Жұмыс көп, жұмысшы жоқ
Жұма, 15 ақпан 2013 7:23
Елімізде жұмысшы кадрлары жетіспейді. Бұл жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Ірі құрылыс алаңдары, ауылдағы мал шаруашылығы кешендері мен егін алқаптары түрлі мамандарға зәру. Бұл өзекті мәселемен шаруашылық ұйымдастырушылар күнделікті бетбе-бет келеді. Қостанай қаласындағы «Компания Ерлан» ЖШС директоры, белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаевты осы мәселе төңірегінде әңгімеге тартқан едік.
Жұма, 15 ақпан 2013 7:23
Елімізде жұмысшы кадрлары жетіспейді. Бұл жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Ірі құрылыс алаңдары, ауылдағы мал шаруашылығы кешендері мен егін алқаптары түрлі мамандарға зәру. Бұл өзекті мәселемен шаруашылық ұйымдастырушылар күнделікті бетбе-бет келеді. Қостанай қаласындағы «Компания Ерлан» ЖШС директоры, белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаевты осы мәселе төңірегінде әңгімеге тартқан едік.
– Төлеген Ғалымянұлы, сіздің компания шаруашылықтың түрлі саласымен айналысады. Жұмысшы кадрларынсыз қай жұмыстың да бітпейтіні белгілі. Өз ісіңізде кадр тапшылығы біліне ме?
– Білінгенде қандай!.. Қалада құрылыс жұмыстарын жүргіземіз, ауыл шаруашылығында картоп, бақша, мал өсірумен айналысамыз. Құрылысшыдан бастап, жүргізуші, электрші, сантехник, қара жұмыс атқаратындар, дәнекерлеуші, моторшы, аккумуляторшы, токарь, слесарь, прораб, краншы дейсіз бе, толып жатыр, қайсыбірін айтайын. Осының барлығы да тапшы. 90-шы жылдардың ішінде жағдай тым мұншалықты емес еді. Соңғы төрт-бес жылда кадр тапшылығы шаруашылықтарда тіпті, күрделі жағдай қалыптастырып отыр десек болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашаққа темірқазық етіп ұстанар «Қазақстан-2050» Стратегиясында «жаһандық экономикалық тайталасқа» дайын болу үшін бірнеше міндеттер қойды. «Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке» жан-жақты қолдау көрсету сол міндеттердің бірегейі дер едім. Жеріміздің астын-үстін алып жатқан қазба байлықтары шексіз емес, олардың да сарқылатын күні болар. Бұл жөнінде де Елбасымыз айтып жүр. Соның орнын толықтырар, дамуды тоқтатпайтын істің кепілі – кәсіпкерлік. Қай кәсіп те мамансыз, жұмысшы қолынсыз атқарылмайды. Іс тетігі осында.
– Қазір мектеп бітірген жастардың барлығы да алдымен жоғары оқу орнына түскісі келеді. Жастар колледждер мен лицейлерге амалдың жоқтығынан барады, жұмысшы мамандығының беделі түсіп кетті деген пікір қалыптасқандай. Осыған не айтар едіңіз?
– Мен 20 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Жұмысшы мамандығынсыз қалада да, ауылда да іс бітпейтінін менсіз де барлығы біледі. Қазір дипломы бар да, жоқ та жұмыс істегісі келмейді. Уақыттың шындығы осы. Біз қазір малшы таба алмай отырмыз. Баяғыда аталарымыз малдың арқасында өмір сүрді. Мыңдап жылқы айдады. Төрт түліктің жайын олар бес саусақтай білді. Әкеміз «малға малдай адам керек» деп отыратын. Сонда малдың жағдайын оның соңына еріп жүріп жасамасаң, қайтарымы болмайды деген ұғым екен ғой. Кешегі Кеңес одағы кезінде шопандар кеңшарлардың малын мыңғыртып айдаған жоқ па еді? Ал бүгін біз малшы таппай отырмыз. Қолына ай сайын 100 мың теңге жалақы саламыз. Сонда малды дұрыс бақпайды. Ішкілік ішіп кетеді де, мал жайына қалады немесе алдындағы табынды өзі ұрлап, шаруаның берекесін кетіреді.
Әңгіме дипломда тұрған жоқ. Мәселе адамның мамандығын, өз ісін жақсы көріп, адал істеуінде. Қазақтың қай зергері, ұстасы оқу орнын бітіріп еді? Олар кәсібін өнер деп аялады. Менің бір атам тігінші болған екен. Келіндеріне шапан, көйлек тіккенде әдеп сақтап, оның бойын, жеңін өлшемейді екен. Алдына келіп, иіліп сәлем берсе болды, тігінші атасының көз өлшемімен пішіліп, ине-жіптен өткен көйлек те, қамзол да келіндеріне құйып қойғандай келісе кетеді екен. Ал Кеңес одағы кезінде шаруашылықтарда атақты ағаш, темір ұсталары болушы еді. Оларға жұрт құрметпен қарайтын.
Өз ісінің білгірі, шебері болған және шаруаға адал жұмысшы маманнан қай кәсіпкердің де айырылғысы келмейді. Мысалы, біздің серіктестікте сондай бір-екі маманымыз бар. Айлығын кешіктірмей беріп отырамыз, ол компаниядан кетіп қалмауы үшін, қаладан арзан бағаға үй алуына көмектесіп, жағдайын жасап отырмыз. Ал жалқауларды, ішкілікке салынғандарды көп ұстай алмаймыз. Қазір жұмыс жоқ дегенге мен өзім таңғаламын. Жұмыс бар, жұмысшы мамандар аз, оның үстіне жалқаулық та аяққа тұсау екенін жасырудың, ақтаудың қажеті жоқ.
– Колледждер мен лицейлерді жыл сайын бітіріп жатқан жастар қайда барады? Ал сіз жұмысшы кадрлары тапшы дейсіз?
– Әңгіме сонда, колледж бен лицейлерді бітірген жастар құрылыс алаңдарына барғысы келмейді. Олардың барлығына кеңседе отыратын «таза» жұмыс керек. Ал ауыл шаруашылығындағы жұмыстың жеңілі жоқ. Онда қаладағы сияқты жылы жерде отырмайсың. Жоғары оқу орнын бітіргендер немесе колледжде білім алғандар болсын, дипломын ұстап бір ауық ауылға барады да, шамалы уақыттан соң кетіп қалады. Қалаға келіп, саудамен айналысады немесе айлығы аз болса да «жайлы» орын іздей бастайды.
Қазір тек жастар емес, қай жаста болса да бізге жұмыс сұрағандардың бірі келіп, бірі кетіп жатады. Адамгершілігі, тәрбиелілігі, біліктілігі түрлі деңгейдегі адамдармен жұмыс істеуге тура келеді. Кейбірі жұмысшы мамандығын жақсы білгенмен, алғашқы жалақысын алысымен ішкіліктің соңында кетіп қалады. Ондайда жұмыс бірден тоқтайды. Шаруашылықтан техникалардың майын, қосалқы бөлшектерін ұрлайтындармен амалсыз қош айтысамыз. Мұның өзі істің жүруіне кері ықпал етеді.
– Соңғы жылдары елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүріп жатыр. Оның шеңберінде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жұмысшы мамандықтарының бұрынғыдан да зәрулігі осыған да байланысты болар?
– Әрине, экономика дамып барады. Біз күзде ауыл шаруашылығында бақша өнімдері мен картоп сақтайтын 3 мың тонналық қойма салып, пайдалануға бердік. Бұл да инвестициялық жоба болатын. Осы бақша шаруашылығы үшін 200 мың еуро тұратын шетелдік озық техника алғанбыз. Соны жүргізетін маман таппай отырмыз. 120 мың теңге жалақысы бар. Бұл бір ғана мысал.
Қазір Үкімет кәсіп істеймін дегенге жағдайдың барлығын жасап отыр. Ауыл шаруашылығында да, құрылыста да жақсы жобаларымыз бар. Мысалы, үстіміздегі жылы Торғайда жылқы шаруашылығын дамытсақ дейміз. Оған жылқышылармен қатар, мал мамандары керек. Егін шаруашылығында да мамандарсыз, жұмысшыларсыз іс өнбейді. Сондықтан мен Қостанай ауданы орталығы мен Қарабалықтағы ауыл шаруашылығы колледждеріне барып, түлектерді жұмысқа шақыруды межелеп отырмын. Олармен бес жылға келісім-шартқа отырамын. Бес жыл бір шаруашылықта өз мамандығымен істеген жас тұрақтауы да мүмкін. Осыны бір тәжірибе жасап көрмекпін.
– Жұмысшы мамандығына жастардың ықыласын қалай аударуға болады?
– Кеңес одағы жылдары кәсіптік-техникалық училище дегендер болып еді. Жұмысшы мамандығын алу үшін онда жастарға барлық жағдай жасалатын. Киімі, төрт мезгіл тамағы, жатар орны тегін болатын. Олар училищені бітірген соң, міндетті түрде өндірісте практикадан өтіп, іске маманданатын. Олардың өндірісте өз тәжірибесіне баулитын ұстазы болатын. Осындай шаралардың арқасында елімізде бұрын жұмысшы мамандығына тапшылық болған емес. Міне, сондықтан, сол жүйенің тиімді тұстарын пайдаланып, жаңа түрде жаңғырту керек деп ойлаймын.
– Тығырықтан шығудың жолы осы деп білесіз бе?
– Тығырықтан шығудың жолы жалғыз осы ғана демеймін. Мен бизнестің шаруасымен шетелдерді жиі аралаймын. Біз мойны озық елдерден көп үйрендік. Олардағы озық техникалардың көпшілігін әкелдік, техника паркі жөнінен қазір олармен теңестік десек болар. Шүкір, біздің экономикамыз қарыштап дамып келеді. Жұмысшы мамандығы ғана емес, бізге жұмысшы күші де керек. Жақында мен Испаниядан оралдым. Онда бүкіл қара жұмысты да, өзге жұмысты да шетелден келген гастарбайтерлер, жалдамалы жұмысшылар атқарады. Біздің елде де осындай жалдамалы жұмысшылардан бас тартудың керегі жоқ. Тек, Испания ғана емес, Еуропаның көптеген елдерінде осындай көрініске куә боласыз. Мысалы, Америкада жұмыстың 30-40 пайызын сырттан келген жалдамалы жұмысшылар атқарады.
– Шетелдік жалдамалы жұмысшыларды арзан жұмыс күші деп білерсіз?..
– Оны арзан жұмыс күші деуге болмас. Өйткені, жұмысты жақсы істейтін кім де болса лайықты ақысын сұрайды. Ал гастарбайтерлер жұмысты жақсы істейді. Шетелде жүрген соң, оларда іске деген өзіндік жауапкершілік бар.
– Шетелдік жұмыс күшінің келуімен бірге, басқа да проблемалар тумайтындығына көзіңіз жете ме?
– Әрине, шетелдік жалдамалы жұмысшылардың келуімен елде қылмыс түрлері күшейеді деген көзқарас бар. Оны мен де теріске шығармаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында : «Біз таяу болашақта кері процеспен – елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз» деп атап көрсетті. Алайда, ең бастысы тәртіп емес пе? Біздің құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстар жүргізсе, тәртіпті күшейтсе бәрі де дұрыс болады. Барлығы да заңды түрде жүзеге асады ғой, олармен келісім-шарт жасалады. Бұл мойны озық елдердің көпшілігінде бар тәжірибе. Жұмысқа келгендерден біздің елдің заңын сыйлауды талап ету қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.