29 Тамыз, 2019

Толағай жігіттер Толағайдың баурайында бас қосты

1717 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

көк 1324-25 тамыз күндері осынау қасиетті таудың баурайында, Көкпекті ауданының орталығы – Көкпекті ауылында «Толағай сұлтаны» атты халықаралық спорттық-шығармашылық сайыс өтті дүркіреп.

Толағай жігіттер Толағайдың баурайында бас қосты

 

Ел аузында ертеректен
Ертек болған қызық кептен
Бір әңгіме есімде бар.
Айтып соны баяндайын,
Ерінбейін, аянбайын,
Тыңдау үшін кел, балалар!
Бес жүз жылдар шамасында,
Сонау Ертіс жағасында,
Болған біреу Саржан атты...

Қазақтың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаевтың осылай басталып, Саржанның Айсұлу атты сүйген жарынан Толағай есімді ұл туғаны, оның жеті жаста садақ атқаны, атқан тасты уатқаны, әкесіне қарсы шапқан жолбарысты «бұл не деген үлкен мысық?» деп атып ұрып, жайратқаны, кейін еліне қуаңшылық келіп, бір тамшы жаңбыр тамбағанда Тарбағатай тауына барып, басындағы қарымен, бауырындағы аңымен қоса бір шатқалды бөліп, көтеріп алып келе жатып, әлденеге сүрініп, тау астында қалып:

Алыпты жұрт ардақтайды

Алып атын бір атайды

Жылда жаңбыр жауған күні, – деп аяқталатын өлеңі көпшіліктің есінде болар.

 

 

Жиырма үш жігіт жан алып, жан берісті

көк

Иә, жақында, нақтырақ айтсақ, 24-25 тамыз күндері осынау қасиетті таудың баурайында, Көкпекті ауданының орталығы – Көкпекті ауылында «Толағай сұлтаны» атты халықаралық спорттық-шығармашылық сайыс өтті дүркіреп. Жігіттердің ептілігі, естілігі мен күш-қайратын таразыға салуды мұрат еткен тағылымды шара Жастар жылы һәм «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкпекті ауданы әкімдігі мен облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының бас болуымен ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн шығар.

көк 1

Жүлдесі қомақты, екі күнге созылған бәсекеге қатысуға өңіріміздің аудан-қалаларынан бөлек Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан шаһары мен Моңғолиядан 23 жігіт білек сыбанып келіпті. Ресейдің Алтай өлкесінен жарысқа қатысамын деп алып-ұшып жеткен жігіт Өскеменде жаттығу кезінде жарақаттанып қалды деп естідік ұйымдастырушылардан.

Сонымен қойшы, халықаралық дүбірлі доданың бірінші күні бессайыстан (теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қол күресі, қазақ күресі) басталды. Әуелі жігіттер жамбы атудан сайысқа түсті. Ат үстінде шауып келе жатып садақ ату кімге оңай тисін?!

көк 2

Дегенмен бұл сында өскемендік Сіләмбек Қабиев пен көкпектілік Ерлан Әзімбаев үш нысананың екеуіне дөп тигізіп, жиналған жұрттың көңілін бір серпілтіп тастады. Ал «Теңге ілу» бәсекесінде Керекуден келген Батырбек Қошқарбаев бес теңгенің үшеуін іліп, ептілігін көрсетті.

көк 3

көк 4

Аударыспақта Қарқаралының (Қарағанды облысы) намысын қорғаған Тілеухан Нұрхан қарсылас шақ келтірмеді.

көк 5

көк 9

көк 19

Десек те Глубокое ауданының атын асқақтату үшін барын салған Тілек Мұхамедқанов, талдықорғандық Мейрамбек Рахымбаев, күршімдік Ерасыл Ахметов өздерін аударыспақтың хас шебері екендіктерін көрсете білді.

көк 6

Қазақша күресте түркістандық Әкбар Елубайұлы қарсыластарының барлығын кілем қаптырды. Ол ақтық сында былтыр осы Көкпектіде өткен «Толағай сұлтаны» облыстық сайысының жеңімпазы абайлық Айдос Үркімбаевпен белдесіп, айласын асырып кетті.

көк 8

Ал қол күресте Жетісудан жеткен  Мейрамбек Рахымбаев білек күшінің күштілігімен көпшілікті тәнті етті.

 

800 жылдан кейін жаңғырған дәстүр

көк 10

Жиырма үш жігіттің өнеріне екі күн бойы абайтанушы Омар Жәлел, дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, балуан, «Қазақстан Барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров, өскемендік актер Айдын Салбанов пен облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазанов таразылап, баға берді.

көк 12

Жарыс арасында қазылар алқасының мүшесі, өзі де бұрын «Жігіт сұлтаны» сайысына қатысқан Ерлан Төлеутай ағамызды әңгімеге тартқанымызда мұндай байқау 1991 жылы Алматыда өтіп, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, 1998 жылы тоқтап қалғанын, міне, содан кейін 20 жылға жуық уақыттан соң Көкпекті жерінде қайта жандағанын қуана жеткізді. «Бұл Қалба, Зайсан, Тарбағатай ұлы шайқастар болған, қаншама тарихи оқиғалар өткен жер. Нағыз ұлы далаңыз – осы. Бұл – патшалар мекені. Үлкен мерекенің үлкен өркениеттер жасалған жерде өтуі тегін емес. Мен осы сайысқа жамбы атуды әдейі кіргіздім. Совет үкіметі ең бірінші садақты құртқан. Спартакиададан садақты алып тастаған. Өйткені қазаққа, түркі халықтарына садақ беруге болмайды. Жауынгерлік рухы оянып кетеді деп қорыққан. Садақ ату ғажайып өнер ғой. Садақшыларға сонау сақ-ғұн заманының өзінде ерекше басымдық берілген. «Бұлармен соғысу мүмкін емес, шегіну қаштыға саналмайды» дейді екен жаулары. Алдымен садақшылар оқты қардай жаудырып, қырып салады екен. Ес жиып, қуған кезде қаша соғысып, атқа теріс қарап отырып құлата береді екен. Сөйтіп жауларын арандатып, алдап келесі қолға алып барады. Сақтардың әрқайсысы мерген болған. Бес секунд сайын бір жебе атқан. Ал енді дүлдүлдері секунд сайын қорамсақты арқаға асып алып, қолы айналып тұрып ата берген дейді. Бір ғажабы, садақты аттың тұяғы көтерілген кезде атады екен. Демек, садақшылық санамен, рухпен ұштасқан өнер. Садақ ату адамның қиялын ұштайды. Бүгінде садақ ату өнерінен қазақ даласынан кеткен қыпшақтар, яғни венгерлер озып тұр. Садақ ату технологиясын солар ғана сақтап отыр. Чехтар, словактар мен румындар да мықты. Еуропа садақ ату өнерінен көз жазған жоқ. Біз қазақ ұмытып қалып отырмыз. Қазақта найзагерлік деген де ғажайып өнер болған. Құнанбай сұмдық найзагер болған. Түйенің құмалағын іліп алу жарысы болған кезде атпен шауып келе жатып найзаның ұшына түйенің құмалағын қадап өте шығады екен. Құнанбай  – ең соңғы найзагердің бірі. Ұлытаудағы Ерден батыр да сайыста шақ келтірмейтін найзагер болған дейді. Тағы бір керемет дерек, биыл Қалба тауында наймандар мен Шыңғысхан әскерінің соғысқанына 800 жыл толып отыр. Осы шайқаста наймандардың жеңіліске ұшырағаны белгілі. Сол кезде Шыңғысхан үлкен той жасаған дейді. Сонда Шыңғысханның немере інісі ғой деймін, қаншама мың әскер садақ атқанда 800 метр нысанаға, тасқа тигізді дейді. Сол тасты моңғолдар Қарақорымға алып кеткен. Оны кейін орыстар Эрмитажға алып кеткен дегенді бір жерден оқыдым. Міне, сол рух қайта жаңғырып жатыр. Бәлкім, келесі жылы «Толағай сұлтаны» сайысы аясында садақтан чемпионат өткізетін шығармыз. Бәлкім, Құнанбай атындағы найзагерлер сайысын өткізіп, найзагерлікті де қайта жаңғыртармыз. Осындай ойлар бар. Осы ретте идеямызды қолдап, жүзеге асырған Көкпекті ауданының әкіміне көп рахмет» дейді өнер жанашыры.

Ал Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов «Толағай сұлтаны» сайысы енді Көкпекті жерінде дәстүрлі түрде өтетінін, шара ауқымын жылдан жылға кеңейте түсуді көздеп отырғандарын айтады. «Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат-мұратымыз – біреу.  Еліміздің береке-бірлігін арттыру, ертеңгі ұрпақты отансүйгіштікке, батылдыққа, батырлыққа тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау. Алдағы уақытта біз бір ғана «Толағай сұлтаны» сайысымен шектелмей ұмытылған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртатын боламыз. Осы ретте сайыстың жоғары деңгейде өтуіне айрықша үлес қосқан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Керімбекқызына, демеушілер Болат Бекбердинов, Ержан Қойгелдин, Марат Хариков, Жұмабек Шубаев, Владимир Винчук сынды азаматтарға алғыс айтамыз. Өңіріміздің өзге аудандары да шараға атсалысып, киіз үйлерін тігіп, қонақжайлылығын танытты. Барлығына мың алғыс» дейді ол.

120 келі тартатын торпақты 20 рет көтерді

көкө

Екінші күні жігіттер қолдан келетін өнерлерін жұрт назарына ұсынып, білім деңгейін, ой-өрісінің көкжиегінің кеңдігін таразыға салды. Өкінішке қарай, бірінші күні білек күшімен көрермен көңілінен шығып, қазылар тарапынан жақсы ұпай алған жігіттер бұл күні білім күшінің төмен, руханияттан алшақ екендігін байқатты. Тіпті ұлы Абай мен Ыбырай Алтынсариннің мектеп оқушыларының өзі жатқа білетін өлеңдерін шатастырған қатысушылар болды. Десек те екінші күні бұған дейін қошқар көтерумен даңқы шыққан түркістандық Әкбар Елубайұлы сахнаға 120 келі тартатын торпақты алып шығып, басынан асыра 20 рет көтеріп, елді елең еткізді. Ал Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев қарынына бір метрдей биіктен 16 келілік кір тасын тастатып, кеудесіне қойған жалпақ тасты зор балғамен соғып жарғызды.

көк 15

Бір қатысушы қайыс болмаған соң үзеңгінің жақтауын жіптен өріп, қазыларға көрсетсе, тағы бір қатысушы үрмелі аспаппен шет елдің әуендерін әуелетті. «Биыл «Толағай сұлтаны» сайысын алғаш рет халықаралық деңгейде өткізіп жатырмыз. Жарысқа қатысушылардың саны да, сапасы да артып келе жатқаны қуантады. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Спорттық сайыстардан бөлек жігіттердің өнеріне, білім деңгейлеріне ерекше мән бердік» дейді жастардың жанашыры, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.  

көк 16

Сонымен, екі күн бойы Толағай баурайын дүбірге бөлеген сайыстың жүлдегерлері де анықталды.

көк 17

Көкпекті ауданының Атымтай жомарт азаматы Болат Бекбердинов тіккен бас жүлде – «Лада-Гранта» көлігін абайлық Айдос Үркімбаев иеленсе, 1 орын (1 миллион теңге) түркістандық Әкбар Елубайұлына, 2 орын (700 мың) қарағандылық Тілеухан Нұрханға, 3 орын (500 мың) керекулік Батырбек Қошқарбаевқа бұйырды. Сегіз жігіт арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

көк 18

Жүлдегерлер мен қатысушыларды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит құттықтап, жылы лебізін жеткізді.  

Түйін

Екі күн бойы Толағай баурайында жүргенде бір көрініс көпшіліктің көңілін тебірендіргені анық. Ол – көкпектілік атақты көкпаршы Қанат Биқатовтың атқа мінген 6 жастағы ұлы. Оның үзеңгіге аяғы жетпесе де атқа қорықпай мінуі жұртты сүйсіндірді.

көкп

Біз «Алты жастағы баласы атқа мінген Көкпекті. «Толағай сұлтаны» мұнда өтпегенде қайда өтеді?» дедік іштей.    

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы