Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

«Тобыл ойшылы» таңғалдырады

1022 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының 140 жылдық мерекесі қарсаңында қаланың орта­лығында «Тобыл ойшылы» аталып кеткен Қола дәуірі жәдігерінің үлкей­тілген көшірме мүсіні пайда болды. Мұны қостанайлық мүсіншілер Егор Кислицин мен Владислав Галбин осыдан екі жыл бұрын жасаған болатын.

«Тобыл ойшылы» таңғалдырады

Жігіттер кісі бойынан үл­кен мү­­сін­ді өзінің түпнұсқа­сынан аудар­­­май 3 айда жасап шығарды. Бі­рақ осы­­ған дейін ол мүсіншілер шебер­хана­сында тұратын.

«Тобыл ойшылының» түпнұс­қасы облыстық тарихи-өлкетану му­зейін­де көп жылдар тұрды. Осын­­дай аса сирек кездесетін жә­дігер алғашқы кезде шыныға да са­лынған жоқ. Археологиядан, мүсін өнерінен алыс адамдардың өзі оның қасында көп айнал­соқтап, қат­ты қызық­тайтын, тіпті қолға ұстап көретін.

– Осыдан 2-3 мың жыл бұрынғы ежел­гі атала­рымыздың ойланып отыр­ған адамның мүсінін тастан ой­ған шеберлігі таңдай қақ­тырады. Адамның бет әл­петін келтіруден бұрын орын­далу техникасының өзі таң­дандырмай қоймайды. Мүсін­нің мінсіз тегістігі толып жатқан технологиямен, техникамен жұмыс істейтін ХХІ ғасыр мүсіншілерінің кез келгенін ойландырады. Біз «Тобыл ойшылы» кең танылуы, тарихымызды бүгінгі ұрпақ біле түсуі үшін оның мүсінін оюды қолға алған едік – дейді мүсінші Егор Кислицин.

Мүсіншілер «Тобыл ой­шы­­лы­ның» жалпы түрін аудырмай кел­тір­­генімен, оны дәл өзін­дей жыл­ты­ра­тып қыр­намай, шығар­машы­лық қиял­­ға ерік беріпті. Жүрелеп отыр­­­ған адам мү­сініне қазақ дала­сын­дағы таң­балы тас­тар­­дағы ежелгі сурет­терді бей­неледі.

«Тобыл ойшылы» аталып кеткен салмағы 4 кило­грамм, тұрқы 25 сантиметр­дей болатын тас мүсін 1976 жы­лы Қостанай қаласының іргесіндегі «Мичурин» кеңшарының егіс даласынан табылған болатын. Ол осы кезге дейін сырын ішіне бүгіп, тек таңғалдырумен ғана ке­леді. Оның түпнұсқасы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы еліміздің Ұлттық музейінде тұр.

 

ҚОСТАНАЙ