19 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАН – ӨЗБЕКСТАН: СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ САРА СИПАТЫ

732 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Бұған дейін хабарлағаны­мыз­дай, Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына ресми сапары 17 наурызда Ташкент қала­сын­да әрі қарай жалғасты. Қазақ­стан басшысының бұл күнгі жұмыс сапары күн тәртібіне сәйкес “Көксарай” резиден­ция­сында Өзбекстан Республика­сының Президенті Ислам Ка­ри­мовпен кездесуден басталды. Қазақстан мен Өзбек­стан­ның мемлекеттік әнұрандары ой­налып, құрметті қарауыл Пре­зиденттерге құрмет көрсет­кен соң, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Президенті Ис­лам Каримов екеуара кездесіп, Қазақстан мен Өзбекстан қа­тынастарын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады. Тарап­тар, сондай-ақ Орталық Азия өңірі мен оның маңайындағы жағдайларға, халықаралық проб­лемаларға да ерекше назар аударды. Кездесу барысындағы әңгімеде Өзбекстан Президенті көршілес жатқан Қазақстан мен Өзбекстан халықтары бір-бі­рі­мен бауырлас екендігін, Қазақ­стан Президентінің сапары өзбекстандықтар үшін әрқашан үлкен оқиға болатындығын атап өтті. Сонымен қатар, Ислам Ка­римов екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарға тоқталды. Өзбекстан басшысы­ның атап өтуінше, елдер ара­сын­дағы тауар айналымы өткен жылы біршама төмендеді. Ал­да­ғы уақытта оны арттыру қажет. Қазақстан Президенті Өз­бек­стан басшысына өзі тара­пынан алғысын білдіре келіп, екі елдің қарым-қатынастарына тоқталды. Нұрсұлтан Назар­баев­тың атап өткеніндей, Қазақстан мен Өзбекстан саяси-эконо­ми­калық, мәдени-гуманитарлық, тағы басқа да салаларда тығыз ын­тымақтастық жасап келеді. Елдер арасында шешімін тап­паған қандай да күрделі проб­лема жоқ. Барлық салаларда тығыз қатынастар жасауға ке­дер­гі болатын мәселелер де бай­қалмайды. Өйткені, Қазақстан мен Өзбекстанның ұстаным­дары бір-біріне жақын келеді. Бүгінгі кездесу мен келіссөздер бауырлас екі халықтың, екі мемлекеттің ынтымақтастығын әрі қарай дамытып, түрлі сала­лар­дағы қатынастарын терең­де­тетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің елдер ара­сын­дағы ынтымақтастықты ба­рын­ша тереңдетуге байланысты мәселелерді талқылаған кезде­суі­нен кейін кеңейтілген құрам­дағы келіссөз Мемлекеттер басшыларының қатысуымен жүргізілді. Оның барысында кең ауқымдағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2007-2016 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясын жүзеге асыру, екі­жақты сауда-экономикалық қа­тынастарды дамытып, гумани­тар­лық байланыстарды жандан­дыру, тағы басқа да мәселелерге баса назар аударылды. Сонымен қатар, су-энергетикалық ресурс­тарды тиімді пайдалану жайы да қозғалды. Кеңейтілген құрамдағы кез­десуде алғашқы болып сөз алған Өзбекстан Президенті сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айта келіп, екі мемлекет арасындағы су-энергетикалық ресурстарды пайдалануға қа­тысты пікір білдірді. Өзбекстан басшысының тоқталып өтуінше, Өзбекстан аумағы бүгінде сумен 70 пайыз ғана қамтылған. Бұл тиісті судың толық алынбай отыр­ғандығын көрсетеді. Осы­ның салдарынан Арал теңізіне құйылатын судың көлемі кем­шін. Оның зардабын Арал те­ңізінің маңайында тұрып жат­қан мыңдаған тұрғын тартып келеді. Осындай пікірін ортаға салған Ислам Каримов бұдан соң, Қазақстан мен Өзбек­стан­ның гуманитарлық қатынас­та­рына тоқталды. Оның айтуын­ша, екіжақты қатынастарда мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тар алдыңғы орында болып келген. Қазіргі уақытта да со­лай. Келіссөздер қорытын­ды­сында қол қойылатын Қазақ­стан мен Өзбекстан МӘдениет министрліктерінің арасындағы мәдениет саласы бойынша 2010-2012 жылдарға арналған ын­тымақтастық бағдарламасы екі елдің ғылыми және шы­ғар­машылық байланыстарына жаңа жол ашады. Бүгінгі кездесуіміз, деді Ислам Каримов, біздің елдеріміздің түрлі салаларда тығыз ынтымақтастық орнатып, бай­ланыстарды тереңдетеді деп сенемін. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді және қазақстандық делега­ция­ны келе жатқан Наурыз мей­ра­мымен құттықтаймын! Жаңа жыл­да Сіздің басшылығыңызбен алға қойылған міндеттердің та­быспен орындалуына тілек білдіремін. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан – Өзбекстан қатынас­тары­на оң баға бере келіп, мына мәселелерді ортаға салды. Оның бірі – аймақта су-энергетикалық ре­сурстарды пайдалану. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, біздің елдеріміз Әмудария және Сырдария өзендерінің төменгі ағысында орналасқан. Қазақстан да, Өзбекстан да Қырғызстан мен Тәжікстанның жоспарларына түсіністікпен қарайды. Олар қиындыққа тап келгенде, екі ел де көмектесуден қашқан емес. Осы мәселеге Қазақстан Пре­зиденті арнайы тоқталды. Біз, Қа­зақ­стан мен Өзбекстан басшы­лары, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жайында, өңірде жаңа гиро­энергетикалық құрылғылар жоба­ларына халықаралық сараптамалар жүргізуді, оның ішінде Тәжік­стан­дағы Рогун ГЭС-і мен Қыр­ғызстандағы Қамбарата нысанына олардың экологиялық және техногендік қауіпсіздігіне, сондай-ақ су ағынын реттеу мәселелеріне байланысты сараптамалар жүргізу­ді қажет деп білеміз. Әмудария мен Сырдария өзендерінің төменгі ағысындағы Қазақстан мен Өзбек­станның экологиялық және эко­номикалық қауіпсіздігіне нақты кепілдік керек. Бұл жерде сөз мил­лиондаған адамды сумен қамта­масыз ету жөнінде болып отыр. Бұл біздің елдердің халықтарын қа­нағаттандырар еді әрі бұл шын­дық болып табылар еді. Сонда Қазақстан да, Өзбекстан да гидро­энергетикалық нысандарды салу консорциумына қатысуға дайын болады. Қазақстан басшысы бұдан соң өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысындағы құқық қорғау және арнаулы қызмет органдарының ынтымақтастық мәселесіне тоқ­талды. Президенттің атап өтке­ніндей, бүгінде екі мемлекеттің құқық қорғау және арнаулы қыз­мет органдары арасында тран­с­ұлт­тық қылмысқа, лаңкестік пен есірт­кі тасымалына қарсы күресте нақты іс-қимыл бар. Осы мәсе­лелерді айта келіп, Елбасы Қа­зақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекараларын реттеудің маңызын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шека­ралары достықтың шекарасы болып табылады, деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Шекараларда ешқандай проблема жоқ. Осы қиын проблеманы біз бір-бірімізге сене отырып, достық жағдайында шеше білдік. Енді Қазақстан, Өзбекстан және Түр­кіменстан шекаралары түйісетін тұйық қана қалды. Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөзде Қазақстан Президенті, сон­дай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйым аясында қолға алынатын іс-шаралардан да хабардар етті. ТМД-дағы елдер, оның ішінде Өзбекстанның Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қолдау білдіргені үшін Ислам Каримовке алғыс айтты. Оның арасында ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасы да бар. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалығы аясында Орталық Азияда қауі­п­сіз­дікті қамтамасыз ету, Арал мәсе­лесі бойынша донорлық конфе­ренция өткізу және Ауғанстан проблемасына қатысты жиын шақыру жөніндегі іс-шараларды атап берді. Сондай-ақ  Қазақстан аумағы арқылы өтетін көлік-коммуникациялық ірі жобалар­дың маңыздылығын, оның бар­лығына Қазақстанның қатыса­тын­дығын да атады. Мысалы, Жетіген – Қорғас темір жол құрылысы пайдалануға берілген кезде, осы жол арқылы Өзбек­станның Қытай рыногына шы­ғуына болады. Бұл Өзбек­станды Қытай рыногына апаратын ең жақын жол болып табылады. Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз нәтижесінде бес құжатқа қол қойылды. Олар – Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.На­зарбаев пен Өзбекстан Респуб­ликасының Президенті И.Кари­мов қол қойған Бірлескен мәлім­деме, ҚР Мәдениет министрлігі мен ӨР Мәдениет және спорт  істері министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы 2010-2012 жылдарға арналған ынтымақтас­тық бағдарламасы, Дипломатия­лық өкілдіктер ғимараттарын салу үшін өзара жер учаскелерін беру туралы келісім, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ӨР Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған ынтымақ­тастық жөніндегі бағдарлама және ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі ара­сындағы киіктерді қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы келісім. Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын тереңдетіп, өз­ара байланысты дамытуға қызмет ететін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінен соң, Мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспа­сөз мәслихатын өткізіп, сұрақтарға жауаптар қайтарды. Алғаш болып сөз алған Ислам Каримов бірден бүгінгі кездесу мен келіссөздер жоғары деңгейде әрі аса табысты болғанын атап өтті. Оның айтуын­ша, екі мемлекеттің де басты мақ­саты өңірде қауіпсіздікті қамта­масыз етіп, елдерді экономикалық жағынан тұрақты дамыту болып табылады. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды реттеу және трансше­ка­ралық өзендердің су-энерге­ти­калық ресурстарын тиімді пай­да­лану, сондай-ақ Орталық Азияда экологиялық жағдайды жақсарту өткір мәселелер болып қалып отыр. Өзбекстан басшысы екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру жайына да тоқталды. Ислам Каримовтің айтып өтуінше, Қазақстан мен Өзбек­станның тауар айналымы 2006 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Қазақстанда болашаққа ба­ғыт­талған ауқымды жобалар жү­зеге асырылып жатыр. Бұл екі ел­дің қатынастарын дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның жетістігі – Өзбекстанның жетістігі, ал Өзбек­станның жетістігі – Қазақстанның жетістігі, деді Өзбекстан Прези­денті осы орайда. Біздің елдері­міздің арасында толық өзара тү­сіністік орнаған. Оны қазақ­стан­дық делегацияның ауқымдылы­ғынан да көріп отырмын. Өзбекстан басшысы, сондай-ақ Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ диаспорасына барлық жағдай жасалғандығын, олар Өзбекстан азаматы ретінде елдің барлық салаларында қызмет ететіндерін алға тартты. Оның атап өтуінше, жақында Төтенше жағдайлар министрі болып қазақ азаматы тағайындалды. Жақында өткен Парламент сайлауында депутат болып сайланған қазақтар да бар. Өзбекстан мен Қазақстан страте­гиялық одақтас, деп аяқтады сөзін Ислам Каримов. Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатындағы сөзін қазақ пен өзбектің шынайы достығынан бастады. Қазақстандағы өзбек диаспорасы және Өзбекстандағы қазақ диаспорасы біздің елдер арасындағы “тірі” көпір болып та­былады, деді Елбасы осы жайын­да. Ислам Әбдіғаниұлына Өзбек­станда тұратын қазақ диаспора­сына көрсетіп жатқан қолдауы үшін зор ризашылық білдіремін. Әсіресе, бізге биылғы жылы қазақ Сәуле Полатованың “Өз­бек­стан­ның жыл мұғалімі” деген жоғары атақ алуын естуіміз ерекше жа­ғымды. Қазақстан басшысы бұдан соң екі ел арасындағы сауда-эконо­микалық қатынастарға тоқталды. Өткен жылы тауар айналымы 1 миллиард 300 миллион доллардан асты, деді осы орайда Қазақстан Президенті. Ал бүгінгі кездесу мен жүргізілген келіссөздер туралы айтсам, олар нәтижелі болды. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас­тардың перспективалары мен қазіргі жағдайы жан-жақты тал­қы­ланып, халықаралық және өңірлік проблемалар жөнінде пікір алма­сылды. Біздің елдер арасында 2016 жылға дейінгі экономикалық ын­тымақтастық стратегиясы жұмыс істейді. Біз алдағы уақытта осы стра­тегияны әрі қарай жүзеге асы­руды қамтамасыз етуге келістік. Қазіргі таңда трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайда­лануда бірқатар проблемалар бар. Осы мәселелерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде Орталық Азия өңірінде су-энер­гетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың өзара тиімді тетігін жеделдетіп дайындауға мүдделілік танытылғанын және халықаралық Аралды құтқару қорының қызме­тін жандандыру жөнінде әңгіме болғанын атап өтті. Бұл мәселе көршілес екі мемлекетке де ортақ. Кездесуде Мемлекеттер бас­шы­лары Орталық Азия аумағында салынатын жаңа гидроэнергети­ка­лық нысандардың қауіпсіздігі, олардың екінші бір елдің эконо­микасына зияны тимеу жағына да ерекше мән берген болатын. Құрылыс жобаларын халықаралық сараптамадан өткізу қажеттігі жөнінде біраздан бері сөз болып келе жатқан еді. Қазақстан басшы­сының атап өткеніндей, өз ел­дерінің аумақтарында гидроэлектр стансаларын салуды мақсат еткен Қырғызстан және Тәжікстан пре­зиденттерімен халықаралық сарап­тама жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, осы мемлекеттердің басшыларын халықаралық сараптама қорытын­дысы шыққанша қандайда бір гидроэнергетикалық нысанның құрылыс жұмыстарын бастамауға шақырды. Сондай-ақ Елбасы би­ылғы жылдың жазында Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне табыс тіледі. Қазіргі кезде ШЫҰ-ға Өзбекстан төрағалық етеді, ал осы саммиттен кейін ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға өтеді. Түстен кейін Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік және гуманизм кешеніне гүл шоғын қойды. Президенттер, сондай-ақ “Хазреті Имам” кешенінде болды. Жалпы, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Респуб­ликасына сапары табысты болды. Осы жерде атап өтейік, кездесу барысында Қазақстан басшысы Өзбекстан Президентін қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды. Шақыру Ислам Каримов тарапынан риза­шы­лықпен қабыл алынды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ташкенттен.