Б.Сапарбаев отырысты Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) жанынан Жобалау офисін құруға тапсырма берілгенінен бастады. «Еңбек ресурстарын дамыту және жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға байланысты шаралар стратегияның маңызды бөлігі деп санаймын. Орталықта құрылған алаңда салалық біліктілік шеңберін (СБШ) және кәсіптік стандарттарды дайындау барысында үйлестіру, әдістемелік көмек және бақылау жүзеге асырылатын болады», деді вице-премьер.
Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) 2012 жылы басталған. Өткен кезеңде нормативтік-құқықтық база дайындалды, ҰБЖ, СБШ және кәсіптік стандарттарды даярлау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді. БҒМ орта кәсіптік білім деңгейінде қолдану үшін 350 кәсіптік стандарт және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ҰКП үйлестіруімен 70-тен астам кәсіптік стандарт даярланды. 2018 жылдан бастап кәсіптердің жаңа жіктеуіші енгізілді, соған сәйкес статистикалық ақпаратты және еңбек нарығының жай-күйін талдау жиыны жүргізіледі. Алайда Премьер-Министрдің орынбасары жүргізілген жұмыстарға қарамастан нәтиже жоқ екенін, ең маңыздысы жұмыс үйлесімділігі мен процеске қатысушы СБШ және кәсіптік стандарттарды әзірлеуге тартылған ҰКП, БҒМ, Еңбекмині, басқа да уәкілетті орталық мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, білім ұйымдары мен қауымдастықтары арасында өзара іс-қимылдың жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 3 негізгі міндет қойғанын еске салды. Бұл – әр мамандық үшін Жол картасы саналатын ҰБЖ құру бойынша жұмысқа күш салу; ҰБЖ арқылы әр мамандыққа кәсіптік алаң құру; ҰБЖ шеңберінде әзірленген кәсіптік стандарттар мамандарды даярлау барысында оқу орындарында қолданылатын білім беру бағдарламаларының бастамасы болуын қамтамасыз ету.
Ал Б.Нұрымбетов ҰБЖ-ны одан әрі дамыту үшін алдыңғы қатарлы шаралар анықталғанын жеткізді. Оның ішінде: 36 СБШ және 480 кәсіптік стандарт (КС) әзірлеу; Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес және Ұлттық біліктілік органын құру; кәсіби біліктіліктер туралы заң қабылдау; сертификаттау мен біліктілікті тану бойынша тәуелсіз орталықтар құру. Министрдің айтуынша, биыл екі негізгі бағыт бойынша жұмыс басталады. Яғни жыл соңына дейін экономиканың 12 басым саласы бойынша 36 СБШ мен 480 КС әзірлеу жұмысы басталды. ҰБЖ дамыту бойынша одан әргі стратегиялық іс-қимылдарды анықтау үшін жуырда, шілдеде 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Бірінші бағыт бойынша жұмыс аясында ЕРДО базасында жобалау тобы құрылды, оның құрамына салалық мемлекеттік органдар, жетекші кәсіпорындар, «Атамекен» ҰКП және білім беру ұйымдарының өкілдері, СБШ мен КС әзірлеушілер кіреді. Бұл ретте СБШ мен КС әзірлеу үшін дербес жауапкершілік мемлекеттік органдардың тиісті салаларға жетекшілік ететін вице-министрлеріне жүктелген.
«Мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, жобалау офисінің тиісті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауында қиындықтар болып жатады. Бұл жобаны іске асыру мерзімінен көрініс табады. Осыған байланысты біз Жобалау офисін құрдық, соның нәтижесінде барлық бизнес-процестер жүйелендіріледі, кәсіптік стандарттар әзірлеушілерге де, мемлекеттік органдар үшін де білікті консультанттарға қажетті әдістемелік қолдау көрсетеді», деді Б.Нұрымбетов.
Қызметтің екінші бағыты бойынша іс-шаралар екі кезең бойынша іске асырылмақ. Айталық, 2019-2020 жылдар – кәсіптік стандарттар әзірлеу және оны білім беру процесіне енгізу; 2021-2025 жылдар – заңнамалық база қалыптастыру және біліктіліктерді халықаралық тану.
Ал Жобалау офисінің жұмысы туралы әңгімелеген Тамара Дүйсенова міндеттерді тиімді шешу үшін жобалық басқару механизмі енгізілетінін жеткізді.
ЕРДО басшысы Еңбек министрлігінің барлық жобалар пакетін бірыңғай Жобалық офисте іске асыру көптеген ұйымдастырушылық-әдістемелік мәселелерді шешуге, атап айтқанда, әр бағыт бойынша нақты мақсат-міндеттерді белгілей отырып, жобалар пулын басқару архитектурасын құруға; Жобалау офисінің жобаны іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу процесін реттеуге; Жобалау офисін жобаларды жүйелі жоспарлау, іске асыру, мониторингілеу, үйлестіру, түзету және аяқтау үшін тиісті басқарушы құжаттар пакетімен қамтамасыз етуге; Жобалау тобының мүшелері мен тиісті мемлекеттік органдар арасында дербес жауапкершілікті бекітуге мүмкіндік береді деп сенеді.
Отырыс барысында жобалық басқару мысалдары және механизмдерімен танысып, ЕРДО базасында құрылған жобалық офисті көрген Б.Сапарбаев атқарылған жұмысқа оң баға берді. Сондай-ақ бірқатар тапсырма жүктеді. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 1 қазанға дейін базалық білім беру ұйымдарын және базалық кәсіпорындарды таңдау, еліміздің ұйымдары мен кәсіпорындарында КС енгізу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірлеп, бекіту тапсырылды. БҒМ 1 қазанға дейін білім беру ұйымдарының КС әзірлеу мен білім беру бағдарламаларын дайындау процесіне қатысу процедураларын реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірлеп, бекітуі, 1 қарашаға дейін КС негізінде әзірленетін білім беру бағдарламаларының тізбесін айқындауы, оны дайындау кестесін бекітуі және жаңа оқу жылынан бастап енгізуі тиіс.