Оқиға • Кеше

Қазақстандағы алғашқы сталкер әйел: Полиция қандай мәлімдеме жасады?

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов Қазақстанда әйел адамның ер адамды қудалауына қатысты сталкинг дерегі тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы алғашқы сталкер әйел: Полиция қандай мәлімдеме жасады?

Фото: Ашық дереккөз

Полиция өкілінің мәліметінше, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша тек ерлер емес, әйелдер де күдікті ретінде жиі жауапқа тартылып жатады. Ондай істердің қатарында денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ауыр дене жарақатын салу және сталкинг (артынан қалмай қудалау) деректері бар.

Айтан Елеусізов нақты оқиғаға тоқталып, әйел адамның бұрынғы қарым-қатынасын қайта жандандырғысы келгенін жеткізді.

«Сталкинг жасаған әйел қарым-қатынасты қайта жалғастырғысы келген. Бірақ екінші тарап (ер адам) ол кезде үйленген болғандықтан, өз некесін сақтау мақсатында полицияға арыздануға мәжбүр болған», деді ол.

Полиция мәліметінше, ер адамдарды қудалаған әйелдерге қатысты әзірге осы бір ғана факт тіркелген. Оқиға биыл болған. Сонымен қатар Елеусізов қазіргі уақытта балаларға қатысты сталкинг деректері бойынша өндірісте қылмыстық істер жоқ екенін атап өтті.

Терезеден сығалап, мазасын алған: Атырау облысында сталкинг туралы жаңа бап негізінде үкім шықты

Полиция өкілі қудалауға қатысты қолданылатын жазалардың тиімділігі туралы да пікір білдірді. Тәжірибе көрсеткендей, агрессорлардың көбі сотқа дейінгі тергеу кезеңінің өзінде-ақ қудалауын тоқтатады.

«Алғаш ұсталған кезде адамға заң талаптары толық түсіндіріледі. Егер ол сотқа дейінгі тергеу барысында да қудалауын тоқтатпаса, бұл кейін сотта қосымша ауырлататын жағдай ретінде қарастырылуы мүмкін», деп түсіндірді Айтан Елеусізов.

Айта кетейік, Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар