Руханият • 29 Тамыз, 2019

Ойлы шаруаның бірегейі

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ең алдымен, Қазақстан Жазу­шылар одағының біраз жылға созылған тоқыраудан кейін заман талабына сай қарекет жасай бастағанын айтар едім. Бір­шама уақыт бұрын ел астанасында Еуразия астаналары ақын-жазушыларының жиы­нын өткіз­генін, Алматыдағы Шығар­машылық үйді қала әкімінің қол­дауымен қайта жаңғыртып, қаламгерлердің игілігіне беруін, прозалық шығармаларды әлемнің алты тіліне аударта бастауын және алдағы Азия қаламгерлерінің І форумын ұйымдастыруы – ояну ғана емес, ойлы шаруаның басы және бірегейі.

Ойлы шаруаның бірегейі

Ертеңгі болар форум әдебиетіміздің өзге жұртпен терезесін тең көрсете алуына игі қадам болып отыр. Әлем әдебие­тінің озық үлгілерімен біраз таныс болғандықтан, халықаралық сыйлық иелерінің шығармаларын өз әдебиетіміздің таңдаулы үлгі­ле­рімен салыстырып қарасақ, ақын­дарымыз Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Тұманбай мен­ Сағи­лар­ды айтпағанда Т.Медет­бек, С.Ақсұңқарұлы, Е.Рау­шан, Ж.Бөдеш, прозашылары­мыз М.Мағауин, Т.Әбдік, Т.Нұрмаған­бетов, Ж.Шаштайұлы, Б.Нұржеке, Р.Отар­баев, Н.Дәутайұлы, Ә.Ас­қар, М.Байғұттың шығар­ма­лары аударуы келіссе, әлем әде­биетін таңдандырары хақ. Бұдан бөлек, тұяқ дүбірлері алты қырдың ар жағынан естілетін дарынды жастарымыз қаншама. Әлем білсе, Абайды, Әуезовті, Нұрпейісовті білер. Басқасынан әлем мүлде хабарсыз. Әдебиеті әлсіз елді қанша жерден экономикасы мықты болғанымен, әлем мойындамайды.

Форум қазақ әдебиетін таны­ту­ға күш салуы керек. Бұл да жар­намалық қызметтің бір түрі. Демек, шет тілге аударылатын қазақ ав­торларының таңдаулы шығар­маларын арнайы комиссия мен Жазушылар одағы іріктеп, қолға алса деймін. Бұл жерде ағайындық емес, ақиқат, өкпе-наз емес, әділет төреші болса керек.

Ақын-жазушылардың алыс-жақын шет­елмен шығармашылық байланысына толықтай жағдай жасаған жөн. Оған қоса жас қаламгерлердің топтама жинақ­тарын мемлекеттік тапсырыспен жылына бір рет шығарып жатса, үлкен қамқорлық емес пе?!

Жазушы Ә.Асқар бұрынғы «Аударма» баспасын қайта жандандырып, жұмысын жүргізсе, әде­би аудармаға қозғау салар еді. Форумда осы аталған мәсе­лелер қозғалар деп сенемін. Әде­биетімізді әлсіретіп алмау жа­зушылардың ғана емес, мем­лекет­тің де парқы мол парызы.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы