Болашақ бағдары
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:33
Президент Жолдауы жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Сондықтан, ол қашанда басты құжат болып табылады. Енді, міне, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағытын айқындаған Жолдау да бүкіл халықтың көңілінен шығып, қазір мемлекетіміздің барлық аумақтарында, басқару, оқу, өндірістік салаларда, үкіметтік емес ұйымдарда кең қолдау тапты.
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:33
Президент Жолдауы жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Сондықтан, ол қашанда басты құжат болып табылады. Енді, міне, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағытын айқындаған Жолдау да бүкіл халықтың көңілінен шығып, қазір мемлекетіміздің барлық аумақтарында, басқару, оқу, өндірістік салаларда, үкіметтік емес ұйымдарда кең қолдау тапты. Осыған орай, біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай АҒЫБАЕВҚА жолығып, Жолдаудың ерекшелігі туралы айтып беруін сұраған едік.
– Арықбай Нүсіпәліұлы, биылғы Жолдаудың ерекшелігі – мемлекетіміздің және халқымыздың 2050 жылға дейінгі даму жолын айқындап беріп отырғандығында. Мұндай орасан зор міндеттердің алға қойылғандығы аз уақыттың ішінде қуатты экономикалық өсуіміз бен заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды Конституциялық және саяси реформаларды жүзеге асыра білуіміздің арқасы ғой.
– Иә, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын Елбасы 1997 жылы ұсынған еді. Ал жаңа Жолдауда Президент осы стратегиялық бағыттардың нақты орындалу көрсеткіштеріне ерекше мән берді. Нәтижесінде, бас-аяғы 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге дейін өсті. Елдің ІЖӨ-сі 16 еседен астамға артты. 1999 жылдан бастап Қазақстанда ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі 7,6 пайызды құрады және озық дамушы елдерді басып озды. Қазақстанның халықаралық қоры 60 миллиард доллардан асып отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасына 160 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарып өткізуде. Ұлттық дәулетіміздің үштен бірі шағын және орта бизнестен құралып отыр. Ауыл шаруашылығы дамып, ішкі жалпы өнім жыл сайын артуда, орташа айлық жалақы өсіп, ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен Қазақстан 2011 жылы 110 ел арасынан 50-ші орынға шықты. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12000 долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Қазақстан әу бастан-ақ тартылған тікелей шетелдік инвестициялардан жан басына шаққандағы көлемі бойынша ТМД-да көшбастаушыға айналды. Шикізат ресурстарынан түскен табыстар ұлттық қорға құйылды. Бұл дегеніміз, ықтимал экономикалық және қаржылық дағдарыстардан қорғайтын сенімді қалқан, сонымен бірге, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздік кепілі екені даусыз.
– Демек, енді аталған «Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің жаңа саяси бағытын айқындап, халқымыздың мақсаттарын белгілеп, оған жету жолдарын, қиындықтар мен қатерлерді жеңу амалдарын нақты көрсетіп берді ғой.
– Дүниежүзілік дамудың бағытын айқын көрегендікпен болжап отырған Елбасы еліміз үшін әлемдік он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетті. Олар төрткүл дүниедегі табиғи қатерлер мен көзқарастар қайшылықтары, экономикалық дағдарыс. Осындай қауіп-қатердің көзін нақты көрсете отырып Елбасы мұндай ғаламдық дағдарыстар мен қауіптерге жол бермеу үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қолданысқа енгізді. Болашақты алыстан болжайтын Елбасының бұл кемеңгерлік жоспары елімізді ең жоғарғы дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуға тікелей жол ашты. Осыған орай, Елбасы ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын ғылыми негізділікпен ұсынды. Осы басымдықтардың жүзеге асырылуы еліміздің өркендеуінің, гүлденуінің дүние жүзіне ірі жетістіктермен танылуының негізі болмақ. Ол үшін әрбір қазақстандық күш-жігерін, еңбексүйгіштігін жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін ортақ мақсатты жүзеге асыруға жұмылдыруы қажет.
– Жолдауда Қазақстандағы қазіргі заманғы саяси жүйені жетілдіру, қоғамдық тұрақтылық, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, жалпы, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың өзекті мәселелеріне де ерекше мән берілген. Алға қойылған осындай келелі мақсаттарға жету үшін елімізде қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, құқық қорғау және сот жүйесі органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы қызметін жетілдіру, бизнеске заңсыз араласуды болдырмауды қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.
– Жолдауда қабылданатын заңдардың сапасын арттыру, заңдылықтың қатаң сақталу мәселелерімен бірге елімізде қажетті жаңа заңдардың дер кезінде қабылдану маңыздылығы да аталды. Құқықтық мемлекет құрып жатқан Қазақстан үшін мұндай құқық нормаларының қабылданғаны өте қажеттілік болып табылады. Өйткені, әкімшілік реформаның іске асырылуы еліміздің басқару жүйесін жетілдіруге, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға, елімізде кадр саясатының негізгі нысаны – халыққа, мемлекетке адал қызмет етуге зор септігін тигізеді. Осылайша, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларының іске асырылуы әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтарымыздың бақуаттылығын қамтамасыз етеді. Басты міндет: Кедейшіліктің өсуіне жол бермеу, аналар мен балаларды қорғауды қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту.
Біз құқықтық мемлекет құрып жатқан ел болғандықтан, кез келген саяси бағдарлама, экономикалық және басқадай реформалар қабылданған қолданыстағы заң аясында жүзеге асырылуы керек. Осыған орай, Президент қабылдануға тиісті аса маңызды заңдар тізбегіне де ерекше тоқталып өтті. Кәсіпкершілікке, бизнеске жасанды бөгеттер тудыратын мемлекеттік шенеуніктер үшін жаңа, әлдеқайда жауапкершілік жүйесін енгізуді қарастыру қажет дейді Елбасы. Осыған орай, Үкіметке 2013 жылдың соңына дейін заңнамаға шағын, орта және ірі бизнес ұйымдарын айқын жіктеуге бағытталған өзгертулер енгізуге тапсырма берілді. Еңбеккерлер мүддесін ескерген кәсіпкерлік қолдауын қамтитын еңбек қатынастарын реттейтін заңның қабылдануын да жеделдету қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар, Елбасы өзін отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жәйттерінің көбеюі алаңдатады, деді. Мұндай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Ол үшін, әрине, қолданыстағы заңдарға осы тұрғыдағы теріс әрекеттерге пәрменді тосқауыл қоятын жаңа баптар қабылдануы керек. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында балаларына алимент төлеуден жалтарған ата-аналары үшін де жазаны күшейту, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Білім және кәсіби маман даярлау саласында жоғары оқу орындарында оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттілігі де күн тәртібіне қойылуы тиіс. Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау қажеттілігі де назардан тыс қалмады.
– Осы орайда, ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртуға байланысты жаңа заңнамалар қабылдануы қажеттілігі туралы не айтасыз?
– Бұл тұрғыда Парламентке төрт жаңа Кодекс: Қылмыстық, Қылмыстық іс-жүргізу, Қылмыстық орындаушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді әзірлеп, қарау мәселесі тапсырылды. Аталған кодекстердің қабылдануын елімізде қылмысқа қарсы күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртып, төніп тұрған сын-қателіктерге өз дәрежесінде қарсы әрекет жасайтын деңгейге көтеретінін және қылмыстық сот ісін жүргізуді өркениетті халықаралық деңгейге сәйкестендіретін жол ашады. Сондай-ақ, Жолдауда жемқорлықты жою үшін жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын жетілдірудің маңызды орын алатындығы да айтылып өтті. Президент елімізде қажетті заңдардың дер кезінде қабылдану процесіне мән берді. Осыған орай елімізде Парламенттік өкілеттіктерді күшейту жөніндегі саясатымызды жалғастыру керек. Өйткені, құқықтық мемлекет құрып жатқан Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын Конституцияға негізделген Парламентте қабылданған заңдар арқылы ғана заң шеңберінде жүзеге асырады. Биылғы қабылданған «Қазақстанның-2050» Стратегиялық жоспарының барлық салалары заң нормалары арқылы өз көрінісін тауып, жүзеге асырылатынына күмән жоқ. Ал адам, қоғам, мемлекет мүддесі үшін әділетті заңдар қабылдауға Қазақстан халқы бір кісідей жұмылып, үлес қосқаны абзал.
– Сонымен, Президенттің жаңа Жолдауы халыққа жолданғанға дейін әбден сыннан, тексеруден, талқылаудан өткізілген дейсіз ғой.
– Иә, Жолдаудағы тұжырымдар мемлекетіміздің дамуы үшін қажеттіліктерден пайда болған әрі олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктері мен тетіктері жан-жақты қарастырылған аса маңызды құжат. Ендігі мәселе, әрбір қазақстандықтар осы құжатта белгіленген бағдарламаларды іске асыруға өз үлесін қосуы қажет. Бұл істе кең-байтақ Республикамыздың еңбеккерлерін алда атқарар қыруар істер күтіп тұр. Бұл міндеттердің орындалатынына, Қазақстан халқының әл-ауқатының артып, мемлекеттің гүлденіп алдыңғы қатарлы 30 елдің алғы шебінде болатынына ешқандай күмән жоқ.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».