Аймақтар • 28 Тамыз, 2019

Түркістан: «Ауыл - ел бесігі» жобасы партиялық бақылауға алынады

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес мәжілісін өткізіп, Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын өңірде іске асырудың тиімді жолдарын талқылады.

Түркістан: «Ауыл - ел бесігі» жобасы партиялық бақылауға алынады

Саяси кеңестің мүшелері, қоғам өкілдері мен аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысқан мәжілісте Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

«Бірінші, партияның белсенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Екінші, жастар жылына орай, әкімдік, басқарма басшылары, зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып Jas Otan Жастар қанатымен бірге диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет. Үшінші, сыбайлас жемқорлықпен күресте партиялық бақылау қажет. Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде көмек көрсетуі тиіс. Бесінші, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Алтыншы, облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда, өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары айтуы керек, жазуы керек. Жетінші, біздің облыста қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Ауыл ел - бесігі» жобасының жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын», - деді партия филиалының төрағасы.

Сондай-ақ жиында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саладағы өзекті мәселелерді қамтыған баяндама жасады. Ал жарыссөзге шыққан Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Н. Әбішев, ақын, ОҚМПУ жанындағы «Айтыс» орталығының жетекшісі Б. Байтуов және Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, «Маман» бастауыш партия ұйымының төрағасы А. Апбазов қоғамдағы мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды.

 

Түркістан облысы