Қазақстан • 30 Тамыз, 2019

Қазақстанда Азия елдері қалам­герлерінің І форумы өт­еді

465 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстанда Азия елдері қалам­герлерінің І форумы өт­еді

Азия құрлығына ортақ мәселе

Азия қаламгерлерінің I форумы бәріміз үшін көптен күткен үлкен оқиға болғалы тұр. Көп жылдардан бері біздің шетелдермен, әсіресе, Азия елдерімен әдеби байланысымыз жадау, жұтаң күйге түскен еді. Қай елдің қандай бағытта жұмыс істеп жатқанынан бейхабар болып қалдық. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашатын алғашқы форумнан күтеріміз көп. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, әрқилы деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бітімімізді айшықтасақ, келешектегі келелі істерге айқын баспалдақ қаланар еді.

 Әлем әдебиеті әртүрлі бағыт-бағдармен дамуда. Ал осынау кең құлаштағы әлем әдебиетінің де, жекелеген ұлттар әдебиетінің де ең негізгі ортақ мәселесі – адам мәселесі. Жер-жерде тағдыр-талайы әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, адамдар мекен етіп жатыр. Адамзат ешқашан жетілген қоғамда өмір сүрген емес. Адам бар жерде, тіршілік бар жерде үлкенді-кішілі мәселелер де түгесіле қоймайды. Ал осы қоғамның айнасы, ол – әдебиет. Шым-шытырыққа толы қоғамды ізгілендіретін де – әдебиет. Сондықтан әдебиетті дамытуға бағытталар іс-шаралардың толастамағаны жөн.

Темірхан МЕДЕТБЕК,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

 

Өзара байланысты нығайтады

Әлем әдебиетінің ақын-жазушыларымен ортақ байланыс орнату мәселесін көтеру керек. Өкінішке қарай, біз бүгін алыс шетелді былай қойғанда, мына тұрған өзбек, қырғыз ағайындардың сөз өнерінде қандай жаңалық болып жатқанынан бейхабармыз. Өзге елдер түгіл, біз қазір бір-біріміздің не жазып жүргенімізді оқымаймыз. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары сатылымға түспейді. Азия елдері де қазақта қандай ақын-жазушылардың бар екенін білмейді деп ойлаймын.

Алдағы форум барысында шығармашылық әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жыл сайын талантты қаламгерлерге мемлекет тарапынан грант беріп тұру туралы ұсыныс айтар едім.

Қазақ әдебиетінің соңғы жиырма-отыз жылдағы жетістігі – кез келген тақырыпты батыл жазатын болдық. Ал сол тақырыптарды игеру мен көркемдік шеберлікпен беру тәсіліміз – көңіл көншітпейді. Әлемде де, бізде де қазір әдебиет жалпы жұрттың жанына аса әсер ете қоймайтын, көпшілік түсінбейтін – белгілі бір топтың ойынына айналып барады.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

сыншы

 

Әдеби ұйым құрылса...

Қазақ әдебиетінің өткен тарихына көз салсақ, баба­ларымыздың ықылым заманнан еуразиялық алып әдеби-мәдени кеңістікте өмір сүргенін көреміз. Кейін мұның ауқымы тарылды. Мәдени бағыт өзгерді. Біз бұдан ұтқан жоқпыз. Азия қаламгерлерінің I форумы сол ұлы дәстүрлерге қайта жол ашады деп сенеміз. Сол мыңжылдық тарихы бар байланыстарды, рухани көпірлерді қайта орнату бағытында диалог болғанын қалар едік. Осы орайда Азия жас қаламгерлерінің Әдеби ұйымы құрылса, оның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасса деген ұсынысым бар.

Қазақтың қара өлеңі – мазмұндық форматы жағынан әлем әдебиетінде баламасы жоқ құбылыс. Алғашқы екі жолы – дерексіз (абстрактылы), үшінші жолы – мағына ұясы, соңғы жол – түйіндеуші. Біз осыны жапон хайкуы, парсы рубаяты деңгейінде насихаттай алуымыз керек деп ойлаймын. Ғазал анасы бәйіт болса, қазақ өлеңінің анасы – қара өлең.

Әлем және қазақ әдебиетіне ортақ проблемалар алдағы форумда анық көрінеді деп ойлаймын.

 

Ерлан ЖҮНІС,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

 

Шығармашылыққа тың серпін береді

 

Азия елдеріндегі жастар әдеби тұрғыда бір-бірімен еркін араласа алса, әдебиеттің болашағы үшін тың серпіліс болар еді. Түп негізі тереңнен бастау алатын Азия халықтарының әдеби әлемі – қазынаға толы. Бір-біріміздің әдеби, тарихи болмысымызға үңілу арқылы, өзара ымыраластығымыз бен достығымыз ұлғаяр еді. Көркем шығармаларымыздағы көркемдіктің аясы кеңейіп, жаңашылдыққа деген бетбұрыс пайда болар еді. Бұл игіліктердің қай ұлт үшін де маңызы зор.

Азия қаламгерлері бір-бірінің шығармаларын оқып, түсіну үшін, түйсіну үшін сапалы аудармалар мен сауатты аудармашылардың санын көбейту керек. Біздің әдебиетіміздің Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік ке­ңістіктегі алар орны зор. Сол қасиеті мен қадірін нығарлау үшін, айқын таныту үшін аударманың биік деңгейде болғаны жөн.

 

Мерей ҚАРТ,

Қазақстан Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының төрағасы