Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Қостанайда оркестрлер мен ансамбльдердің тұңғыш халықаралық фестивалі өтіп жатыр

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Түркі әлемі» фестивалі Қостанай облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп жатыр. Оған Алматыдан «Хассақ» ансамьблі, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Башқұртстаннан өнер ұжымдары қатысуда. Фестивальдің ашылу салтанатында Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өнер ұжымдарын құттықтай отырып, тілі де, түрі де бір түркі жұрты өнерінің де түп қайнары бір екенін айтты.

Қостанайда оркестрлер мен ансамбльдердің тұңғыш халықаралық фестивалі өтіп жатыр

«Өткен аптада ғана облыста этникалық театрлар фестивалі өткен еді, енді түркі жұрты өнерінің фестивалін тамашалап отырмыз. Фестиваль Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ даласын түркі халықтарының тал бесігі деп ерекше атаған болатын. Түркі өнерінің қауышуы бәрімізге де мереке», деді Ерлан Болатұлы.

Фестивальде ансамбльдер мен оркестрлер негізінен көне сарындағы халық музыкасын, халық және композиторлар әндерін орындады. Фестиваль Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жаңа залында өтуде. 

Қостанайлықтар екі күнге созылған өнер бәйгесінің бүгін қорытынды концертін тамашалайды.

 

ҚОСТАНАЙ