Үкімет • 28 Тамыз, 2019

Төрт жылдық даму болжамдары қандай?

285 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020–2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мақұлданды. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің ішінде 2020–2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы баяндалып, педагог мәртебесін айқындау бойынша баяндамалар тыңдалды.

Төрт жылдық даму болжамдары қандай?

Әлеуметтік шығындар көлемі белгілі болды

Алдымен Үкімет мүшелеріне Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов
2020 – 2024 жылдарға арналған Қазақ­станның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Оның айтуынша, сыртқы параметрлердің өзгерістеріне байланыс­ты 3 сценарий қарастырылған. Бірінші базалық сценарийде мұнай бағасы
1 баррельге − 55 АҚШ доллары көлемінде сақталған жағдайда нақты ІЖӨ өсімі
2020 жылы 4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Алдағы 4 жылдан кейін бұл көрсеткіш 4,7%-ға жетсе, 5 жылда ІЖӨ өсімінің орташа жылдық қарқыны 4,4%-ды құрамақ.

– Экономиканың тұрақты динамикасы ішкі тұтынудың орташа өсімі мен экспорт есебінен қамтамасыз етілетін болады. Инвестициялар экономикалық өсімді қолдаудың маңызды факторына айналады, − деген Р.Дәленов негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі екенін айтты. Яғни, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және құрылыс саласы негізгі дамитын салалар болмақ. Аталған салаларда орташа өсім 4,7%-ды құрауы тиіс. Жиында белгілі болғандай, мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 млн тоннадан 2024 жылы 100 млн тоннаға дейін өседі. Бұл көрсеткіш Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіз кен орындарын пайдалануға беру жобалары есебінен артады деп жоспарланған. Сонымен қатар номиналды ішкі жалпы өнім 2020 жылы 75 трлн теңгеден 2024 жылы 106 трлн теңгеге дейін өсіп, жан басына шаққандағы ІЖӨ 2020 жылы 10,5 мың АҚШ долларын құрайды, 2024 жылы 14,3 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Экспорт орташа қарқынмен 2,9%-ға өсіп, 2024 жылы 63 млрд АҚШ долларына жетеді. Орташа жылдық импорт өсімі 2,5% деңгейінде қалыптасып, 2024 жылы 37 млрд долларды құрамақ. 2020-2021 жылдары жылдық инфляцияның мақсатты дәлізі 4-6% шегінде сақталған. Ол 2022 – 2024 жылдары – 3-5%. Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7%-ға дейін төмендейді. Көрсетілген параметрлер ескеріліп, республикалық бюджет шығыстары 2020 жылы – 12,7 трлн теңге, 2021 жылы – 13,2 трлн теңге, 2022 жылы 13,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.

Тақырыпты тарқатқан Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, бас банктің негізгі мақсаты – инфляция­ны 2019 – 2021 жылдары 4-6% шегінде сақтау және 2022 – 2024 жылдары 3-5%-ға дейін төмендету. Бағалау бойынша инфляция болжамды аралықта нысаналы дәлізде болады.

−Биылғы сәуірдегі болжамның бірінші кезеңімен салыстырғанда біз 2019 жылға арналған импорт серпінін қайта қарадық. Бұл 2018 жылғы номиналды ІЖӨ бойынша нақты деректердің 59,6 трлн теңгеден 61,8 трлн теңгеге дейін және тиісінше 2019 жылы 67,7 трлн теңгеге дейін нақтылаумен, яғни 2,2 трлн теңгеге өсуімен байланыс­ты. Нәтижесінде тауар импорты сәуір­дегі 34 млрд долларға бағалаумен салыс­тырғанда 2019 жылы 33,7 млрд долларға бағаланады, – деді Е.Досаев.

Мәселені қорытындылау барысында Үкімет басшысы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін анықтау кезінде әрбір өңірдің ерекшелігі және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілетінін айтты.

− Республикалық бюджетте көз­дел­ген қаражат мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орын­­дауға мүмкіндік береді. 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипат­­тағы трансферттердің көлемін анықтау кезінде әрбір өңірдің ерекше­лігі және олардың экономикалық даму дең­гейлері ескерілді. Бюджет шығыс­тары экономиканың нақты секторларын қолдауға, оның ішінде индустрия­лық-инновациялық дамуды қамтама­сыз етуге, тұрғын үй және көлік инфра­құ­рылымына, агроөнеркәсіп кешені мен цифрландыруға, өнімді жұмыспен қамтуға және тағы да басқа салаларға ба­ғытталатын болады, − деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы өз сөзінде заң жо­баларына Мемлекет басшысы келісім бергенін атап өтіп, ол  белгіленген тәртіппен республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданғанын жеткізді. Отырыста заң жобаларын Үкімет мүшелері бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

− Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктері Премьер-Министрдің Кеңсесімен бірге аталған заң жобаларын Парламент Мәжілісіне енгізуді қам­тамасыз етуі тиіс, – деді Асқар Мамин.

Заң жобалары мақұлданды

Жиын барысында еліміздің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-эконо­ми­калық даму болжамының жобасы, сондай-ақ 2020 – 2022 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы, 2020 – 2022 жылдарға арналған респуб­ликалық және облыстық бюджеттер ара­сындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы, Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферті туралы заң жобалары мақұлданды. Құжаттарды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырды.

Республикалық бюджет жобасында 2020 жылға арналған түсімдер осы жылдың жоспарына 639 млрд теңге өсіммен 11,2 трлн теңгені құрайды. 2020 – 2022 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет шығыстарының басымдықтары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдау­лары мен Тұңғыш Президент – Елбасы жа­риялаған бастамаларды одан әрі іске асыруға бағытталатын болады.

Тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру бірінші кезектегі бағыттары болып қалып отыр. 2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары биылғы шығыс көлемінен 303 млрд теңгеге өсіммен 5,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Премьер-Министр Асқар Мамин 2020–2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде әрбір өңірдің ерекшеліктері және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілгенін атап өтті. 

− Республикалық бюджетте көз­делген қаражат мемлекеттің барлық әлеу­мет­тік міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин. Сонымен қатар бюджет шы­­ғыстары экономиканың нақты сек­торын қолдауға, оның ішінде индус­трия­лық-инновациялық дамуға, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына, агро­өнеркә­сіптік кешенге, цифрландыруға, өнімді жұмыспен қамтуға бағытталатын болады.

– Өңірлердің әкімдері бюджет қара­жаттарын жұмсау кезінде белгі­ленген бағыттарды ұстануы қажет, − деп атап айтты А.Мамин. Аталған заң жобалары Мемлекет басшысымен келісілген және белгіленген тәртіп бо­йынша оны Республикалық бюджет комиссиясы мақұлданған. Министрлер кабинетінің қарауының қорытындысы бойынша жобалар Парламент Мәжілісіне жіберілетін болады.

Мұғалім мәртебесі асқақтамақ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды. Алматы облысының әкімі А.Баталов пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов заң жобасының ережелерін педагогикалық қоғамдастық өкілдерімен талқылау барысы туралы баяндады. Сондай-ақ Үкімет отырысында жоспарланған жаңалықтарды талқылауға шақырылған Ақмола облысы Никольск орта мектебінің педагогы Н.Құттыбаева сөз сөйледі.

– «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген, – деді Асқар Мамин. Жаңа құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім беру жүйесін дамыту және білім сапасын арттыру жөніндегі алға қойған міндеттеріне жауап береді. Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты − мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін-өзі дамытуға және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру.

Бұған қоса, мұғалімдердің жалақы­сын арттыруға, еңбек демалысын ұлғай­туға, педагогикалық шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар көзделуде. Айта кету керек, бұл заң жобасы өңірлердің әкімдеріне бюджет мүмкіндігіне қарай мұғалімдерге материалдық көмек көрсету мәселесін өздігінен шешуге мүмкіндік береді.

– Мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан дамуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау жоспарланған, − деді А.Мамин. Үкімет басшысының айтуынша, жалпы заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, педагогтар үшін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасауға жол ашады. 

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр А.Мамин осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай Парламент Мәжілісіне «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалім жүктемесін төмендету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.