27 Тамыз, 2019

«Ақылды» қалалар мен «онлайн» ауылдар: Халықтың интернетке қолжетімділігі қай деңгейде?

516 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаппай цифрландыруға аяқ басқан елімізде интернеттің сапасы қандай? Ауыл халқы қашан интернетке қол жеткізеді? Телекоммуникация саласындағы отандық алпауыттың ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаншалықты орындап жатқанын саралап көрген едік.

«Ақылды» қалалар мен «онлайн» ауылдар: Халықтың интернетке қолжетімділігі қай деңгейде?

Қазақстан 5G технологиясына дайын ба?

«5G желілерінің құрылысы мобильдік қана емес, сонымен қатар бекітілген байланыс операторларының құрылымына өзгеріс енгізуді талап етеді. Радиобайланыс желілерінің виртуалды ету, network slicing, жиіліктің жоғары спекторын пайдаланатын көлік тасымал инфрақұрылымына жалпы жоғары талап 4G технологиясына қажетті инвестициядан 3-5 есе артық қаражат талап етеді. Жалпы, 5G желілерінің бес жылдық бағдарламасына қажетті қаражат соңғы жылдары желілік инфрақұрылымды салуға кеткен шығынмен парапар. Яғни, 5G инфрақұрылымын салуға мүмкіндік бар, бірақ тым қымбат», деп жауап берді «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі редакцияның ресми хатына берген жауабында.

Қазіргі таңда 5G технолоргиясы әзірге стандартталмаған. Мобильді телефонияға арналған ерекшеліктерді жасап жатқан 3GPP консорциумы аралық стандарттарды дайындап жатыр. Компания өкілдерінің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін немесе келер жылдың басында ортақ стандарт дайындалмақ.

Сонымен қатар жиіліктер құнының қалай бағаланатыны да анықталмаған. Сарапшылардың ойынша, 5G технологиясының қымбаттығын ескере отырып, жылдық төлем мен бір реттік төлемді қайта қарау керек. 5G технологиясы операторлардың ауқымды инвестициясын қажет етеді. Мобильді желі жиіліктің жаңа диапазонына ауысып жатыр. Онда желіні орналастыруға көбірек станса керек болмақ. Дегенмен, «Қазақтелеком» АҚ Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында төрт сынақ өткізді. Технология алдағы уақытта да бірнеше рет сыналмақ.

Стандарттау жұмыстарының тек 2020 жылы аяқталатынын ескерсек, пилоттық аймақтар 2021 жылдан бастап қана қосылады. Егер қанатқақты жобалар сәтті орындалып жатса, «Қазақтелеком» 5G желілерін біртіндеп салуға кірісетінін жеткізді.  

Ауыл халқы кеңжолақты интернетке қашан қол жеткізеді?

Кей өңірлерде 5G технологиясы талқыланып жатқанда шалғай аудандарда 4G интернеттің жоқтығы жасырын емес. Дегенмен, қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ «Талшықты-оптикалық желі байланысы технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының елді мекендерін кеңжолақты интернетпен қамту» жобасын бастады. Бұл жалпыреспубликалық ірі жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қолға алынған. 

Салынып жатқан талшықты-оптикалық желі байланысы (ТОБЖ) 20 мың километрден астам. Соның 14,2 километрін «Қазақтелеком» компаниясы салып жатыр. Жобаның іске асырылуы жалпы саны 4,8 млн адам тұратын 828 елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етпек. ТОБЖ тартылатын елді мекендерді іріктеуде компания мына критерийлерге көңіл аударған: аудан орталығы мен қалаларға қашықтығы, халық санының 500-ден кем болмауы, мемлекеттік, білім беру және денсаулық мекемелерінің болуы.

Дегенмен, 500-ден аз халқы бар ауылдардың кеңжолақты интернетке қосылуы әзірге күн тәртібіне енбеген. Компания өкілдері бұл тұрғыда аталған ауылдардың негізгі магистральден қашықтығын алға тартып, салынған инвестицияның өзін өзі ақтамайтынын алға тартады. Бұл тұрғыда ең тиімді тәсіл сымсыз технологияны пайдалану екені анық. Осы бағытта жұмыстар басталмағанымен, компания шығын мен қатерлерді есептеп жатқан көрінеді. 

Жалпы, ТОБЖ тарту жобасы аясында келер жылдың соңына дейін 2,5 мың аурухана, мектеп, жергілікті атқару органдары, апаттық қызмет, қорғаныс және құқық қорғау органы нысандары секілді мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерлер кеңжолақты интернетке қол жеткізбек.

Жоба басталғаны бері Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстарының ауылдарына талшықты-оптикалық желі байланысын тартты.

«Ақылды» қалалардың әлеуеті

Талшықты-оптикалық желілерді бірыңғай телекоммуникациялық желіге байланыстырғаннан кейін қолжетімді болатын жобалардың бірі – Smart City. «Ақылды» қалаларды басқару жүйесі жасанды интеллекттің көмегімен мәліметтерді автоматты талдау режімінде жүзеге асырылады.

Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақкөлдегі «ақылды» қала үлгісі таныстырылғаны есімізде. Сол кезде «Қазақтелеком» компаниясының басшылығы бұл технологияны Қазақстанның басқа да қалаларына енгізуге дайын екендіктерін жеткізген. Ал одан кейін Арысның да цифрлық трансформациясымен Үкімет басшысы Асқар Мамин барып танысып қайтан болатын.

Қазіргі таңда Smart City тұжырымдамасы денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен экология секілді 11 бағытты қамтитын бірыңғай стандарттан тұрады. Осы стандарт алдағы уақытта барлық өңірде ақылды қалаларды қалыптастыруда пайдаланылмақ. Ақкөл қаласының барлық аумағында мәлеміттерді алып отыру үшін «Қазақтелеком» компаниясы тиісті цифрлық және интеллектуалдық инфрақұрылым құрды. Атап айтар болсақ, 17,5 километр талшықты-оптикалық байланыс желілерін, LoRaWAN атты энергоүнемдеу желісін салып, қоғамдық орындарда Wi-Fi нүктелерін орнатты. LTE желісі жаңартылды. Бұл әр түрлі 100 шақты көше камераларына, 4500 су тұтыну құрылғылары мен 6000 электр қуатын тұтыну құрылғыларынан мәлімет алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен жол қозғалысы да ортақ базада тіркеліп отырады. Ең бастысы, «ақылды» қала технологиясы елді мекендегі экологиялық ахуал мен ауа ластануының деңгейін де қадағалайды.

Ақкөлге сапарында Елбасы бұл технологияның алдағы уақытта үлкен қалаларға да енгізу керектігін айтты. Сәтті жобаны компания алдағы уақытта жаппай барлық елді-мекендерге енгізуге дайын.

Квазимемлекеттік компания өзін өзі ақтап отыр ма?

Дей тұрғанмен, Үкімет инновациялық жобаларға ұзақмерзімді инвестиция сала бермейтіні анық. Жалпы, биыл жыл басынан бастап мемелкеттің телекоммуникация саласына салған қаражатының азайғаны байқалады. «Телекоммуникация саласына салынған инвестицияның азайғанын байқалуда. Компанияның бұл тұрғыла стратегиясы мемелкеттік органдармен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында өзара тиімді әріптестік құру», дейді «Қазақтелеком» өкілдері компанияның алдағы уақыттағы жоспарлары туралы.

Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың бірқатарының бюджет қаражатымен ғана күн көріп, тіпті кейде жылды «минуспен» жауып отырғанын айтып сынаған еді. Бұл тұрғыда, редакцияның сауалына компанияның баспасөз қызметі былай деп жауап берді:

«2018 жылы «Қазақтелеком» компаниясының таза табысы 43 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдағыдан 18 млрд теңгеге артық. Табыстың ұлғаюына компанияның негізгі қызметінен тыс қызметтері әсер етті. Атап айтар болсақ, компанияның «МТС» ЖШС-дағы табысының валюталық бағам айырмасының өсуі табысты көбейтті», делінген хабарламада.

Жалпы, компанияның қазіргі таңда сыртқы қарызы жоқ. Компания өкілдерінің мәліметінше, жобалар компанияның өз қаражаты және ел ішінен алынған қарыз есебінен қаржыландырылады екен және барлық міндеттемелері ұлттық валютамен жүзеге асырылуда.