ЭКСПО» мәзіріне әзірлік
Сенбі, 16 ақпан 2013 7:51
«Көкше» академиясы тарапынан «Жеке батыр» қонақ үй кешені негізінде Қазақстанда бірінші болып құрылған Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінде аймақтық ұлттық тағамдар фестивалі өткізілді. Оны Қазақстан кулинарлар ассоциациясының президенті, халықаралық дәрежедегі төреші, Ресейдің «Ілтипат белгісі» жоғары наградасының иегері Елена Мащинская мен «Көкше» академиясының ректоры Жанат Қасым ашты.
Сенбі, 16 ақпан 2013 7:51
«Көкше» академиясы тарапынан «Жеке батыр» қонақ үй кешені негізінде Қазақстанда бірінші болып құрылған Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінде аймақтық ұлттық тағамдар фестивалі өткізілді. Оны Қазақстан кулинарлар ассоциациясының президенті, халықаралық дәрежедегі төреші, Ресейдің «Ілтипат белгісі» жоғары наградасының иегері Елена Мащинская мен «Көкше» академиясының ректоры Жанат Қасым ашты.
– Біз бұл форумды «Экспо-2017» көрмесіне дайындық аясында өткізгелі отырмыз, – деді ұйымдастыру комитетінің төрағасы, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы төрағасының орынбасары Шнарбек Батырханов. – Барша қазақстандықтарды Астанамыздың әлемдік деңгейдегі жеңісі жігерлендіріп отыр. Осынау орасан зор саяси оқиға астаналық облыс өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Ақмола Қазақстанның туристік әлеуетін, халқымыздың қонақжайлық дәстүрлерін жарқырата көрсетуге атсалысатын болады. Бүгінгі фестивальдің маңызы да осында.
Фестиваль сындарына таңдаулы 12 команданың 60 өкілі қатысты. Бұлардың қатарында аймақтағы озық тамақтандыру мекемелерінің және облыстың оқу орындары өз шеберліктерін танытты. Қазылар алқасы тағамдардың дәмі мен сапалық ерекшеліктерімен қатар, ас мәзірінің құрамына, безендірілуіне, оны ұсыну мәнеріне айрықша назар аударды. Байқау шартына сәйкес, дәм әзірлеуде тек қана табиғи қоспалар пайдаланылып, оған қажетті өнімдер, тіпті, ыдыс-аяққа дейін мұқият тексерістен өткізілді.
Алғашқы болып Бурабай ауданындағы «Экспресс» кафесінің 10 түрлі тағамы ұсынылды. Қазылар алқасы әзербайжан палауы мен гутаб бәлішіне жоғары баға берді. Ал, Щучье туризм индустриясы мен сервисі колледжінің оқытушысы Светлана Янченко бастаған «Қонақ үй шаруашылығын ұйымдастыру» бөлімінің оқушылары тағамға толы үш үстел қойған екен. Оның біріншісі, күйеу-қалыңдық жоралғысына арналған «Махаббат» дәмі аталса, екіншісі, «Ренессанс» стилін, үшіншісі, жапон кухниясын паш етеді.
– Ал, біздің «Той-Дастархан» ЖШС Көкшетаудағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің әлеуметтік әріптесі ретінде болашақ аспаздар мен кондитерлерге тәжірибелік көмек көрсетіп, шеберлік-сыныптар сабағын өткізеді, – дейді Елена Мащинская. – Олардың біршамасы біздің кәсіпорында еңбек етіп жүр. Бүгін біз «Ел болашағы жастар қолында» және «Жыл сауғасы» аталатын тақырыптық ұсынымдар әзірледік.
Байқау қорытындысында «Экспресс» кафесінің жұмыстарына бірінші орын берілді. Ал, Көкшетаудағы «Арай» кафесінің аспазы Эмин Дадашев, кондитерлер Дария Добрилко, Анастасия Лейман, даяшылар Нұргүл Аманжолова мен Зәуірбек Таңатаров мамандығы бойынша үздік атанды. «Астана», «Еуразия» мейрамханалары мен «Арай» дәмханасы арнайы сертификатты жеңіп алды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.