Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Қарқаралыда Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды

1012 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасиетті Қарқаралы топырағына Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның және Әлімхан Ермековтің тұлғалары қоладан құйылған ескерткіш болып орнықты.

Қарқаралыда Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дүниеге келген бұл ескерткіштің авторларыжергілікті суретші Сәкен Дәулетбаев, мүсіншілер Талғат Байоразов пен Кенжебек Қошантаев. Композициялық мүсіннің  биіктігі 3,15 метрге тең болса, салмағы 2 тонна тартады.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов құттықтау сөз сөйлеп, бұл өнер туындысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда жүзеге асырылуы жоспарланған 19 жобаның бірі екендігін айтты.

– Дөңгелек үстел басында халқының жарқын болашағы туралы әңгіме  өрбітіп отырған Әлімханды ұстамды да, сабырлы Әлихан жағын таянып, үнсіз ойға шомып тыңдаса, ал Ахаң болса Әлімханның көзінен ұшқындаған отты көргендей мұқият ден қойып отыр, – деп ескерткіш идеясының сырын ашқан  аудан басшысы қайраткер тұлғалардың болмыс-бітімін айқындап тұрған композицияның тарихи және тәрбиелік мән-мазмұнының құндылығына да баса назар аударды. Идеяны іске асырып, халықтың алғысына бөленген авторларға ризашылық сезімін білдірді.

Сондай-ақ, сәтімен іске асқан шаруаның қуанышына еңбек ардагерлері Амантай Рахимов, Серік Жекеев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов, айтыскер ақындар Қойлыбай Асанов пен Аманжол Әлтаев,  Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов және тарихшы Қайрат Омарбеков куә болып, жылы лебіздерін білдірді.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Алаштың аяулы ұлдарының рухына арналып ас берілді.

 

 

Қарағанды облысы