Береке-бірлікке бастайтын биік белестер
Сенбі, 16 ақпан 2013 7:59
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын жасампаздық жаңа межелер жайлы әңгімелейді.
–Айдарбек Сейпілұлы, алдымен қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болған тарихи құжат жайлы ой бөліссеңіз.
Сенбі, 16 ақпан 2013 7:59
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын жасампаздық жаңа межелер жайлы әңгімелейді.
–Айдарбек Сейпілұлы, алдымен қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болған тарихи құжат жайлы ой бөліссеңіз.
– 2012 жылдың 14 желтоқсаны ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде есте қалары күмәнсіз. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты кезекті Жолдауын жариялап, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған биік белестерін белгіледі. Солтүстікқазақстандықтар да Жолдауды жасампаздық құжаты ретінде қабылдап, жарқын жеңістерге лайықты үлестерін қосуды абырой санап отыр. Стратегиялық бағдарлама еліміздің болашағына болжанған әлеуметтік-экономикалық даму қадамдарын саралаумен қатар, жалпы адамзатқа қатысты проблемаларды талдап беруімен ерекшеленетінін айта кеткен жөн. «Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде Қазақстан-2030» Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек», деуі Елбасының қилы уақытқа, дағдарысты кезеңге орайластырып Қазақстанды одан әрі мықты мемлекет ретінде қалыптастыру, әлемдік өркениет көшіне қосу ұлы арманының рет-ретімен жүзеге асып жатқанын тағы бір айғақтап берді. Басты байлығымыз – қысқа уақыттың ішінде қуатты да табысты мемлекет құра білгеніміз.
Тарихи жеңістеріміз бен жеткен жетістіктеріміз көп. Елбасы енді алдымызға 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, сөйтіп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу секілді асқаралы асуларды бағындыру міндеттерін жүктеді.
– «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі бағыттарын түсіндіру және жүзеге асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасы жарты ғасырға жуық мерзімді қамтитын Стратегия шеңберінде өңірлік билік орындары алдына да нақты талаптар белгіледі. Іргелі құжат жұртшылық назарына ұсынылғаннан бастап үлкен қолдауға ие болды. Елбасы биік мінберден сөйлеген сөзінде «Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы», деп атап көрсетті. Құрамына 700-ден астам мүшелер топтасқан жергілікті ақпараттық-үгіт топтары жүздесулерге, дөңгелек үстелдерге, тақырыптық пікіралысуларға жұртшылықтың әралуан өкілдерін кеңінен тарта отырып, Жолдаудың мән-маңызын, «Қазақстан-2050» Стратегиясына әркімнің қосар үлесін, еліміздің әлемдік бәсекедегі орнын нақты мысалдармен ұғындыруға белсене атсалысарына сенімдіміз. Ведомство басшыларына елді мекендерде жиі болу, проблемаларға назар аудару, бақылауға алу, арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікірлерді ескерусіз қалдырмау, сұрақтарға барынша ашық, айқын жауап беру секілді жауапкершілік жүктелген.
Облыстың республика өмірінде алатын өз орны бар. Мемлекет басшысы «Солтүстік Қазақстан облысы өте зор мүмкіндіктерге ие және барлық жігерлі бастамаларды өмірде жүзеге асыруға қабілетті. Облыстың елдің ең ырғақты дамып отырған аймақтарының бірі екеніне сенімдімін», деп тұрғындарымыздың ұйымшылдығын, бірлігін, қажырлы еңбегін жоғары бағалаған болатын. Жолдауда жаңа қазақстандық патриотизм – көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі екені айтылып, қоғамдық келісімді сақтау және нығайту мемлекет ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты ретінде атап көрсетілді.
Көпұлтты өңір екенімізді мақтаныш тұтамыз. Артықшылығымыз да, қуаттылығымыз да осында. Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері этносаралық келісімде тату-тәтті өмір сүріп, шынайы достықтың ұлы күшін танытып келеді. Қол жеткен табыстарымыз бірлігі мен тірлігі жарасқан ынтымақ пен қажырлы қимылдың арқасында дер едік.
Былтырғы қуаңшылық жылы гектар берекелігі 12,9 центнерден айналып, 4,9 миллион тонна астық жиналды. Сөйтіп, республика бойынша жиналатын өнімнің 28-30 пайызын өндіретін дәрежеге жеттік. Десек те, қол жеткенге тоқмейілсуге әсте болмайды. Игерілмеген мүмкіндіктер мен ішкі резервтер аз емес. Жолдауда ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғыртулар қажеттігі өзекті мәселе ретінде аталды. Соған орай егістік түсімін, ең алдымен, жаңа технологиялар есебінен көтеру, жер өңдеу мәдениетін өзгерту, жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерді енгізу секілді ауқымды шараларды атқаруды қарастырып отырмыз. Біз жыл сайын 1,5-2 миллион тонна астықты алыс-жақын елдерге сатып жүрміз. Енді астық өндірісін әртараптандыру міндеті тұр. Сондай-ақ, тарихи құжаттағы аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындау тапсырмасына сәйкес үлкен сұранысқа ие теріскейдің сапалы бидайы мен ұнын ұлттық брендке айналдырсақ деген ойымыз бар. Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік құрғалы экономикалық, сауда-саттық әріптестік көкжиегі кеңейіп, интеграциялық байланыстар бәсекелестік қарымын арттырудың маңызды факторына айналды.
Өңірімізде мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Республикада сүт пен жұмыртқа өндіруден бірінші, еттен екінші орынды иеленеміз. «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы қоғамдық мал басын өсіруге, табындарды асыл тұқымды малдармен толықтыруға үлкен серпін бергенін айта кеткен орынды. Соңғы екі жылда 37 мың бас ірі қара малы, оның ішінде 6,5 мыңы шетелдерден сатып алынды. 9 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық, 3 бордақылау алаңы құрылды. 2015 жылға дейін 10 мың басқа арналған бордақылау алаңдары, 4 мың басқа шақталған репродуктор шаруашылықтар, 12100 басқа лайықталған фермерлік қожалықтар ұйымдастырылады. Жолдауда айтылғандай, әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту әлеуетіне ие болуға тиістіміз.
– Отандық өнімдердің сапасын және бәсекелестік қарымын арттырудың қандай жолдарын қарастырып отырсыздар?
– Елбасының кешенді әзірліктер мен сауатты жоспарлауға тас-түйін жұмылдыруының арқасында дағдарыс салдары еліміз үшін ауыр соққан жоқ. Жолдауда ХХІ ғасырдың әлемдік он сын-қатері атап көрсетіліп, оның кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болуға сақтандыру әлемдік қаржылық жүйенің әлі де босаңдығын, кез келген уақытта дағдарыс дауылы соғу мүмкіндігін байқатса керек. Соған орай Президент мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген, үйлестірілген бағытын ұсыну арқылы пайда түсіру, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм жаңа бағыттың экономикалық саясаты екенін негіздеп, 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен атқарылатын маңызды мәселелерді екшеп берді. Жеті басымдықтың қай-қайсысын алсақ та, бәсекеге қабілеттік қарымы әлеуметтік-экономикалық салаларды жаңартудың, үздіксіз жаңғыртудың түп қазығы, негізгі тіні ретінде қозғалып отырады. Осы ой «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» талдамалы мақалада да көтерілген болатын. Елбасы бұдан былай мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге арналған одан әрі даму векторын күшейте отырып, жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саясаттың негізі болу тиістілігін қадап көрсетті. Мұның бәрі, айналып келгенде, Қазақстанды өркениетті елдер деңгейіне жеткізіп, жаһандану үрдістеріне төтеп беру қарым-қабілетін қалыптастырары сөзсіз.
Бәсекеге қабілеттілік бүгінде үлкен маңызға ие. Ол – ғылым жаңалықтарын пайдалану, озық тәжірибелерді енгізу, заманауи технологияларды қолдану, сапалы өнімдер мен тауарлар шығару деген сөз. Президент үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бұрын-соңды болмаған заманауи жобалар мен бағдарламалардың іске қосылуы – соның айқын дәлелі. Жаңа инновациялар ғана бәсекеге қабілеттілігімізді ұштап, әлемдік рынокқа жол ашады. Өнімдеріміз бен тауарларымыздың сапасын халықаралық стандартқа лайықтап, аз шығынмен өнімді жұмыс істеуге құлшындырады. Онсыз алға басу, ілгерілеу қиын. Жолдауда Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталуымен отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін бекемдеу көлденең тартылды. Шынында да, жиынтық ІЖӨ-сі 2 триллион АҚШ доллары болатын, 170 миллион тұтынушыны біріктіретін ауқымды нарықта үйренумен қатар үйретеріміз де аз болмаса керек. Осынау экономикалық-интеграциялық үдерісте экспортқа бағытталған шикізаттық, шикізаттық емес сектордың ауқымдылығын кеңейтудің оң тәжірибелерін осы бастан игергеніміз артықшылық етпейді. Индустрияландыру картасында белгіленген инвестициялық жобалар бойынша облыста 43,4 миллиард теңгенің жобалары енген. Мұның өзі екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Петропавл құрылыс материалдары зауытында» полиэтилен құбырлардың төзімді түрлері көбейтілді. «ЗИКСТО» АҚ-та вагон-хопперлердің жаңа үлгілері құрастырылды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен жасалған келісім-шарт 3 миллиард теңгені құрайды. Петропавл ауыр мәшине жасау кәсіпорны жасап шығарған 80-100 тонналық ұтқыр бұрғылау қондырғылары сапасы жағынан шетелдікінен кем емес. Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде индустрияландыру картасында белгіленген екі инновациялық жобаның тұсаукесері болды. Атап айтқанда, мәшине жасау өнеркәсібінде жетекші орынға ие «Мұнаймаш» АҚ 1,5 миллиард теңгенің жобасын «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырды. Цехтарға жаңа технологиялық құрал-жабдықтар орнатылып, мұнай саласына арналған қондырғылардың жылдық өнімі 7,5 мың жиынтыққа жетті. Озық жобаларды енгізудің арқасында ескі үлгідегі 68 станок ең үздік 12 құрал-жабдықтармен алмастырылды. Өндірістік цикл 80 пайызға қысқарып, механикалық өңдеу бойынша өнімділік 5 есе артып, жылына10 миллион теңгенің электр қуаты үнемделеді.
Елбасы өз Жолдауында бесінші сын-қатер ретінде жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті атап, табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізуді, энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуды, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді қолдануды тапсырды. Осы міндетті «Зенченко және К» командиттік серіктестігі қазірдің өзінде абыроймен атқарып шықты. Аймақтық даму бағдарламасы шеңберінде бой көтерген қос жел энергетикалық қондырғысы ауылшаруашылық тауар өндіретін фирмалар мен елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кешеннің құны – 174 миллион теңге, жобалық қуаттылығы – 1,5 миллион мВт. Жылына 8,7 миллион киловатт/сағат электр қуатын өндіре алады. Нәтижесінде, қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдық екі есеге дейін азаяды.
– Облыстың тоғыз жолдың торабында орналасуы инвестицияның тартымдылығын қалыптастырары сөзсіз. Бұл бағытта қандай шаралар ойластырылған?
– Қазақстан дамуының басты серпіні сауатты инвестициялық саясат екені рас. Сыртқы саясатымыздың көп векторлығы индустриалды стратегияны жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бұл бағытта Жолдау үлкен межелер қарастырумен қоса тың талаптар қойды. Енді Қазақстанды инвестиция үшін өңірлік тартылыс күшіне айналдыру секілді ауқымды мәселелер шешімін табатын болады. Инвесторларды ең заманауи және қайта өңдеу технологияларын беру шартымен ғана тартудың принципті маңызы зор. Облысымыз 70-ке жуық жақын және алыс шетелдермен ынтымақты байланыс жасап, ілкімді инвестиция тартудың жолдарын жан-жақты қарастырып келеді. Олардың арасында Канада, Германия, Қытай, Израиль секілді елдер бар. Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кеден одағы экономикалық қарым-қатынасымызды беріктендіре түсті. Келісімдер мен меморандумдар аясында жемісті еңбек етудің оң тәжірибелері қалыптасты. Жуырда арнайы делегация Омбы облысында болып қайтты. Омбы үкіметі мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар меморандумы қабылданды. Түмен облысы бойынша да іскерлік байланыс жолға қойылды. Бүгінде Петропавл қаласында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария, Корея,Түркия сияқты жетекші елдер өкілдерінің қатысуымен халықаралық инвесторлар форумының ұйымдастырылуын атай кеткен жөн. Онда өңіріміздің өтімді инвестициялық жобалары таныстырылып, 200 миллион АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құйылатын болып келісілді.
Алдағы жылдары өңір тұрғындарының жан басына шаққандағы инвестиция деңгейін республикалық көрсеткішке жеткізуді межелеп отырмыз.
– Солтүстікқазақстандықтардың саламатты өмірге бейімделуі қалай?
– Жолдаудағы «саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ» деген қанатты сөздер ұлт, адам денсаулығы бәрінен қымбат деген салиқалы ойларға жетелейді. «Шынықсаң – шымыр боларсың» деп текке айтылмаса керек. Шынында да, саламатты өмір салты ұлт денсаулығының алтын кілті іспеттес. Спортты серік еткен адам үнемі бабында жүреді, ширақ, сергек келеді, жаны, тәні таза болады. Ең бастысы, ойлау жүйесі, жұмысқа қабілеттілігі ашыла түседі. Денешынықтыру мен спортқа Елбасының ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық жасауы да сондықтан. Лондон Олимиадасында ел спортшылары қазақстандық патриотизмнің ерен үлгісін көрсетті. Жерлесіміз Александр Винокуров жасындай жарқылдап, алғашқы алтынды қоржынға салды. Бүгінде әйгілі велошабандоздың ізін қуушы жастардың көбейе түскені қуантады.
Қазір облыс тұрғындарының төрттен бірі бұқаралық спортпен және денешынықтырумен айналысады. 2200-ден астам спорт ғимараты жұмыс істейді. 30 стадион салынып, қайта жаңартылды. 13 балалар мен жасөспірімдер мектептері, 21 аула клубтары бар. Спорт инфрақұрылымы кеңейіп, қолжетімділігі артып келеді. Былтыр спорт саласын қаржыландыру 12,5 пайызға ұлғайып, 1,6 миллиард теңге жұмсалды. Жыл сайын бір мыңға жуық спорт жарыстары мен бұқаралық турнирлер өткізіледі. Жазғы «Ақбидай», қысқы «Север» секілді ұлттық спорт түрлерін қамтитын спартакиадалардың бәсі жоғары.
Ауыл спортын дамытуға назар бірінші кезекте аударылады. Облыс орталығында заманауи үлгідегі жабық спорт кешенін, әр ауданда денешынықтыру-сауықтыру орталығын салу жоспарланып отыр.
Александрдан басқа тағы төрт жерлесіміз ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына қатысу құрметіне ие болды. Көк байрағымызды желбіреткен А.Винокуровтың жеңісі ерекше ыстық. Оның Лондондағы ерлігін Алексей Луценко жалғастырып, Қазақстан тарихында велоспорттан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Қазір ол «Астана» велокомандасының негізгі құрамында өнер көрсетеді. Сол сияқты Маргарита Мұқашева, Ирина, Евгений Эктовтар, Владислав Поляков, Наталья Рыбакова секілді халықаралық дәрежедегі спортшылар –мақтаныштарымыз.
Спорттың басқа салаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз баршылық.
– Алда қандай ірі жобаларды іске асыру белгіленген?
– Солтүстікқазақстандықтар 2012 жылды табысты қорытындылап, жаңа міндеттерге жұмыла кірісіп кетті. Елбасының тапсырмасымен магистральді газ құбыры құрылысының басталғаны мәлім. Ол үш облысты қамтып, өңірімізде жалпы ұзындығы 186 шақырымдық құбыр тартылады. Сөйтіп, 6 ауданның тұрғындары көгілдір отынды пайдаланатын болады. Ірі инвесторлардың қаражатына Булаев қаласында мұнайды қайта өңдеу зауытын салу көзделген. Бәйтерек ауылында сүрек-жаңқа тақтайын шығаратын бірлескен кәсіпорын бой көтереді. Есіл аграрлық-техникалық институтын ашу қажеттігі бүгінгі сұраныстан туындады. Ол аграрлық сала үшін жоғары білімді мамандар даярлауға атсалысады. Келешекте жаңа технологияларды, дуальды оқытуды, білім мен ғылымды дамытуды ұштастырып, жаңа өндірісті өркендету, облыстың креативті жастарын шоғырландыру мен қолдау орталығына айналдырамыз. Ресеймен шекаралас аймақта «Қызылжар» өңірлік логистикалық орталығын салу белгіленген.
Облыста болашағы зор жобалар көп. Басты талап Жолдау міндеттерін мүлтіксіз орындауға келіп тіреледі. Береке-бірлікке бастайтын биік белестерді бағындыруға солтүстікқазақстандықтардың күш-қуаты да, ерік-жігері де жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.