Сұхбат • 29 Тамыз, 2019

Ұлттық сананың мәйегі – ұлт тарихында

6223 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық сананы рухани жаңғырту, түлету мәселесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар:рухани жаң­ғы­ру» бағдарламалық мақа­ласының мән-мағынасы, орны ерекше. Таяуда біздің тілшіміз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбекпен тілдесіп, осы тақырыпты қаузаған болатын.

Ұлттық сананың мәйегі – ұлт тарихында

– Ұлттық сана тарихының даму көшінде ұлы бабалар өнегесі, ұлы тұлғалар тағылымы, ұлттық тәлім-тәрбие арқылы үздіксіз беріліп отырады емес пе? Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі. Осы арнада сөз сабақтасақ?

– Ұлттық сананы ұлт руханиятының өзегі дейтін себебіміз, тарихта қазақты ұлт ретінде сақтап, қалған дүние – ұлттық сана. Ұлттың рухани әлемінде сақталатын ұлттық сана ұрпаққа рухани дәстүрлер айналымы арқылы берілетіндіктен, елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы жоғалмай тарихтың қилы кезеңдерінің өзінде өзінің рухани болмысын сақтаған. Қазақ ұлтының ұлттық санасы – елдік, бірлік, ар-намыс, батырлық, ержүректілік, тек­ті­­лік, кісілік, имандылық, адалдық, тазалық, намысшылдық, қамқорлық, ұлттық қасиетті терең сіңіру сияқты ұстындардан құралады. Ұлттық сананың мәйегі – ұлттың тарихында жатыр. Өз тарихын білген ұрпақтың тәрбиесі де күшті болады. Тарихи зерде, тағылым, жалған шындыққа сенбейтін, оны қабылдамайтын ойлы, ақылды жастарды қалыптастырады. «Өткенді білмей, болашақты бағдарлауың қиын» депті Нобель сыйлығының иегері, ағылшын жазушысы Джордж Оруэлл. Тарихи зердесі күшті қоғамда ел тарихына қатысты шындықтар бұрмаланбайды, тарихи білігі күшті ұрпақ әрдайымда өз дәуірінің, өз қоғамының айнымас, дұрыс, әділ сыншысы бола біледі. Сондықтан сыртқы саяси күштер қашан да ұлттың рухани дүниелеріне қызмет ететін тетіктерді, сол тетіктерді жасайтын адам санасын өзгерту, өздеріне тарту арқылы тарихи шындық, көзқарас – тұжырымдарды бұрмалауға, өзгертуге, бұзуға ұмтылып бағады. Бір кездері «Ұлттың тарихы не үшін қажет?» деген сұраққа Алаш зиялылары былай деп жауап берген: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді. Келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өзге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс».

– Сонымен төл тарихымызды қадірлеу, оны сақтау – ұлттық сананы құр­меттеу, тарихыңды білу ұлттық сананы иеленумен тең деген сөз ғой. Халқы­мыздың асыл қасиеттерімен, тәжіри­белерімен өрілген ұлттық сана ор­тақ рухани құндылығымызға айналуы қажет емес пе?

– Қоғамдағы ұлттық идея да, ұлттық идеология да тарих арқылы жасалады. Тарихсыз дінге де, ділге де қажет құндылықтарды жүйелі түрде игеру мүмкін емес. Әлемдегі ғаламтор желісіндегі өткінші әсері мол сананы бұрмалайтын ақпараттардан тарихи зерде, тарихи білім және ұлттық сана арқылы ғана ұрпақты қорғай аламыз. Санасы биік адам адаспайды. Ұлттық сана тарихи танымнан туындайды. Тарихи танымы мен зердесі биік әрбір жан өз дәстүрі мен діліндегі ерекшеліктерді ұғыну арқылы түрлі ағымдардың жетегінде, ықпалында кетпейді, адаспайды. Ұлт зия­лыларын елдік, мемлекеттілік идеясына біріктіретін ұлттық сана. Сана дамуының эволюциялық сатылары: аталық сана, рулық сана, тобырлық сана, бұқаралық сана, қоғамдық сана деп санамалайтын болсақ, қоғамдық сананың ең жоғары, маңызды түрі – ұлттық сана.

Алаш зиялылары ұлттық сананы көтеру арқылы жұрт ісін дамы­ту­ды көздейді. Олар әлеуметтің, әлеу­мет мүшесі әрбір адамның көңіл күйі халықтың ішінде ғана жүргенде білінеді. Биікте тұрып қоғамда болып жатқан нәрсені адам көрсе де, оның ішкі жағдайына үңіле алмауы мүмкін деп ескертеді. Сондықтан да алғашқы қазақ зиялылары халықтың ішінде жүріп, тікелей елдің мәселесін көтеріп, оны шешудің оңтайлы жолын халықпен бірлесіп іздеген. Ұлт зиялыларының бойындағы бұқарашылдық қасиет – ұлт танымы мен ұлттық дәстүрлердің қойнауында жатыр. Сондықтан да ұлт мақсатын, ұлт санасын алға жетелеуде ұлт зиялыларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Қандай кезең, қандай заман болмасын қазақ баласына діні мен ділінен адасу жат нәрсе болып табылады. Өткен тарихымызға барласақ, қазақ болмысының аясына ұлттың рухани игілігіне айналған тарих, дін, дәстүр, мәдениет, әдебиет, тәрбие бір-біріне қарсы келмеген. Бұл турасында Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов былай деп жазыпты: «Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда рух мәдениетінен кенде емес. Қазақтың жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр. Ол не десеңіз, әдебиет, ән-күй».

Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек. Елбасымыз да өзінің жоғарыда аталған бағдарламалық мақа­ласында әлемдік, өркениеттің үдеріс­ке өзіміздің ең озық мінез-болмы­сы­мызбен, ұлттық қадір-қасиетіміздің, дәстүрлеріміздің өміршең жақтарын ұлттық, әлемдік брендке айналдыра отырып кірігу арқылы әлемдік өркениет­пен жарасымдылық сипатын таны­ту хақында ой толғап отыр. Қазақ хал­қы­ның қанына сіңген дәстүрлі көрінісі – қонақжайлылық. Этностың ең бір жарқын этномаркерлік белгісі. Алыс болсын, иә жақын болсын, танысын, танымасын, бай болсын иә кедей болсын басқа жақтан үйге келген адамды, мейманды барымен қарсы алу, жақсы асын беру, жайлы төсекке жатқызу – қазақ халқының ежелден қанына сіңген салт-дәстүрлерінің бірі. Қазақтың осындай мейірбандығын, қонақжайлылығын ХІХ ғасырда қазақ даласына әртүрлі себептермен келген орыс, поляк халқының ойлы адамдары ізгі ниетпен, ілтипатпен ерекше атап өткен. Орыстың әйгілі тіл маманы В.И.Даль: «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыратып тиын санап отырғаның бұл елдің әдет-ғұрпына ерсі» депті. «Жер шарының белдеуін (экватор) жағалай қазақтарды жайғастырса, жер жүзін бір тиынсыз айналып шығуға болады» дейді қазақ жеріне жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич. Қазақтың ақкөңілділігін, қонақжайлылығын, соғыс өнеріне бейімділігін көзімен көрген, ХХ ға­сыр­дың басында Түркістанда бол­ған пиғылы таза орыс генералы А.Суздальцев: «Қазақтар – суннит мұсылмандары. Әйел­дері біршама еркін жүреді. Беттері ашық, өжет, өткір. Тілдері түрік, мінез-құлқы жағынан ең ұнамды халық. Кек сақта­майды, көп сөйлемейді, қонақжай. Соғыс өнеріне аса бейім әрі ержүрек, жыл­қыны жақсы көреді және ең мықты шабандоздар» деген.

– Әдебиет қоғамдық өмірдің айнасы дейтін болсақ, ұлт санасының жар­қын көрініс тапқан саласы ол – туған әдебиетіміз, қазақ әдебиеті емес пе?

– Қазіргі қазақ прозасы ұлттық тақырыптың нәрі мен сөлінен, ұлттық көркемдік дәстүрлердің үлгілерінен құнарланған, әлемдік әдеби дәстүрдің поэтикасынан сусындаған, танымды, зерделі биік проза. Нобель сыйлығына ие болып жатқан біраз шығармалардың көркемдік сапасы қазақ прозасының биік үлгілерінен оқ бойы төмен тұр. Бар мәселе – қазақ прозасының әлемдік әдеби кеңістікте жеткілікті насихатталмауында. Қазіргі өлеңдердің тақырыптық диапазоны кең де саналуан. Ежелден келе жатқан сүйіспеншілік, көңіл күй лирикаларын былай қойғанда, ежелден ауызға қақпақ болған, бұғаулы тақырыптар: ұлт мүддесі, оның өткені, болашағы, қазіргісі ежелгі түркілік дәуір, түркілік сана, діни сана сияқты тақырыптардың тығыны ағытылды. Осының барлығын тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз, еркіндігіміз деп түсінген жөн. Бұрынғыдай әдеби шығарма қалай жазылу керек, нені жазу керек, нені жазбау керек деп бақылау қоятын партиялық цензура жоқ. Нені жазсаң да еркің! Тек көркемдік мақсат-мұратты ұмытпасаң, эстетикалық идеалдан ауытқымасаң болды.

Қазіргі қазақ прозасында пост­мо­дернистік сипаттағы шығармалар туа бастады. Мысалы, М.Мағауиннің «Қып­шақ аруы», «Жармақ», Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» сияқты шығар­ма­­­­ла­р­ын­да тұлғаның екіұдайылығы, тұлғаның қос жарымы сияқты сипат белгілер бар. Айнала, ортаға, шындыққа деген адам табиғатындағы қарама-қайшы сипат­тар, құбылыстар, екіұдай сезімдер, көз­қарастар, тұжырымдар, поэзиялық кейіп­керлер, тұлғалар тосын белгілері арқы­лы ашылады.

Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлттық сананы байытатын құнды дүниелер аз емес. Тек жас толқын жақсы дүниені бойына сіңіріп, кемелденіп өссе дейсің. Ал ұлттық сананың ұлт ретінде беки түсуіне қаншалықты қызмет ететіндігін хал-қадерімізше айтудамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»