұл үрдісте жылдамдық болмаса, біз үнемі ескі технология құрсауында қалмақпыз. Ол жаңалықтың бізге ескіріп жетуі деген сөз, сондықтан технологиялық, ғылым парктері осы мәселемен айналысуы заман қажеттілігі. Ескі технологиядан инновациялық ойлау шықпайды. Өткен кеңес заманында жағдай үнемі осылай болып келген, соның зардабын бүгінгі ұрпақ шегуде.
Екінші мәніс, абсолютті инновацияны өзіміз жасай алатын халге жету керек. Ол үшін білім саласы, ғылым арнасы тегіс, түгелімен өзгеруі қажет. Қазіргі білім беру стандарттары консервативті, икемсіз, бюрократиялық жүйеге негізделген, мұндай халден тез арада арылмасақ, абсолютті инновация сөз ғана болып қалмақ.
Осы тұста грек ойшылы Зенонның апориясы (гр. «απορία» – қиындық) есіме түсіп отыр. Ахиллес тасбақадан он есе жылдам жүгіреді делік және ол тасбақаның артында мың қадамдық қашықтықта орналасқан. Осы қашықтықты Ахиллес жүгіріп өткен уақытта, тасбақа тағы да жүз қадам алға жылжиды. Ахиллес жүз қадамды жүгіріп өткенде, тасбақа тағы он қадамға жылжиды және тағы солай. Бұл үрдіс шексіз жалғаса береді, ал Ахиллес тасбақаны ешқашан қуып жете алмайды.
Бұдан шығатын қорытынды, біз 2050 жылы әлемдегі озық отыз елдің қатарына өту үшін олардың (оған дейінгі өзге елдердің қазір біз шамамен елу елдің қатарындамыз) соңынан жүріп отырсақ, ешқайсысына жете алмаймыз, біз олардың соңынан ермей, айналып өтіп барып алдарына түсуіміз керек. Елбасының абсолюттік инновация дегенде қойып отырған мәселесі осы.
Жаңалықтың жылдамдығын қазіргі заманда ой жылдамдығымен өлшеу қажет, басқа амал жоқ. Ақпараттық, биік технология заманы бізге тек қана осы өлшемді, яғни ойлау жылдамдығын ұсынып отыр. Атам қазақ айтушы еді: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе», деп. Көңіл дегенді сана деп есептей беріңіз, бұл – біріншіден.
Екіншіден, жаңалықтың жылдамдығының мәні – оның технологиялық процеске енуі немесе жаңалықтың өзінің технологияға айналуы. Бұл – инновациялық ойлаудың аса маңызды өрісі. Жаңа білім, ғылымның технологияға айналу қарқыны және оның қандай тәсілдермен айналуы мәселенің мәселесі. Бұл – білім, ғылым және технологияның бірлігін қажет ететін жағдай. Бұл үшеуі кеңес заманында жеке-жеке өрістерде болды. Инновациялық қазіргі заманда олардың жеке-жеке болуының ешқандай мәнісі жоқ. Мәселе үшеуінің бірлігінде ғана емес, ең бастысы, олардың бірінен біріне қандай жылдамдықпен өтуінде. Іркілістерге жол берілмеуі, тежеуші күштер болса, олардан арылудың жолдары шұғыл қарастырылуы керек. Бұл – инновациялық ойлаудың басты талаптарының бірі.
Үшіншіден, тез нәтиже керек. Уақыт жағынан созылмалы болатын нәтижелер ескіріп қалуы әбден ықтимал, себебі, әлемдік кеңістіктегі инновациялық ойлау нәтиже алу үшін уақыт созылмалығын күттірмейді. Кешігіп алынған нәтиже нәтиже болмай қалады, яғни нәтиженің сапасы жойылады. Сөйтіп, ескі технологияның шырмауында қалу ықтималдығы артады. Бұл – инновацияға жатпайтын консервативтік ойлау.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2012 жылғы 25 желтоқсанда 2012 жылдың екінші жартыжылдығындағы индустрияландыру картасында белгіленген инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде Президент осы мәселені нақтылап берді.
Қазіргі күні көптеген алдыңғы қатарлы елдерде кластерлердің жаңа толқыны – инновациялық кластерді қалыптастыру ісі белсенді түрде басталып кетті. Өсімнің негізгі драйверлері өнеркәсіптік кәсіпорындар емес, инновациялар мен білім орталықтары – университеттер, технологиялық және инженерлік ұйымдар. Осы арқылы бизнес, университеттер мен мемлекеттің өзара байланысуының «үш сипатты спиралі» құрылады.
– Осындай спиральді Қазақстанда да құру қажет. Дәстүрлі әкімшілік жүйе бұл міндетті жүзеге асыруда әлсіздік танытуда. Сондықтан кластерлік дамуды қалыптастыруды жаңаша ұйымдастыру талап етіледі, деді Елбасы. Мемлекет басшысы осылай дей келе, ең алдымен, кластерлік дамудың ұтымды моделін таңдауды жүзеге асырып, жаңа заманға сай кластерлерді іске қосу қажеттігін атап көрсетті.
Бұл жерде «үшінші индустриялық революция» деген ұғымға назар аудару қажет. Жолдауда: «Ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді», делінген. Осындай жаңа технологиялық болмысқа еліміздегі жағдай қандай?
Төртіншіден, инновациялық ойлау тек сапалы нәтижені ғана қажет етпек. Сапасыз нәтиже инновациялық ойлау емес. Инновациялық ойлау дегеніміздің өзі – сапа, онсыз дамыған отыз ел қатарына ену мүмкін емес. Елбасы жаңашылдыққа сыни көзқарас қажет екенін айтты:
«Оларды іздеу, дайындау және жан-жақты қолдау қажет. Мен Үкіметтің алдына 100 абсолюттік инновацияны іздеу міндетін қойған болатынмын. Бұл ретте мен абсолюттік инновациялар деп әлемнің ешбір жерінде қалыптаспаған инновацияларды айтып отырмын. Бізде де осындай шешімдерді табу және іске қосу әлеуеті бар. Бәлкім, біз абсолюттік инновациялардың барлығын бірдей қамтамасыз ете алмайтын болармыз. Сондықтан мен 2020 жылға дейін 10 инновацияны табу, сонан кейін тағы да 10-ын іздеу міндетін қою орынды болар деп санаймын. Бұл жұмысты жүйелі, үздіксіз негізге қоюымыз қажет. Бұл, әрине, жеңіл міндет емес. Үкіметке бұл мәселені шешумен жедел және жүйелі түрде шұғылдану керек», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Бесіншіден, айтпағым, инновациялық ойлауда коррупцияға орын жоқ. Коррупция инновациялық үрдістерге енсе, ол өз мән-мағынасын жоя бастамақ. Инновация жаһандық креативтік ресурс, оған аса құрмет қажет, оған жол басталды, ол – «ЭКСПО-2017»-ге даярлық жұмысы.
Алтыншыдан, инновациялық ойлаудың гуманитарлық мағынасы, яғни қоғамдық сананы қайта құру мәселесі.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жасаған баяндамасында Елбасы: «Инновациялар. Бұл – экономиканы ғана емес, сонымен бірге, қоғамның басқа да барлық салаларын қамтитын тарихи жүйе. Бұл – ХХІ ғасырдағы әлемдік дамудан қалып қоймаудың бірден-бір жолы», деген еді.
Қоғамның тоталитарлық жүйесінен арылуы қажет. Тоталитарлық ойлау деген кеңестік заманда қалыптасқан, әдет, дәстүрге сіңген ой-сана. Олар қандай десеңіз, түсін түстеп берейін. Большевиктік сана, пролетарлық сана, коммунистік сана, социалистік сана, кеңестік сана, бір сөзбен айтқанда, маркстік-лениндік сана. Марксизм-ленинизмнің тоталитарлық философиясы туралы Карл Поппер «Ашық қоғам» кітабында толық баяндап берген, мұндай сыни көзқарасты Бертран Расселдің «История западноевропейской философии» деген кітабынан табуға болады. Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Швейцердің дүниетанымы лай суға құйған таза бұлақ.
Жаңа бағыттағы сана қалыптаспай, қоғамда инновация қалай болмақ. Жаңаша ойлау жүйесінің алғашқы үлгілерін Қазақ жерінде насихаттауды күн тәртібіне қойған, сол іске белсене кіріскен Әлихан Бөкейхановтан бастап Мұхтар Әуезовке дейінгі Алаш қайраткерлері болатын. Демек, өткен тарихымызға зер салсақ, креативтілік ойлау жүйесі болғанына көзіміз жетеді. Амал қанша, ол жеміс саяси дүрбелеңдерге қатысты үзіліп қалды. Ендігі мәселе сабақтастықта. Бұл жерде нақтылы айтатын жай, Алаш қайраткерлері көркемсөз бен саясатты ажыратпаған, халық мәдениетіне сол заманда инновация әкелген тұлғалар болатын. Олар көркемсөзді, әдебиетті, яғни мәдениетті саясаттан жоғары қойғандар. Мұндай ойлау – табиғи болмысы жағынан инновациялық ойлау. Себебі, көркемсөз қай заманда, қай елде болса да, үнемі саясаттың алдында жүреді. Көркемсөз – халықтың санасы, көркемсөз халықтың еркіндікке, бостандыққа деген рефлексиясы. Бұл рефлексиясыз саяси қозғалыстар, саяси партиялар нәтижелі іске бара алмайды. Бұл – қағида. Өткен тарихта солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болмақ. Халықтың рефлексиясы өнер мен әдебиетте көрінеді. Бұл – қазақ менталитетінде тіптен тереңдеп кеткен феномен. Қазақ тарихына көз жіберсеңіз, қандай саяси тұлғаны алмаңыз, бәрі-бәрі халықтың өнері мен көркем сөзінен (әдебиетінен) ешқашан тыс кетіп, саяси істерге бармаған. Бұған, әсіресе, жыраулар творчествосы айқын дәлел. Желмаяға мініп алып, қазақ мемлекетіне жер іздеген, Жерұйық іздеген Асан-қайғы да, Бұқар жырау да осындай қызметтер атқарған. Өнер мен көркем сөз – халық пен саясаттың арасындағы көпір.
Президент: «Елді бірлікке бастаған абыздар мен жыраулардың қазіргі жалғасы – зиялы қауым өкілдері болып саналады. Бүгінгі қоғамда тәуелсіздік санасын орнықтыру – осы зиялы қауымның қастерлі борышы», деген еді тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған салтанатты жиындағы жасаған баяндамасында. Бүгінгі мәселе сол зиялы қауымда болып тұр, олардың бір парасының санасынан социализмнің «туа біткен таңбалары» кетер емес.
* * *
Инновациялық ой – білім, ғылым салаларының «таза ауасы». Жолдауда Елбасы «жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан», дей келе, функциялық сауаттылыққа зор көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Әсіресе, жоғары оқу орындарының академиялық автономия кепілдігі, зерттеу университеттерін ашу, олардың білім беру бағдарламаларының стандарттарын өз бетінше жасауы сияқты игі шаралар инновацияға жол ашпақ, бұл жөнінде қос палаталы Парламент қызу талқылап, 2011 жылы (ақпанда) «Ғылым туралы» Заң қабылданды, оның 10-бабы түгел зерттеу университеттеріне арналған. Заңда көрсетілген шаралардың тез арада іске асуы керек-ақ!
Білім туралы заң да (2007 жылы қабылданған) қоғамда қызу талқыға түсіп, оған 2011 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жерде Жолдауда атап көрсетілгендей, «Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу» мәселе болып отыр. Оқыту әдістемелерін жаңғыртуда инновация қажет, бұл мәселе де кадрларға барып тіреледі.
Дүниенің қымбаты уақыт десек, Елбасы айтқандай, орта, арнайы, жоғары, тіптен магистрлік дәрежеде ескірген, сұраныстан шыққан пәндерге жастар уақыттарын босқа рәсуа етіп жатқан қалпы бар. Бұл білім, ғылым салаларындағы социализм заманынан қалыптасып қалған консерватизмді жеңу бүгінгі күнде қиынның қиыны болып тұрғанын қынжылыспен айтуға тура келеді. Кадрлар корпусында инновация бар ма?
Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» мүлдем тың инновациялық өлшемдерді қажет етпек. Жалпы сауат көтеру мәселесі – кешегі күн. Еліміздегі жоғары оқу орындарының саны – 140, оның ішінде: ұлттық – 9, мемлекеттік – 33, азаматтығы жоқ – 13, «Назарбаев Университеті» ААҚ – 1, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық казақ-түрік университеті – 1, акционерлік – 16, жеке меншік – 67. Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы бакалавриат студенттерінің саны – 571 691, оның ішінде: күндізгі оқу бөлімінде – 362 551 адам, сыртқы оқу бөлімінде – 195 520 адам, кешкі оқу бөлімінде – 13 620 адам.
Жарты миллионнан астам жас білім, ғылым жолына түскені қуанышты, бірақ солардың қаншасы заман талабына сай маман болып шықпақ, ойланатын мәселе! Білікті мамандарға сұраныс қалай өтелуде, қалай іске асуда?
* * *
Инновация қоғамға қажет. Қоғам туралы әңгіме көп. Біз заманында маркстік-лениндік ілімге сай мынандай жіктеу жасадық, олар: алғашқы қауымдық қоғам, құлдық қоғам, феодалдық қоғам, социалистік қоғам, коммунистік қоғам, өтпелі қоғам, дамушы қоғам. Бертін келе қоғамды таптық тұрғыдан емес, өркениеттің өлшемімен анықтай бастағанда дәстүрлі қоғам, азаматтық қоғам, транзитті қоғам, клерикалдық қоғам, тоталитарлық қоғам, демократиялық қоғам, конвергенттік қоғам, ақпараттық қоғам, Карл Поппердің айтуынша, «ашық қоғам», «жабық қоғам» және Дэниел Беллдің жіктеуінше, индустрияға дейінгі қоғам, индустриялы қоғам және постиндустриялы қоғам.
Осылардың бәрі акме-қоғам, яғни «үлгілі қоғам» дәрежесіне жете алмады. Дағдарыс – соның көрінісі. Ендігі мақсат акме-қоғам құру, мүмкін сол қоғам шын мәніндегі капиталдың Нұқ кемесі болар.
Акме-қоғам деген әбден жауыр болған «изм»-нен арылу жолындағы ізденістен туған. Социализм өзінің тарихи дәрменсіздігін дәлелдеді, капитализм терең дағдарыста. Жұртқа сау ақылға сыйымды қоғам («общество здравомыслящих людей») керек.
Қазақ елі тоталитарлық жүйеден демократиялық, зайырлы қоғамға өтті, мұнда еңбек еркіндігі, діни сенім еркіндігі, тұлға еркіндігі, іскерлік еркіндігі іске аса бастады. Бұлар – ашық қоғам өлшемдері. Акме-қоғам – еркін, тәуелсіз қоғам. Әрине, еркіндікті аңсау – адамзаттың ежелгі арманы, бірақ оны ізгілікке пайдалана білу қиынның қиыны. Адамзат тарихында қоғамдық, саяси қозғалыстар, әртекті революциялар еркіндікті «ту етіп көтеріп», ақыр соңында тоталитаризмге ұрына бергені мәлім, себебі, еркіндікті толық меңгеру, сірә, адам баласының пешенесіне жазылмаған ба деген де ойға келесің.
Акме-қоғам ізгі жандар қоғамы, инновациялық қоғам десек, бұл қоғамда жаңа сана қалыптасуы керек. Жетпіс жыл ішінде бекіп үлгерген социалистік әдеттерден, социалистік идеяларға негізделген әдебиет, өнер туындыларынан тазару инновациялық қажеттілік.
* * *
Елбасының Жолдаудағы ұрпақтар сабақтастығы туралы ойы да жаңа. Жолдауда: «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі», деген толымды тұжырым бар.
Болашақ болмай қоймайды. Ақырзаман елес. Елбасы келешекте орын алатын, іске асатын нақты іс-шаралар жүйесін ұсынып отыр. Оны бүгінгі ғұмыр кешіп отырған ата, аға, немере буындардың ойлануы табиғи жағдай. Болашақ басы бүгінгі күннен, алыс сапар алғашқы қадамнан басталмақ. Бүгінде үш ұрпақ бір отбасының басында ғұмыр кешудеміз. Әрқайсының өз буынына тән көзқарасы, дүниетанымы, үздіксіз, тұрақсыз өзгерістерге өз өлшемдері бар. Ата ұрпақ социализмнен өсіп-өніп шыққан, аға ұрпақ өтпелі кезең азаматтары, немере ұрпақ бұл өмірге несімен еніп келеді, ойлану керек.
Кезінде Шәкәрім «Құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы» деп еді. Бүкіл әлем ғаламторға сыйып кеткенде, тағы да Шәкәрімнің «Ақылды жанның мүлкі әлем» дегені еске түседі.
Үш буын бір-бірімізді түсінісіп, ұғынамыз ба? Үш ұрпақтың бір-біріне берері не? Елбасы дөп тауып айтқандай, буындар бірлігі ұрпақтар сабақтастығы емес пе? Тәрбиеде, тұрмыста, көзқараста осы мәселе қалай шешілуде, ойланатын жай. Ұрпақтар сабақтастығы алтын өзек, тарихтан бір мысал келтірейін. Бүгінгі жиі айтылып жүрген майя өркениетінің негізін қалаған бірде-бір ғұламаның, тарихи тұлғаның есімдерін қазіргі майялар білмейді, себебі, әлдеқалай замандарда ұрпақтар сабақтастығы үзілген. Буындар бірлігі сабақтастыққа айналмаған. Ұрпақтан ұрпақтарға құндылықтар ауыспаған. Әрине, бұл жерде тарихи-мәдени мұраны жойып, тек алтыннан өзге құндылықты көзге ілмеген Испания конкистадорларының жауыздығы және де бар екенін айтқан жөн. Сөздің қысқасы, елдік рух жойылған. Осы майя өркениеті кезінде ғұмыр кешкен дана Қорқытты біз әлі ұмытқан емеспіз. Буындар бірлігінің сабақтастыққа айналуы деген осы. Қазақтар елдік рухын жоғалтпаған – халық. Елдің мәңгілік болуы рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа ұласып, буындар бірлігін сақтаушы болатын сабақтастықта. Бүгінгі атқарып отырған істеріміз, айтар сөздеріміз, көрсеткен өнегеміз, тәрбиеміз, біліміміз, ниетіміз, үмітіміз, арманымыз, қиялымыз еліміздің мәңгілік болуына қызмет етуде.
* * *
Армансыз өмір бола ма? Жолдау – прагматизм мен асыл арманнан туған инновациялық ізденіс. Тәуелсіздік құрдастары 60-қа тақап, ғасыр басында дүниеге енген ұрпақ 50-ді толтырғанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы орындалып, келер ұрпаққа баға жетпес үш құндылық мұра болмақ.
Бірінші құндылық – жетілген 30 елдің қатарына енуіміз. Ол келер ұрпақ алдына тың міндет қоймақ, себебі, бәсеке заманында көштен қалып қоймау, жеткен жетістігімізді әрі қарай қарқынды жетілдіру, себебі, ешбір ел бізді тосып тұрмайды, ол заман нағыз бәсеке, инновациялар дәуірі болмақ, сәл бәсеңсу – қауіпті, өкшелеп кейінгілер келеді. Бұл Елбасы айтқан абсолютті инновациялар заманы болмақ. Осындай жағдайға ие болатын ұрпақ Ел тағдырына жауапты.
Екінші құндылық – ол еліміздің Қазақ мемлекеті деп атануы. Осы мақсатқа орай стратегияда нақтылы аталған іс-шаралардың орындалуы да ұрпақтар парызы, олардың тарихи миссиясы. Қазақ мемлекеті атандыратын негізгі факторлар оның демографиясы мен тілі.
Үшінші құндылық – ел мәңгілігі. Бұл – Елбасының кейінгілерге өсиеті. Елбасы «Мәңгілік Ел» ұғымын Жолдауда әр қырынан төрт рет қайталауы сөзіміздің дәлелі. Жолдаудағы «Бабалардың ерлігі, буынның ерен істері және жас ұрпақ жасампаздығы арасындағы сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік Ел» боламыз», деп жазылуы әрбір азаматтың парызы, қаны бір қазақтың ұлы тарихтың иесі болуы жолындағы қарызы.
Елбасының сөзі:
«Үдеудің сыры – бірлікте,
Жүдеудің сыры – алауыздықта».
Жамбыл жырау: «Ел ерлігі – бірлігі», деген еді.
Бұлар – мәңгілік ел қағидалары.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, сенатор.