Аймақтар • 31 Тамыз, 2019

Түркістан: Конституция күніне орай 660 отбасы баспаналы болды

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласының «Отырар» ықшам ауданында салынған 5 қабатты 11 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Бір бөлмелі 165 пәтер, екі бөлмелі – 165 және 3 бөлмелі 330 пәтер ел игілігіне беріліп, 660 отбасы қоныс тойын тойлады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандық отбасыларға пәтер кілтін табыс етіп, Конституция күнімен құттықтады.

Түркістан: Конституция күніне орай 660 отбасы баспаналы болды

Сөйтіп, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік аз қамтылған және тұрғын үйге мұқтаж санатына жататын азаматтар баспаналы болды.
Қуанышты шараға жиналған көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Айта кетелік, жыл соңына дейін тағы да қала тұрғындарына 5 қабатты 9 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Мерекені, яғни Конституция күнін түркістандықтар ерекше көңіл күймен өткізді. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында айтулы күнге арналған «Тәуелсіздік тірегі - Ата заң» атты салтанатты іс-шара өтті. Облыс әкімі Шөкеев Өмірзақ түркістандықтарды мерекемен құттықтап, Ата Заңымыздың қабылданып, қолданысқа енген 24 жыл ішінде еліміз барынша қуатты, экономикалық даму үдерісін алға қойған, саяси тұрақты мемлекет құруда орасан зор жетістікке жеткенін атап өтті. «Ендеше оның маңыздылығын арттыру, Ата Заңның аясында аянбай еңбек ету – мемлекеттің қарыштауына қосқан үлесіміз болып табылады. Барлықтарыңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріңізге – жеміс, жанұяларыңызға жақсылық тілеймін!» - деді Өмірзақ Естайұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі еңбегімен үздік атанған қызметкерлерге Алғыс хаттар мен Грамоталар тапсырды. Мерекелік жиында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының әншілері, «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Тұмар», «Қазына», «Бисұлтан» би ансамбльдерінен құралған 150-ден аса өнерпаздар өнер көрсетті.

 

Түркістан облысы.