Аймақтар • 30 Тамыз, 2019

Патронаттық тәжірибе – ізгілік үрдісі

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдегі шағын жиынтықты мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде қоныс тебуі салдарынан оқушылар жақын маңайдағы интернаттарда жатып оқуға мәжбүр.

Патронаттық тәжірибе – ізгілік үрдісі

Жасыратыны жоқ, мұндағы білім мен тәлім-тәрбие жайына қатысты сын-пікірлер аз айтылмайды. Оның үстіне интернат үлгісіндегі білім ордаларын ұстауға жұмсалатын қаражат шығыны да қомақты. Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, тығырықтан шығудың негізгі бағыты ретінде «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасы еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып, тиімділігін көрсетіп отыр.

485 білім ошағының 80 па­йызы шағын мектептер, 229 елді мекенде білім ошақтары мүлдем жоқ болғандықтан, балалар интернаттарда тұруларына болмаса, күнделікті қатынауларына тура келеді. Жол бейнеті мен азабы өз алдына, жауын-шашынды күндері, қыстың үскірік суықтарында тоңып-жаурап, әрлі-берлі жүру өте қиын. Осы себепті аталған бағдарламаның қолданылуы өте құптарлық іс. Жоба енгізілгелі 31 мектептің оқушылары уақыт­ша патронатқа берілген. Солар­дың бірін Панчуктар отбасы өз қамқорлығына алды. 10 сынып оқушысы Арина Лукьянова «Уақытша отбасы» бағдар­ла­ма­сы­на іліккелі сабағына көп көңіл бөледі. Ата-анасының жанында жүргендей өзін еркін ұстайды, алаңсыз сезінеді. «Әрине өзгенің баласына бас-көз болу оңай емес, жауапкершілігі өте зор. Біз де жүрек жылуын дарытып, мейірім шапағатын төгуге тырыстық. Бұл еңбегіміз еш кетпеген сияқты. Арина 10 сыныпты жақсы тәмамдады. Жаңа оқу жылын да асыға күтіп отырмыз. Сабағы жақсы. Тәртіпті, ибалы», дейді Краснознаменное ауылының тұрғыны Иван Панчук.

Қанатқақты тәжірибе үш аудан­да жүргізіліп, 61 бала 54 отбасына орналастырылған. Мәселен, М.Жұмабаев ауданында 15 отбасы 17 баланы қабылдаса, 13-ін туыс­тары алған. Баланы қамқорлыққа алған отбасына ай сайын 53 мың теңге мөлшерінде жалақы төленіп, 7 АЕҚ көлемінде тамағына қаражат беріледі. Ең бастысы, сабақты негізсіз босату, ауырып қалу, ауа райын себепсіз сылтаурату секілді келеңсіз оқиғалар күрт аза­йып, керісінше, білім мен тәрбие сапасының артқаны байқалады.

Бүгінде 55 мектеп жанындағы интернатта 1300-дей бала бар. Жаңа оқу жылында патронаттық балалардың санын екі есеге дейін көбейту мақсатымен 33 млн теңге бағытталып отыр.

* * *

Петропавл қаласының тұр­ғыны Неля Штайнбернер тұр­ғы­лық­ты мекенжайы жоқ адамдарға көмектесуді өмірлік ұстанымына айналдырған.

Қазіргі таңда ол тағдырдың жазуы­мен өмірдің түрлі тәлке­гі­не ұшы­раған адамдарды үйінде пана­латып, қал-қадерінше қам­қорлық жасап отыр. Бірқа­та­рының құжа­тын ресімдеп, жұ­мыс­қа ор­на­ластырған. Бұдан бөлек бейімдеу орталығында тұ­рып жатқан мүсәпір жандардың тама­ғын әзірлеуге де, сатушылық жұмысына да уақыт табады.

Көңілінің кеңдігінен болар, Жұмысшы кентіндегі ұядай үйі­нен адам үзілмейді. Өзімен бір­ге тұрушылардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Солардың бірі Евгений Степанов отбасымен дәм-тұзы жараспай кетіп қал­ған. Содан ішкілікке салынып, саршұнақ аязда аяғын үсітіп алған. Ота жасап, тізеден жоғары кесуге тура келген. Өзін туған баласынан кем көрмейтін Неля Михайловнаға алғысы шексіз.

Жаны ізгілікке, жүрегі мейі­рім­ге толы зейнеткер далада қаң­ғып қалған ғаріп, кембағал жан­дарды 2015 жылдан бері жинас­ты­рып, көмек қолын созып келеді. Оған мына жайт себеп болыпты. Обыр кеселіне шалдыққан оған дәрігерлер «жазылуың екіталай» деген қатал үкім шығарса керек. Өмірге деген құлшынысы, бойындағы туабітті қайсар мінезі дерттен айықтырып, құлантаза сауығып кеткен. Сол күннен бастап қайырымдылықпен айна­лы­су­ға біржола бел буып, қанына әбден сіңіп кеткен дағдыға айнал­ған.

«Қартайған міскінді қалай ғана далада қалдыруға болады? Көз алдыма еш елестете алмаймын. Бәріміз бір анадан туғандай тату-тәттіміз. Қиындықтарды бірлесіп еңсереміз. Рахымы мол тұрғындар киім-кешек әкеп береді, азық-түлікпен көмектеседі», дейді Неля Михайловна.

Оның ендігі ойы – үй-күйі жоқ кезбелерге арналған ша­ғын орталық ашу. Тіпті «На­деж­да. Вера. Милосердие» қайы­рым­ды­лық қоры ретінде тіркетіп те қойыпты. Қаражат жағы шешілсе, білек сыбана кіріспек ниетте.

 

Солтүстік Қазақстан облысы