Қоғам • 29 Тамыз, 2019

Қазақстандықтардың несие бойынша борыш жүктемесін азайту шаралары айтылды

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметтің алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова өмірде қиын жағдайға тап болған қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Қазақстандықтардың несие бойынша борыш жүктемесін азайту шаралары айтылды

С. Жақыпова айтқандай, мемлекет есебінен займдары мен несиелері бойынша қарызды өтеу мүмкіндігін қазақстандықтар электронды үкімет порталының басты бетінде орналасқан «Борыш жүктемесін азайту бойынша бағдарламаға қатысу үшін статусын тексеру» электронды сервисінің көмегіне нақтылай алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет.

«Egov порталында статусты анықтау бойынша сервис ұйымдастырылды. Адам өзінің ЭЦҚ арқылы кіріп, порталға тіркеледі де, ЖСН көріп, жауап ала алады», — деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Оның айтуынша, бұдан әрі бүгінде туындап жатқан мәселелерге байланысты сервисті жетілдіру көзделген.

«Қандай да бір санатқа жатқызылғанымен, азаматтардың өз статусын анықтай алмауына байланысты шағымдар бар. Егер адам өзінің осы санатқа жататынын негіздей алса, онда тізім толықтырылатын болады. АХАЖ деректер базасы цифрлық форматқа 2008 жылы көшірілгенін, бірақ 2008 жылға дейін жасалған азаматтық жағдай актілері барын және олардың цифрландырылмағанын, сондықтан деректер базасында жоқтығын ескеру қажет.  Бұл жағдайда азаматтар АХАЖ бөліміне барып, өзінің неке туралы куәлігін цифрландыруы қажет. Осылайша, өзектендіру режимінде біз осы азамат туралы мәліметтер аламыз, ал борыш жүктемесін азайту туралы тізімдер толықтырылатын болады», — деп түсіндірді С. Жақыпова.

Мәселен, бір және/немесе екі ата-анасынан айырылған азамат неке туралы немесе туу туралы куәлігін цифрландыру үшін Білім және ғылым министрлігіне, ал заңды некеде тұратын отбасы мүшесі - Әділет министрлігіне жүгінуі тиіс.

«Егер 29 жасқа дейінгі жетім адам өзін порталдағы тізімнен таппаған болса, ол өзін тізімге енгізу үшін БҒМ-ге жазбаша түрде жүгіне алады. Бұл ретте ол ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлікті және туу туралы куәлігін қосымша ұсынуы тиіс. Осылайша, БҒМ онлайн режимде тізімді бізге береді, ал біз оларды порталда толықтыратын боламыз», — деп түсіндірді вице-министр.

Қазіргі кезде қиын жағдайға тап болған және өзінің несиелік міндеттемелерін орындай алмайтын азаматтар санатында көпбалалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмекті алатындар, жетім балалар бар. 

Банктер мен шағын қаржылық ұйымдардан кепілдіксіз тұтынушылық несие алған барлық азаматтар үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару жүргізілетін болады.

«Бізді мақсатымыз - өмірде қиын жағдайға ұшыраған қазақстандықтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру. Бір реттік акция ретінде тікелей және атаулы қаржылай көмек түрінде осы санатқа жататын әрбір қарыз алушы үшін екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдарда жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейінгі негізгі қарыз бен оған есептелген сыйақы өтелетін болады», — деді С. Жақыпова.

Бұл ретте ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жалпы қарыз көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Егер займ көлемі 300 мың теңгеден асатын болса, онда олардың қарызының бір бөлігі 300 мың теңге көлемінде өтелетін болады. 

Вице-министр атап өткендей, жеке тұлғалардың төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен барлық кепілдіксіз тұтынушылық займдары бойынша несиелерді беру мен қызмет көрсетуге қатысты комиссиялар және басқа төлемдерді есептеуге тыйым салу енгізіледі.

«Министрлік басқа да өкілетті органдармен бірлесіп деректер базасын тексерді, аталған санаттарға жататын тұлғалардың жеке деректері айқындалды. Бүгінде несие бюросына 2 млн 289 мыңнан астам адамның мәліметтері берілген. Саны анықталды, тізімдер берілді», — деді ол. 

Тізімдер бірегейлігіне тексеріліп, Ұлттық банк мен Мемлекетік несие бюросына берілді. Ұлттық банк өз тарапынан тиісті жұмыстар жүргізді, оның ішінде несиелері жоқ адамдарды, жалпы қарыз көлемі 3 млн теңгеден асатындарды және займдары коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен шығарды.

«Проблемалы  несиелер қоры екінші деңгейлі банктермен келісімшарттар жасайды. Бүгінде несиелері өтелетін 507 мыңға жуық адам анықталды», — деді С. Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі атап өткендей, бұл ретте бір адамда 3 млн теңгеден аспайтын көлемде 2-3 несиесі болуы мүмкін.

«Қоғамда егер ерлі-зайыптылардың екеуінде де несие болған жағдайда ол қалай өтеледі деген сұрақ жиі туындайды. Тиісінше, ереже бойынша егер Жарлық шарттарына сай келсе, екеуінің де несиесі өтеледі», — деді С. Жақыпова.

Еске салайық, 2019 жылы 26 маусымда ҚР Президенті Қ. Тоқаев өмірде қиын жағдайға тап болған Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту бойынша уақытылы көмек көрсету үшін бір реттік тәртіппен екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдардан алған кепілдіксіз тұтынушылық қарыздарын өтеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырған еді. 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20