Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Әр азаматқа құқықтық кеңес берілді

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ата заңның пәрменін арттырып, еліміздің негізгі құжатының маңызын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ҚР Конституциялық Кеңесі өткізген «Негізгі Заң апталығы» аясында Алматы қаласының Әділет басқармасы қала тұрғындарының құқықтық маңызы бар сұрақтарына жауап берді.

Әр азаматқа құқықтық кеңес берілді

Әуезов ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында басталған заңгерлер кеңесінде қалалық адвокаттар алқасы, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заңгерлер палатасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мамандары жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, жер алу мәселесі, алимент төлеуге қатысты сұрақтар, сондай-ақ сенімхаттар мен өсиетнама  рәсімдеу бойынша қырыққа жуық өтініштерді қарастырып, ары қарайғы шешу жолдары бойынша кәсіби кеңестер берді. Түсіндіру шаралары сондай-ақ Бостандық ауданында да жалғасын тауып, тұрғындардан 80-нен астам өтініш келіп түсті.  Сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар әлеуметтік мазмұндағы сұрақтардың барлығын дерлік қамтып, әрбір өтініштің оң шешімін табуы алдағы уақытта да қадағаланатын болады.

Алматы қаласының Әділет басқармасы Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету басқармасының бас маманы Әділжан Талғатұлының айтуынша, қаланың әділет органы осы бағыттағы шараларды тұрақты жүзеге асырып келеді. Мұндай шаралар қаланың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ «Nur Otan» Алматы қалалық филиалымен бірлесіп өтетін мобильді кеңселерде жалғасын табуда.

«Негізгі Заң апталығы» аясында әділет органдары тарапынан азаматтарға құқықтық кеңестермен қатар арнайы кітапшалар да үлестірілді.

 

АЛМАТЫ