Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Семейде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлер қолжетімді болды

801 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлер қолжетімді болды. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Семей қаласындағы филиалы жалпы құны 4 018,1 млн.теңге болатын  28,7 мың шаршы метрге, 486 пәтерлік 8 тұрғын үйді салу және іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» Бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Айбек Жарылғапов Қарағайлы шағын ауданында арнайы ұйымдастырылған  баспасөз турында хабарлады. Баспасөз туры тұрғын үйлерді аралаумен басталды.

Семейде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлер қолжетімді болды

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары  мемлекеттік және жеке бағдарламалар шеңберінде нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен сатылатын пәтерлерді журналистерге және блогерлерге таныстырды. Қала маңындағы мүмкіндігі мол шағын аудан болып саналатын Қарағайлыда алдағы уақытта көптеген нысандар бой көтермекші.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  несиелік тұрғын үй құрылысының  бір шаршы метрі 140 мың теңге, осы бағдарлама аясындағы «Бәйтерек Девелопмент» АҚ несиелік тұрғын үйі 147 мың теңге, ал «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 1 шаршы метр үшін 165 мың теңге деп белгіленген.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Семей қаласында 2019 жылдың шілде айы бойынша жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 204,7 мың теңгені құрайды екен. Сонымен қатар, құрылыс салушыларға құрылыс сапасы бойынша талаптар жоғары болып табылады. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтерлерді ипотека арқылы тиімді шарттармен сатып алуға әбден болады.

- Құрылыс аяқталған соң салынған барлық үйлер екі жыл бойы біздің қарауымызда, яғни кепілдікке алынған. Біз бірінші кезекте құрылыс салушы ретінде, қала тұрғындарына  біздің пәтерлеріміздің жайлы болуына, онда жақсы өмір сүруіне мүдделіміз. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде біз барлық технологиялық регламенттер мен үрдістерді қатаң сақтаймыз. Әрқашан ашық және қолжетімді түрде тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға тез жауап беруге дайынбыз. Біздің компания 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Ал 2015 жылдан бастап халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда,-деді «Восток-строй» компаниясы» ЖШС директоры Әділет Бордатқан.

Бүгінгі күні 2019 жылы Семей қаласындағы Банк филиалы 228 пәтерді, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 192 пәтерді және меншікті бағдарламалар шеңберінде 36 пәтерді сатуды жоспарлап отыр.

Қала тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасына орай Банктің бес түрлі бағдарламасына қатыса алады екен. ШҚО аймақтық, «Несиелік тұрғын үй құрылысы», «Бәйтерек Девелопмент» несиелік тұрғын үйі және «Бақытты отбасы» мен Банктің «Өз үйім»  бағдарламалары.

«Несиелік тұрғын үй құрылысы»  бағыты бойынша қатысуға өтінім беру сәтінде меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар үміткер бола алады. Бұнда  бастапқы жарнаны 20% мөлшерінде жинайды. Бұл ретте жақында ғана, аймақ тұрғындары үшін өңірде тұрақты тіркеуде болуы және соңғы бес жылда жылжымайтын мүлікті иеленуі тиіс деген талаптар мүлде алынып тасталды.

«Өз үйім» бағдарламасы бойынша банк салымшылары тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде бастапқы жарнаны жинай отырып, пәтерлерді сатып ала алады екен. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7% құрайды (одан әрі 4,5-5% дейін төмендетумен).

- «Өз үйім» бағдарламасы аясында банк филиалы жақында жалпы көлемі 147 пәтер мен 8 675,1 шаршы метрлік үш тұрғын үйді салу және сату бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды,-дейді банк қызметкерлері.

Банк халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған арнайы бағдарламаларды белсенді түрде іске асыруда. Қазіргі уақытта «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау қарқынды жүруде. Осы бағдарлама шеңберінде қарыз сомасынан 10% мөлшерінде бастапқы жарнаны жинақтап, жылдық 2% мөлшерлеме бойынша 19 жылға дейінгі мерзімге қарыз алуға болады.

Бағдарлама бойынша пәтерлерді бастапқы нарықта да, қайталама тұрғын үй нарығында да сатып алуға болады. Бағдарламаны жүзеге асыру басталғаннан бері 168 млн теңге сомасына өтінімдер мақұлданып, сонымен қатар 634 млн теңгеге 75 өтінім берілді. Барлық іске асырылатын нысандар туралы baspana.kz сайты арқылы білуге болады екен.

Сондай-ақ Семей қаласы ақпараттық орталығының мәліметінше ТҚЖБ салымшылары «Нұрлы жер»  бағдарламасы бойынша банктің hcsbk.kz немесе baspana.kz порталдарына кіріп ұнаған пәтерін таңдай алады.

– Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өнімдері мен бағдарламалары тұрғын үй нарығында қолжетімді, сондықтан олар халық арасында өте сұранысқа ие. Күн сайын біздің қалада тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 50 жаңа салымшылары пайда болады. Осы жылдың басынан бастап біз 1 101 несие бердік. Бұл сандар – елдегі ең басты әлеуметтік мәселені тиімді шешудің айқын көрінісі, – деп түсіндірді Айбек Жарлығапов.

Айбек Жарылғапов  «Бақытты отбасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы атап өтті. Жақында осы бағдарлама аясында Семей қаласының тұрғыны Лаура Тұрдина жаңа қонысқа ие болған. Ол «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй сатып алды. Қазіргі уақытта қалада 100-ге жуық өтініш беріліп, оның 27-ісі оң шешім алыпты. Бұл бағдарлама бақытқа бастайтын жол екендігін аңғартады.

 

 

СЕМЕЙ