28 Ақпан, 2013

«Ұрпақ қоры» демографиялық әлеуетті қолдайды

517 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ұрпақ қоры» демографиялық әлеуетті қолдайды

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:21

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ана мен баланы қолдауға айрықша көңіл бөлінген. Тұтас бір елдің даму сипаты мен бейнесін ұзақ жылдарға айқындайтын аса маңызды бағдарламалық құжатта мемлекеттің саяси-демографиялық және гендерлік саясаты аталып қана қоймай, оған басым мән берілгенін көрсететін осындай оқиға жаңа тарихта болмаған шығар.

 

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:21

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ана мен баланы қолдауға айрықша көңіл бөлінген. Тұтас бір елдің даму сипаты мен бейнесін ұзақ жылдарға айқындайтын аса маңызды бағдарламалық құжатта мемлекеттің саяси-демографиялық және гендерлік саясаты аталып қана қоймай, оған басым мән берілгенін көрсететін осындай оқиға жаңа тарихта болмаған шығар.

Бұл – ХХI ғасырдағы еліміздің көшбасшылық міндетін шешудің прагматикалық және көрегендік тәсілі. Өйткені, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, елдің қазіргі өмірінде қолда бар жоғары демографиялық өсім мен дамыған адами әлеует кез келген әлеуметтік шиеленіс пен катаклизмге ойдағыдай қарсы тұра алады. Олар барлық салаларда ғажайып орнықтылық пен серпінді өсімге жетелейді.

Елбасының бастамалары арқасында көп балалы болуды мемлекеттік қолдау жөніндегі шаралар іске асырылуда. Бала күтімі бойынша демалыстағы аналарға жүктілігі бойынша жәрдемақы төлеу, әсіресе, бала тууға байланысты біржолғы төлемақының үдемелі межелігі (балаға 30 ең аз есептік көрсеткіштен 50 АЕК-ке дейін немесе төртінші және одан кейінгі балаға 93 мың теңге) және төртінші балаға 8,5 АЕК-ке дейінгі мөлшерде бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем озық жоба болды.

Біздің Солтүстік Қазақстан облысы үшін осы мәселе айрықша өзекті. Өйткені, соңғы 20 жыл ішінде облысымыз бала туудың республикалық рейтингінде көштің соңында келеді. Көп ретте бұл халықтың табиғи өсімінің кемуімен және тұрғындардың, әсіресе, жастардың өңірден тыс жерлерге көптеп кетуімен байланысты болды. 2000 жылдан бас­тап облыс халқы 716 мың адамнан 576 мың адамға дейін, яғни 20 пайызға қысқарды.

Осы түйінді шешу үшін 2010 жылдан бері облысымызда 2010-2014 жылдарға арналған «Ұрпақ қоры» өңірлік бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша төртінші және одан да көп бала туған отбасылардағы әр балаға 160 АЕК мөлшерінде дербес депозит шотын (2013 жылғы 1 қаңтардан – 300 мың теңге шамасында) төлеу қарастырылған. Сондай-ақ, ол бала асырап алған кезде де қолданылады. Кәмелеттік жасқа толғанға дейін жыл сайынғы 10 пайыздық мөлшерлемеде капиталдандыру арқылы бұл сома 10 мың доллардан асуы мүмкін. Ал, «Білім беру жинақтары туралы» Заңның қабылдануына байланысты қолда бар пайыздық мөлшерлемені тағы 7 пайызға ұлғайту мүмкіндігі пайда болады.

Осылайша, көпбалалы шаңы­рақтағы әрбір жеткіншек дербес өмірге қадам басқанда бұл отбасы үшін елеулі жәрдем болмақ. Әсіресе, отбасын құру, жоғары білім алу және жеке тұрғын үйге салатын алғашқы жарна үшін едәуір салым қажет болғанда жақсы көмек болары анық.

Осындай шараларды қабылдау нәтижесінде өңірде бала туу 10 пайызға артты, ал, облыс республикалық рейтингте 2011 жылы Қостанай облысынан, ал 2012 жылы Алматы қаласынан озып, екі сатыға жоғары көтерілді.

Өңір үшін «Ұрпақ қоры­ның» макроэкономикалық қайта­ры­мының маңызы да кем емес – банктердегі салымдардың өсуі­­ шағын және орта бизнес­ ин­вестициясының өсуіне, банк­тер­дің өздерін қаржылай қолдауға жәрдемдеседі.

Облыста іске асырылып жатқан «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бірегей емес екенін атап өткім келеді. 1970-жылдардың аяғынан бастап АҚШ-та көп балалы болуды салықтық ынталандырудың ұқсас бағдарламасы қолданылып келеді. Оның авторы, 1992 жылы бала туудың экономикалық тео­риясы үшін Нобель сыйлығын алған америкалық экономист Гэри Беккердің айтуынша, бала туу көрсеткіші бала өсіруге жұмсалатын барлық шығынды жабатындай экономикалық пайдасы бар жерде жоғары болады.

Нобель лауреатының көз­қа­расын іске асырудың арқа­сын­да соңғы 30 жыл ішінде АҚШ дамыған елдер арасында бала туудың ең жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Көп балалық америкалықтардың ұлттық сипатының айрықша ерекшелігі емес, экономикалық ынталандырудың жемісі болып табылады. Салық жеңіл­дік­тері бірінші кезекте бай аме­рикалықтар мен орта топ арасында бала тууды көтермелейді, олардың көлемі бала тәрбиесіне жұмсалатын барлық шығынды жабады. АҚШ-та бала асырап алуға сұраныстың жоғарылығы сонша, балалар үйінің тәрбие­ле­нушілері жоққа жуық, ал америкалықтар көптеген елдерде халықаралық деңгейде бала асы­рап алу бойынша көшбасшы болып табылады.

Ал Еуропадағы бала тууы ең жоғары ел – Францияда «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді, ол да көп балалы отбасыларға арналған. Бала тууды ынталандыру жөніндегі жалпы мемлекеттік саясат аясында бұл бағдарлама көп балалы отбасыларға субсидиялар мен жеңілдіктер ұсынады. Көп балалы отбасыларға салықтық жеңілдік беріледі. Әрбір келесі бала салық салынатын базаны кемітеді, оларда 4 баласы бар отбасы салықты мүлдем төлемейді. Жеңілдіктер бай-қуаттылығына қарамастан, барлық азаматтарға, тіпті, миллионерлерге де жасалады.

«Ұрпақ қоры» бағдарламасы аясында Петропавлда 2012 жылы Экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) орталығы ашылды. Бұл ана болу бақытын сезіну мүмкіндігін, соның ішінде ересек әйелдер үшін де, айрықша кеңейтті. Осындай орталықтарда өмірге енгізілетін ғылымның заманауи жетістіктері бұрын біз үшін шешімі жоқтай болып көрінетін проблемалардың түйінін тарқатуға мүмкіндік берді.

Бұл шетін салада көптеген мә­селелер әлі шешімін күтуде. Ор­­талықтың жұмыс істеген ал­ғашқы айында-ақ ЭКҰ-ға сұра­ным облыс­а бар бюджеттік мүм­кіндіктен асып түсетіндігі бай­қал­ды. Осы міндетті шешудің ха­лықаралық тәжірибесіне жү­гіне­тін болсақ, мысалы, Израильді алсақ, онда әйелдің бала туу құ­қығы заңнамамен бекітілген, көптеген жағдайда ЭКҰ-мен бірінші бала туғанға дейін бала тууға қабілетті жастағы әйелдер үшін мемлекет есебінен еш шек­теусіз қамтамасыз етіледі. Біздің облыс­та осы тәсілді қолдану ар­қылы бала туудағы ЭКҰ-ның үле­сі 5-6 пайызды құрауы мүмкін.

Бала туу міндетін табыс­ты шешу – Әйелдер ісі және от­ба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық және об­лыстық комиссиялар қызметінің стратегиялық маңызды бағыт­тары­ның бірі екені сөзсіз. Ұлттық комиссияның бастамасымен және Қазақстан Үкіметінің қолдауымен «Ұрпақ қоры» бағдарламасын пайдалану жөніндегі ұсыныс бірінші кезекте бала туу көр­сет­кіші төмен өңірлерге жолданды және ол ана мен баланы қолдаудың қолданыстағы тетіктерімен қатар мұқият бақылауға алынатын болады.

Бүгін болашаққа қаржылық жоспар құруда әрбір отбасыға көмек көрсету – маңызды мемлекеттік қызмет екенін айқын түсінушілік бар. Өйткені, сенімді қаржылық жоспар – жеткіншектердің болашақта білім алуына, еңбек жолымен өсуіне, баспанасының болуына сенімділігі деген сөз.

Жаһандық қаржылық дағда­рыс жағдайында демографиялық әлеуетті инвестициялау – ешқан­дай девальвацияға ұшырамайтын ең сенімді әрі табысты актив екені түсінікті. Адам ресурсы бойынша көшбасшылық – еліміздің жаһандық бәсекелестікке төтеп беруінің және табысқа жетуінің кепілі.

Фархад ҚУАНҒАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары,

облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және

отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі

комиссияның төрағасы.